41 КҮН ЖАНҒАН АЛАУ немесе ҰЗАҚ БАТЫР ҚАЛАЙ АТЫЛДЫ?
Ұйтқылы Саурық батыр болған екен,
Қалмақты заманында алып өткен.
Баласы Саурықтың Ұзақ батып,
Өртеніп Қарақолда жанып өткен.
(Шежіре. Албан ата балалары кітабынан. 2001 жыл).
Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» кітабының бас кейіпкері Ұзақ батырдан тараған ұрпақтар бұл күнде аз емес. Солардың бірі – Ұзақтың Әбен деген ұлынан туған Мұқаметжанның баласы Қанатбек қария.
Жасы 70-тің белортасына келген Ұзақтың шөбересі Алматы облысы Райымбек ауданы Сарыбастау ауылында тұрады. Ол кісі өмірден көп қиындық көріп, талай ауыртпалықты басынан кешірген. Бала кезінде үлкен аталарынан көп әңгіме естіпті. 1916 жылғы Қарқара көтерілісінен кейін ақ патшаның жазалаушы отряды Ұзақ батырдың бала-шағасын да аямаған. Әкелерін Қарақол түрмесінде өлтірген соң, отбасына да тыныштық бермепті. Осыдан кейін батырдың ұрпақтары үріккен елмен бірге шекара асып, Қытайға кеткен. Кейін қайта оралғанда Кеңес өкіметі байдың тұқымы деп абақтыға да қамап, тергепті. Одан әрең құтылғанда ашарлық кезінде қайтадан Қытайға кетіпті. 1959 жылдары Ұзақтың тұқымдарының біразы атамекеніне оралса, біразы Қытайда қалған. Сол бір аласапыранның алғашқы жылдарын көзімен көрген Ұзақтың Оман деген баласы немересі Қанатбекті жанынан тастамай көп әңгіме айтыпты.
– Көтерілістен кейін ақ патша әскері қалың елге қырғидай тиеді. Олардың қаһарынан қорыққан ел сай-салаға тығылып, тау-тасты сағалаған. Көп ел дүркіреп, Қытайға ауғанда, біздің ауыл да солармен бірге көшіп, алдыңғы көшті апарып келген. Онда өзімнің Әбен атам Бөрібасыда отырып, енді көшеміз дегенде, он жылдай бала көтермей жүрген шешеміздің аяғы ауыр болғандықтан көшпепті. Оның үстіне, шешеміздің толғағы келіп, Айғыржалдағы елден Текестен казактардың жазалаушы отрядтың шыққаны туралы хабар да жетіпті. Үйде анамыздың амандығын тілеген ағайын-жұрт және атамның Жәмеңке болыстың баласы Сыдыққа тұрмысқа шыққан әпкесі де болыпты. Жазалаушы отряд келе жатқанын көрген әйелдер атама: «Сен де басыңа орамал сал, жағдайды көргенде әйелдерге тиіспес» десе, оған атам көнбей, «маған не істер?» деп еш қауіп ойламапты. Отряд келе сала үйді тінтіп, астаң-кестеңін шығарып, толғағы келіп жатқан шешемізге тимей атамды атыпты. Үйдегі етікшіні де атқан. Ол біздің ауылдағы прораб Есжанның әкесі екен. Оқ тиген етікші қырылдап-сырылдап, «ойбай, молдеке, иман сала кет» деп айғайлай берген. Атам жансауғалап, үй жанындағы қозы күркеде тұрған құрым киізге оранып тығылған. Жазалаушылар істерін тындырып, енді аттанғалы жатқанда, етікші «молдеке, молдеке, иман сала кет, иман сала кет» деп қоймаған соң, атам: «Өй, тоқтай тұршы, сен емес, өзімнің жаным кәпірден әрең қалғанда» дегенде, отряд командирі атамды тауып алып, «мынау әлі тірі жатыр екен» деп алты-жеті жерден найзалап кетіпті. Қанға боялған атамды әйелдер жылап-сықтап, толғатып жатқан шешеміздің жанына жатқызады. Шешеміз осы кезде аман-есен босанып, көптен күткен нәрестелі болыпты. Үйде өзіміздің жақын туысқан Мұқамәди қарияның шешесі, Саламаттың әйелі болыпты. Ол шешеміз қуанғанынан:
– Қайным, қайным, сүйінші, келін ұл тапты! – дегенде атам есін жиып: «Сүйінші болса, ана менің мініп жүрген атымды ал. Әкелші, көрейін, өтірік пе, шын ба? – деп басын көтереді. Баланың ұл екеніне көзі жеткенде: «Ей, Әсемжанды шақыр, Әсемжанды. Қанға оранып туған атаңды ұрайынды мұздатпай бағып алыңдар» деген сөзді айтып жүріп кеткен. Әсемжан – атамның әпкесі, Жәмеңкенің келіні. Атам сонда бар болғаны 37 жасқа келген кезі екен. Улап-шулап қалған біздер әкем, екі шешем, атамның екі қарындасы бесеуі аз күннен кейін Қытайға өтіпті.
Әбен атамен бірге туған Оман атам мені жақсы көретін. Ес біліп, ержетіп қалғанымда атының артына мінгестіріп алып: «Саған айтар әңгімем бар. Сенің басың үлкен, тыңдайсың» дейтін. Онда біз Қытайдағы Қарашоқы деген жерінде отырушы едік. Бұл шамамен 1949 – 1950 жылдары. Атамның сондағы айтқаны күні бүгінге дейін есімде. Қазір ойласам, атам сол әңгімесін кейінгі ұрпақ білсін деген ниетпен айтқан-ау деп ойлаймын.
«1916 жылдың күзі еді. Әкеміз Ұзақ айдалып кетіп, Қарақолда мерт болды. Қалың ел бар жақсысынан айырылып, не істерін білмей қалған кез. Біздің жылқышылар жылқыны Сарыжаздың Күншығыс жағындағы Төтенің асуына салатын. Олар тамаққа кеткен. Күн батарда Нарынқол жақтан екі шерік келіп, лау дейді. Лау дегені – өкімет адамына баратын жеріне ат дайындап беретін жұмыс. Оған ешкім қарсы шықпайды. Біз екі айғырды дайындап, мен лаушы болып ілестім. Олар Қарақолды бетке алды. Күн суық. Таң атып, күн шыққанда Қарақолдың басына іліктік. Екі адамның бірі көшенің басында қалып, аттың ертоқымын сыпырып алды да, арқанмен ноқталап берді. Екіншісімен көше бойлап келе жатқанымызда, орта жолдан бет әлпеті сары, көзі көк бір адам мені тоқтатты.
– Кім боласың? – деді.
– Ұзақтың баласымын, – дедім. Ол сәл тоқтап тұрды да, өте шықты. Екінші шерікті көшенің аяғына тастап, екі айғырды ноқталап, кері қайтқанмын. Қайтар жолда әлгі жолыққан адамым көк дарбазалы үйдің алдында тұр екен. Оны көріп зәрем кетті. «Неге Ұзақтың баласымын дедім. Енді құритын болдым» деп ойым сан саққа жүгірді.
– Ей жігіт, бері тарт, бері, – деді көк дарбазасын ашып. – Кір! – Өлген жерім осы екен ғой деп, қорқа-қорқа ішке кірдім. Қорқыныштан буын-буыным қалтырап, аттан түстім. Үсті басым ақ қырау, күн болса сондай суық.
– Қонақүйге жүр, мен орыс емеспін. Орыс деп қорқып тұрсың ба? Әлхамдулиллах мұсылманмын, татармын. Астыңдағы атыңнан Саурық таңбаны көріп тоқтаттым. Саған айтар біраз әңгімем бар. Әкең Ұзақты атқанын көзбен көргенмін. Онда патшаның әскерінде қызмет жасап, қызылдардың жансызы едім, – дегенде үйдің есігі ашылып, әйел шықты.
– Үйге кіріңіз, – дегеніне батылым жетпей тұрып қалдым. Мұрныма дәмді астың исі келді. Әйел үстімдегі ішікті алып, бетаузымдағы ақ қырауды қолымен қақты.
– Қария мұздап кетіпті, төрге шығыңыз, деген соң амалсыз жоғары шықтым. Аз уақыттан соң піскен манты келді.
– Тамақ ал батыр Ұзақтың баласы екенсің. Сондықтан сені тоқтатып, кейінгілерге айта жүрсін деген ниет қана менде. Көтерілістен кейін Қарақолдың түрмесі толды. Ақ патшаға қарсы шыққандардың бәрі абақтыда. Бір күні абақтыны май құйып, өрттеу керек деген бұйрық болды. Жанармай да дайындалды. Бір камерада 40-тай адам жатты. Оны өртеу бұйрығы күн батқаннан кейін іске асыру керек болатын. Бірақ жағдай басқаша болып, өзгерді. Шам намазы кезінде абақтының есігін іштегілер бұзып, сыртқа шыққан. Азан-қазан болған дауыстан атыс болып, күзетшілер оларды оқтың астына алады. Көбі қырылып, қашуға мұршаларын келтірмеген. Қашқандар биік дуалға жармасқанда, көбі оққа ұшыпты. Атыс біраз уақыт алды. Кеш болғанда атыс тоқталып, абақты жағдайы тәртіпке келді. Өлген адамдарды тексеріп, түгендегенде Ұзақ пен Әубәкір және тағы бір адам жоқ болып шықты. Қашқандарды шұғыл іздестіру әрекеті жасалды. Ұзақ пен Әубәкір атыс кезінде дуалдан асып қашқаны анықталып, іздестіру жұмыстарымен айналыстық. Қаланы тінту шаралары жүріп, әскерлер жан-жаққа іздеуге кетті. Іздестіру жұмысы жалғасып жатқанда бір сарт: «Сіздер іздеген Ұзақ біздің үйде, бір өкшесіне оқ тиіпті. Жаралы болғандықтан жолдасы Әубәкір әкеп тастап, кетті. Ұзақ оған елді аманаттап тапсырды. Өлмесем артыңнан барамын дегенді айтты» деді. Мұны естіген түрме бастығы: «Алып келіңдер, батыр, батыр деуші енді көрелік оны» деп алты әскерді сарттың үйіне жіберді. Біз жаралы Ұзақты арбаға отырғызып, алып келдік.
– Сен кімсің? – деді түрме бастығы.
– Мен Ұзақпын!
– Сен Ұзақ болсаң, қазақ-қырғыз Қытайға қашты. Жаныңа мың әскер қосып беремін. Қашқан елді қайтарып кел, – деді.
– Ханды құдай ұрса, қарасымен атысады деген. Сұрап тұрған сендер елді қайтара алмасаңдар, абақтыда жатқан Ұзақ қайдан қайтарады.
– Олай болса, жаныңа әскер қосып береміз. Жердің жағдайын білесің. Елді қайтар, өзің аман қаласың, – деді
– Жоқ, – деп Ұзақ кесіп айтты. Түрме бастығы бұл сөзін бірнеше рет қайталап, әкеңді көндіруге тырысты. Бірақ әкең айтқанынан қайтпай, қайсар мінез танытты. Ұзақ көнбеген соң, бірімізге ат деп бұйрық берді. Бірақ оқ тимеді. Түрме бастығы әкеңе жақын барып, наганымен маңдайынан атты. Әкең сағын сындырмай өлді. Біз осыдан кейін жағдайға байланысты әскери тапсырма алып, сақтық шарамен жүрдік. Кешке қарай апақ-сапақ уақытта Ұзақты атқан жерден өткенімізде оның өлігінен лапылдап от жанғанын көрдік. Қайран қалып, «өлік жанып жатқан ба?» деп ойладық. Бірақ өлік сол қалпында екен. Сонда барып Ұзақтың тегін адам еместігін білдік. Әкең атылғаннан кейін сол жерде үш күн жатты. Үш күннің кешінде де батырдың өлігінен от шығып жатқанын көрдік. Біз ол оттың қайдан шығып жатқанын білмедік. Үш күнінен кейін қаладағы өліктерді жинауға бұйрық шықты. Оның үстіне, өліктер иістеніп кеткен еді. Өлікті жинап жүріп, Ұзақ өлігін алғанымызда, ол сол қалпында жатыпты. Аяқ-қолынан ұстап арбаға салдық та, жардан құлаттық. Әкеңнің қасиетті адам екенін сол кезде бізбен бірге болған әскерлер де көрді. Содан кейін «батыр қай жерде қалды екен, неге от жанды?» деген сұрақ бәрімізде болды. Арадан аз уақыт өткенде өліктер тасталған жерге кешке қарай барып, «батырдың беті ашылып қалмады ма?» деген оймен біраз іздедік. Сонда өлік көмілген жердің бір шұңқырынан оттың лапылдап жанғанын көріп, таңғалыстық. Иә, әкең бекер адам емес екендігін біз сонда тағы ұқтық.
Сол от 41 күн жанды. Содан кейін ғана сөнді. Мұны Қарақолдың елі де көрген. Осыны саған айтайын деп әдейі тоқтаттым. Мұны кейінгі ұрпағыңа айтарсың, олардың да білгені жөн. Осы үшін өзіңді бөгедім. Енді тамағыңды ішіп ал да, айғырларыңды жетектеп кете бер, – деді. Мен не дерімді білмедім. Әкем туралы әңгіме айтқан сол татарға сонда неге бір айғырды тастап кетпедім? Ол маған опа болды ма? Бұл жаққа кейін бір шабдар байталмен келдім. Сен де осыны ұғып ал балам, – деп Оман атам біраз әңгіме айтқан. Онда мен жеті-сегіз жастағы ойын баласымын. Оман атам ол кезде шамамен 40-тың мол ішіндегі кезі. Кейін Ұзақ атамды ұстап берген Мәтнияз деген саудагер ұйғыр екенін ел анықтаған. Ол батыр атамның үйіне талай келіп, дәмдес-тұздас болыпты. Ұзақ та оның Қарақолдағы үйіне түсіп, дәм татқан және сыйласқан. Атыс болғанда Әубәкір өкшесіне оқ тиген Ұзақты тастамай ала қашып, біраз жүргенде: «Сен елге бар. Мен тірі қалсам, артыңнан барамын. Өлсем көресіңдер, мені дос ағайын сарттың үйіне апарып таста, өзіміз тамақ ішіп жүрген» деген соң, Әубәкір Ұзақты сонда жеткізген екен. Ұзақ батырды ұстап берген Мәтнияздің сатқындығын білген Қарқара көтерілісінің жігіттері кейін оны өлтіріпті.
Жексен АЛПАРТЕГІ
Abai.kz