АҚШ Мемлекеттік хатшысы Керри Савченконың босатылуын қолдады
АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джон Керри украин ұшқышы Надежда Савченконың босатылып, Ресейден отанына қайтарылғанын қолдады.
Керридің мәлімдемесінде Савченконың босатылуы "Ресейдің Минск келісімін орындаудағы маңызды қадамдарының бірі" деп атады. Мемлекеттік хатшы Мәскеуді келісім аясындағы өзге де міндеттерді орындауға шақырды. Атап айтқанда — тұтқындар мен кепілге алғандарды босату, Донецк пен Луганск облысынан әскерді шығарып, Украинаны шекарасын толық бақылауға қайтарып алуына мүмкіндік беру. Керри сонымен бірге Украина билігінің терроризммен айыпталып, сотталған екі ресейлік әскерді босатуын да құптады.
Батыстың өзге елдері де Савченконың еліне қайтарылғанын қош көрді. Еуропалық одақтың сыртқы саясат мекемесінің басшысы Федерика Могерини Савченконың босатылуын "көп күткен жақсы жаңалық" деп атады. Германия СІМ Франк-Вальтер Штайнмайер Савченконың отанына оралуына байланысты "қуаныш пен жеңілдік" сезімінде екенін, бұл мәселеде өте көп жұмыс істегендерін жеткізді.
Украина президенті Петр Порошенко Киевтегі резиденциясында Савченкомен бірге шығып жасаған мәлімдемесінде Құрама Штаттар мен Еуропалық одақты Савченконы босатуға көмектескендері үшін алғысын білдірді.
Ресей президенті Владимир Путин украин ұшқышына рақымшылық жасау туралы бұйрық шығарған сәттен, ол бостандыққа шығарылды. Украина президенті сол күні Ресейдің екі азаматы Евгений Ерофеев пен Александр Александровқа рақымшылық жасады. Олар да отандарына оралды.
Абай-ақпарат