Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 6739 0 пікір 25 Мамыр, 2016 сағат 11:22

БІР СҰРАҚҚА ЖАУАП АЛУ ҮШІН 1 АПТА КҮТЕМІЗ БЕ, МИНИСТР МЫРЗА?

Жақында Қазақстанның жаңадан тағайындалған энергетика министрі (есім-сойы ел-қауымға әкімдіктегі қызыметі арқылы етене таныс) Қанат Бозымбаев журналистерге қазақ тілінде сұхбат беруден бас тартыпты.

Baq.kz жариялаған ақпаратқа сүйенсек, Астанада өткен баламалы энергетика бойынша I саммитте экс-әкім, ендігі министр Қанат Алдабергенұлы «энергетика саласында терминдердің көптігінен, қазақ тілінде айтуым қиын» деп, қиылып тұрып, ресми тілге жүгініпті. Өзінің сөзі екен: «Бұл салада терминология көп. Сондықтан мен орысша сөйлейінші?..» Ондағы қазақ тілді журналистер министр мырза жалынған соң, қарсылық танытпаған. Содан әрі қарай Қанат Алдабергенұлы сұхбатын ресми тілде жүргізген.

Осы мәселенің анық-қанығын білейік деп, біз ҚР Энергетика министрлігіне хабарластық. Министрмен байланыс орната алмағанымызбен, Қанат Алдабергенұлының қабылау бөлмесіндегі хатшы қызбен тілдестік.

-Біз  «Abai.kz» порталынан хабарласып тұрмыз, Қанат Алдабергенұлымен тілдессек деп едік.

-Ол кісі қазір бос емес, не мәселе бойынша сұрақтарыңыз бар еді?

-Қанат Алдабергенұлы жақында журналистерге қазақ тілінде сұхбат беруден бас тартыпты. Осының себебін сұрайық деп едік, мүмкін біз бос даурығып отырған шығармыз... Министрдің өз айтары бар шығар?..

-Бұл мәселемен біздің министрліктің баспасөз қызметі айналысады. Сол жаққа хабарлассаңыз дұрыс болады.

-Бізге баспасөз хатшысы емес, министрдің бір ауыз сөзі керек. Елбасы ашық саясатты өткен жолы ғана айтты емес пе? Министрдің қазақ тілінде сұхбат беруден бас тартқаны рас па?

-«Мына нөмірге» хабарлассаңыз, барлығын түсіндіріп береді (хатшы қыз бізге баспасөз қызметінің нөмірін ұсынды)

-Жақсы...

-Айтпақшы, ол жаққа келер аптада хабарласқаныңыз жөн. Қазір олардың қолдары тимейді. Сондықтан, бүгін-ертең олар мүлде жауап бере алмайды. Келер аптада хабарласыңыз...

-Келер апта? Қалжыңдап отырған жоқсыз ба?

-Олар қазір сізге жауап бермейді бәрі-бір (қатулы үнмен).

-Жақсы түсінікті, кешіріңіз, сіздің аты-жөніңізді білсем бола ма?,-дегеніміз сол-ақ екен, телефон тұтқасын қоя салды. Қанат Алдабергенұлының қабылдау бөлмесіндегі телефон арқылы тілдескен соң, хатшысы болар деп топшыладық.

Айтпақшы, жаңағы хатшы қыздың берген екі нөміріне де хабарласып ек, «ләм-мим» деген жауап болмады.

Министр Қанат Бозымбаевтың қазақ тілінен бас тартып, ресми тілге жүгінгендігінің рас өтірігін ашып айтар энергетика министрлігінде тірі жанның табылмағаны өкінішті, әрине.

Десек те, Бозымбаев - мемлекеттік тілде сөйлеп, мемлекеттік тілде қойылған журналистердің сауалына жауап беруді қиынсынатын Ақорда төңірегіндегі шенділердің біріншісі емес. Бір қызығы: өзге мемлекеттің тілінде қойылатын сауалға құлшына жауап беретін ақ жағалы ұлықтың соңы да Бозымбаев емес. Сонысына қарағанда, осы кісілер қай заманда, қандай елде, қандай елдің  Үкіметінде лауазымды қызмет атқарып жүргенін білмейтін болса керек...

Айсұлу Тұрсынбаева

Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394