"ҚАРАБЕТ МЕНТ ҚАПТАСА, "САРЫ АЛМАЗ" ӘКЕҢДЕЙ КӨРІНЕДІ"
2016 жылдың 5 қыркүйегінде, Алматы қаласындағы Абай даңғылы мен Әуезов көшесінің қиылысында орын алған ұсақ заң бұзушылығы туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ғаламтор порталына хабар бердім. Әлі күнге дейін ешбір жауап қайтарылмаған. Бұндай мерзім ішінде, кәдімгі министр түгіл үкімет басшысының интернет-парағы қандай болса да жауап берер еді. Осыған орай, тілі ащы «Саяхат» әуе компаниясының президенті Владимир Куропатенконың тікбақай сөздерін еріксіз еске аламын. Бір күні, ағалық өсиеті ретінде Владимир Васильевич маған зеки жаздады: «Уәдесінде тұрған ментті қайдан көрдің?!» Расында, жоғарыда келтірілген мысал баяны жоқ «әділет» нөкерлерінің берекесіздігін тағы бір рет әшкерелеп отыр.
Сонау 2000-шы жылдардың басында, «Хабар» телеарнасының «Жетпіс жеті күн» әзіл-сықақ бағдарламасы милиционерлерді мазақтап, олардың бас мекемесін «ішкіштер министрлігі» деп атады. Әрине, қазіргі таңда орталық теледидардың әртістері дәл осындай өткір қалжыңдарды айтуға бата алмайды. Себебі, аталған министрлік экстремизм желеуімен еркінсіп кеткен телеарнаны жапқызып тастауы да мүмкін. Иә, бүгінгі таңда да патшалық охранканың, ГУЛаг-тың ізбасарлары дәуірлеп тұр. Өзіңіз ойлап қараңызшы, соңғы екі-үш жыл ішінде еліміздің күштік құрылымдарында бірнеше кадрлық, жүйелік өзгерістер орын алды: бас прокуроры ауысты, президент күзетшілерінің бастығы мен осы мекеменің дәрежесі өзгерді, үрей туғызатын қауіпсіздік комитетінің де төрағасы екі рет ауысты... Ал, кезінде «ішкіштер министрлігі» ретінде ажуаланған милиционерлердің ордасы тасқамал бекіністей мызғымас тұр. Ол ол ма, адуынды «тәртіп» сақшылары төтенше жағдай министрлігін де өз құрамына кіргізді. Әйтеуір, егер ақыр соңында олардың арасынан киргиз-кайсактардың сорына туған қазақстандық Пиночет шықса, таң қалмаңыз.
Осы ойды әрі қарай өрбітсек, келесі тұжырымға келмекпіз: президенттен кейін еліміздегі екінші адам – бас милиционер. Келесі сілтемеге http://bit.ly/2coNAfv сүйенсек, 2014 жылдың 10 қаңтарынан бастап «тәртіп» сақшыларының саны 152 184 қызметкерге жетті. Олардың саны ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлерінен бес есе көп, ал қорғаныс министрлігі сарбаздардың саны бойынша милиционерлерден екі жарым есе кем боп шықты. Әрине, халықтың саны кішігірімдеу Қазақстан сияқты мемлекет үшін шамадан тыс кеткен милиционерлердің көлемі – өте ауыр тиеді. Мысалы, 1938 жылы КСРО тәріздес алып империясының қауіпсіздігін қамтамасыз еткен НКВД жасақтарының саны небәрі 280 826 қызметкерлеріне жетті – http://bdsa.ru/организация-армии/1411-1084 Олардың қатарына, сол кездегі 190 миллион тұрғындары бар КСРО-ның бүкіл шекарашылары мен ішкі әскерлері кірді. Оған қоса, қазақстандық милиционерлердің халық көтерілістерімен күресудің нақты тәжірибесі баршылық: Шаңырақ, Жаңаөзен...
Ал, қазақстандық ойыншық қорғаныс министрлігінің мүмкіншіліктері шектеулі. Қазақтың Огнеупорный елді мекені 2005 жылы Ресейдің құрамасына өткенде, біздің әскерилердің тарапынан солтүстік озбыр көршіміздің бағытына бірде-бір оқ атылмады. Балқаш көлінің жағалауында орналасқан орыс радиолокациялық станциясына кез келген қазақ азаматының кіруіне тыйым салынған. Егер АҚШ пен Ресей арасында толыққанды соғыс басталса, әлгі Балқаш РЛС-і американдық атом бомбалары үшін басты нысаналардың бірі саналады. Демек, бейбіт еліміз агрессор көршіміздің есуас сыртқы саясатының тұтқынына айналды. Міне, біздің сарбазсымақтарымыздың мүшкіл жағдайы осындай. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің де жалпы дәрежесі тоқ етерлік деуге аузым бармайды. Негізгі табиғи байлықтарымыз, тиімді өндірістеріміз шетелдердің меншігіне өтті. Шекарамыз наркотрафик үшін толығымен ашылған. Қайдағы ұлттық қауіпсіздікті, мемлекеттік құпияларды айтасыз?!
Жә, Астанадағы милиционер жандаралдары түгіл жергілікті деңгейдегі «тәртіп» сақшылары құтырып тұр. Мысалы, Алматыдағы аудандық ішкі істер басқармалары қатаң түрде күзетіледі. Қарапайым адам үшін әлгі басқармаларға кірудің өзі мұң. Бұл, әрине, барып тұрған бассыздық. Өйткені, аудандық ішкі іскер басқармасы – құпиялы әскери база емес. Ол қоғамға қызмет көрсетуі үшін арналған ұйым. Автоматы, тапаншасы бар қатыгез милиционерлер қорғайтын бұндай басқармалар неміс басқыншыларының комендатурасын елестетеді. Әрине, гитлершіл жендеттер белорус, украин партизандарынан сескеніп, өз оккупациялық мекемелерін қатаң түрде күзетті. Бірақ, алматылық милиционерлер қандай партизандардан үрейленеді? Бұқара халық тіпті травматикалық қару-жарақты иеленуге құқылы емес.
Қазақтың көрнекті кәсіпкерлері де «тәртіп» сақшыларының әрекеттеріне өз наразылығын танытады. Мәселен, 2009 жылдың басында көпір салушысы Александр Рязанов нашаның салдарынан қаза тапқан баласы Валентиннің асын берді. Қаралы жиынның алдында сөз сөйлеген Александр Владимирович ашықтан-ашық былай деді: «Милиционерлер бір қолымен нашамен күреседі, екінші қолымен оны таратады». Түрік мәдени орталығының жетекшісі, ұлты әзірбайжан саудагер Зиятдин Исмиханұлы Қасанов қазақ жерінде апиын қапқанына түскен жас қандастарының мүшкіл халін былай сипаттады: «Біз өскелең ұрпағымызға нашақорлықтың кесірі туралы үнемі айтамыз. Алайда, кейбір нашақор боздақтарымыз осы қылмыстық әдет үшін қамауға алынса, пысықай милиционерлер түрменің өзінде бишара нашақорларға апиынды тұрақты түрде тасымалдайды».
Халқымыздың заңды талаптарынан туылған Алматыдағы бейбіт шерулерді шетел дөкейлерінің мүдделерін қызғыштай қоритын «тәртіп» сақшылары аямай жаншып тастады. Тіпті, өз саяси ұстанымын айтқысы келетін қатардағы қазақ кемпірі мен жарымжан ер азаматын былқ етпей тұтқындады «қытай полициясы»: http://www.dropshots.com/video.php?u=http%3A%2F%2Fmedia6000.dropshots.com%2Fphotos%2F1294339%2F20160922%2F133406.mp4 Қазақстандық полицияның сана-сезімі өсті. Погон киген қазақстандықтар мәскеулік ағаларының сенімінен шығуда. Атап айтқанда, Кенесары Қасымовтың көтерілісін патшалық Ресейдің төл жасақтары жаншып тастады. Желтоқсан жастарын да өзге жұрттың жасауылдары ретке келтірді. Енді, қазақстандық қара Ивандар ерледі! Шаңырақ қақтығысы, Жаңаөзен қантөгісі барысында солтүстіктегі ағаларын мазаламай, лағып кеткен киргиз-кайсактардың тас-талқанын шығарды. Міне, "ішкіштер министрлігі" импорт алмастыру бағдарламасын өзінше орындап, отандық «әділет» өндірушілеріне артықшылық берді.
Лаңкестік әрекеттер, соғыстағы жарылыстардан кем түспейтін өрттер Алматыда жиілеп орын алады. Атап айтқанда, 2016 жылдың 10 мамырында «Юбилейный» дүкені тілсіз жаудың қатеріне душар болды. 2016 жылдың 13 тамызында «Үш қоңыр» базары өртке шалынды. Сәлден соң, 18 тамызда «Олжа» базары жанып кетті. Бір қызығы, аталған мекемелер тәулік бойы бейнебақылау астында. Күні-түні қаруланған күзетшілер осы сауда нүктелерін қорғауда. "Ішкіштер министрлігінің" аясында өрт сөндіру инспекциясы оларды тұрақты түрде тексереді. Әрине, бұндай жағдайда кездейсоқ өрт пайда болмас. Осындай өрттер кәсіби қылмыскерлердің кесірінен орын алады. Мүмкін, ұры иелері жымқырылған мүлігінің айғақтарын жасыруы үшін өрт салды. Әлде, олардың бәсекелестері осы сауда ұйымдарына қызғанып, зиян келтірді. Кім білсін... Алайда, айдан анық жолсыздықтардың қоңсыған иісі жемқор «тәртіп» сақшыларының мұрнына бармайды.
Қылмыстық істер аукцион сияқты, күнәсіз сәбидің мәйіті де саудаға түседі. Былтыр, 20 мамыр күні джипке мінген бай қатын Алматыдағы балабақшадағы бес жасар қызды өлтірді. Ауыр жауапкершіліктен жалтару үшін әлгі ұрғашы қатерлі ісікке шалдыққан кедейлеу әйелдің қалтасын тығындап, осы пақырды өз орнына ұсынды. Қаза тапқан періштенің әке-шешесі мынадай өзгеріске қарсылық танытпады. Жылпос адвокаттар, жырынды тергеушілер, парақор қазы-билер де қолы ашық жүргізуші-қатынның мәрттігіне мәз болды. «Жазмыштан озмыш жоқ» демекші, жазым болған қызды қайтесіз? Шүкіршілік, елімізде не көп, шүлдірлеген балақайлар көп. Ал, дәл осындай майлы шелпек дау-дамайлары сирек кездеседі. Дағдарыс кезінде пайда табудың жолдары тарылып кетті. Әр жағдайды мүлт жібермеу керек.
Атам қазақ айтқандай: «Қарабет мент қаптаса, Сары Алмас әкеңдей көрінеді». Шынтуайтқа келгенде, тоқсаныншы жылдардың бопсалаушылары (рэкетирлері) қомағай «тәртіп» сақшыларына қарағанда, әлдеқайда әділ болған еді. Олар көбінесе жылпос алыпсатарлардың арам табысын жеді. Өз кезегінде, жүгенсіз кеткен милиционерлер біздің қоғамызды еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін қанап тұр. Бұндай ордалы жыланды жеңуі үшін қоғамдық, парламенттік бақылаудың мәртебесін жоғарлату керек. Көп жағдайларда, парақор «тәртіп» сақшыларының орнына халық жасақшылары ел тыныштығын қамтамасыз ете алады. Мысалы, Ресейдегі жол жүру заңсыздықтармен күресетін «СтопХам» қоғамдық ұйымы біз үшін үлгі ететін оң құбылыстардың бірі. Біздің қалаларымызды басып алған тыюсыз жүргізушілер тіпті жаяу адамдарға арналған тротуарлардан табылады. Ерігіп кеткен милиционерлер бұндай келеңсіздіктерді жоюға асығар емес. Молдова, Швейцария, Эстония, Израиль, АҚШ секілді еркін елдерден үлгі алып, қарапайым халқымызды қару-жарақпен жасақтауға тиіспіз. Қаруланған халық – нағыз тәртіп сақшыларының басты көмекшісі!
Әрине, өз басым бүкіл милиционерлерді қаралаудан аулақпын. Олардың арасында да шын мәніндегі қара маржандар баршылық. Мәселен, 2004 жылы «Күзет» мекемесі кадрлар бөлімінің бастығы Талғат Уахитұлы маған қол ұшын берді. 2008 жылы, Алматы қаласының ІІД-нің бастығы Ерлан Заманбекұлы Тұрғымбаев шиеленіскен жағдайымның дұрыс шешіміне өз септігін тигізді. Міне, осындай отымен кіріп, күлімен шығатын қызметкерлерді таңдап, Гүржістанның мәнеріне заң мен қоғамға берілген ықшамды әрі кәсіби жасақты құруымыз ауадай қажет.
Данияр НАУРЫЗ
Abai.kz