«Абай оқулары» республикалық байқауы өтті
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті үстіміздегі жылғы 21 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Қазақстан Халқы тілдері күніне орай Қазақстанның этнос жастары өкілдері арасында дәстүрлі «Абай оқулары» республикалық байқауын өткізді.
«Абай оқулары» байқауына еліміздің 13 облысынан және Алматы қаласынан облыстық, қалалық деңгейде өткізілген байқаулардың жеңімпаздары (барлығы 14 үміткер) қатысты.
Республикалық кезеңнің аясында байқауға қатысушылар өз білімдері мен шеберліктерін келесі тапсырмалар бойынша көрсетті:
- Абай шығармаларын (білім, ғылым және өнер тақырыптарына өрілген поэзиялық шығармасын немесе қара сөзін) жатқа оқыды;
- «Абай жолы» роман-эпопеясынан үзіндіні көркемсөз оқу талаптарына сай шеберлікпен орындады;
- Абай әндерін немесе халық әндерін шырқады.
Байқау қатысушыларының жұмысы мен жеңімпаздарын абайтанушы ғалымдар мен тіл жанашырларынан тұратын қазылар алқасы бағалап, анықтады. Оларды диплом, алғыс хаттар және ірі көлемдегі ақшалай сыйлықтармен марапаттады. Сонымен Бас жүлдені жеңіп алған Нам Любовь Александровна Маңғыстау облысы 180 000 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықпен марапатталса, 1-орынды иеленген Сайдазимова Унсунай Муратқызы Оңтүстік Қазақстан облысы 150 000 теңгені, 2-орынды иеленген Рызманов Руслан Рустамұлы Қызылорда облысы 120 000 теңгені, 3-орынды иеленген үміткеріміз Воронцов Сергей Владимирович Солтүстік Қазақстан облысы 100 000 мың теңгені қанжығасына байлады. Байқауға белсене қатысқан 4 үміткерге алғыс хаттар беріліп 50 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық алса, қалған үміткерлер қатысқаны үшін 20 000 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы алды.
Abai.kz