ОҚО-да жеті индустриалды аймақ табысты жұмыс істеуде
ОҚО-да жеті индустриалды аймақ табысты жұмыс істеуде. Бұл туралы бүгін өңір басшысы Б.Атамқұлов Елбасының жүктеген функциялары мен міндеттерінің орындалуы бойынша облыстық мәслихат депутаттарының алдында берген есебінде айтты.
Бұл туралы «Абай ақпарат» Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Оңтүстік Қазақстан облысында жұмысы жолға қойылған Шымкент пен Кентау, Түркістан мен Созақ, Түлкібас, Мақтарал және Казығұрттағы индустриалды аймақтар болса, мұнан бөлек, тағы 4 осындай аймақта бүгінде инфрақұрылымдық жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар, жиында облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов бүгінге дейін облыстағы индустриалдық аймақтарда 52 жоба іске асырылып, 4025 жұмыс орны құрылғанын айтып, «Индустриалды-инновациалық даму» бағдарламасы аясында жыл басынан 2 жоба іске қосылып, 74 жұмыс орны ашылғанын жеткізді.
Айта кеткен жөн, өсім бойынша облысымыз республикада алдыңғы қатарда келеді. Тарқатып айтсақ, бағдарлама аясында бюджетке түскен салықтардың көлемі өткен жылмен салыстырғанда 804 млн. теңгеге артып, 5,4 млрд. теңгені құраса, 6 айда өнеркәсіп кәсіпорындарымен 384 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 5,3 пайызға артқан.
Бұл цифрлар өңір экономикасының өрге басып келе жатқанын білдірсе керек.
Абай ақпарат