Таласбек Әсемқұловтың кітабының тұсаукесері өтеді
Бүгін 21 қыркүйек сағ. 16.00-де Таласбек Әсемқұловтың кітабының тұсаукесері өтеді.
Таласбек Әсемқұлов (1955-2014) – күйші, жазушы, зертттеуші, кинодраматург. Белгілі сыншы Әлия Бқпежанова Таласбек туралы былай жазады: «Ұлттық топырағы мықты, өмір бойы өзін-өзі баптап, тәрбиелеген, халық даналығы мен бүкіл жеті ғаламның білім-ілімін бойына жинаған және жинағанының бәрін кәдеге жаратып, Ұлтына, туған халқына қызмет етудің биік үлгісін көрсетіп өткен, халқын сүйетін, тарихын, өнерін қастерлейтін, білімге құштар әрбір жас пен жасамыстың досы болған үлкен Тұлға...
Т.Әсемқұловтың әдебиет, музыка, бейнелеу, кино, дәстүрлі өнер, тарих, этнография, мифология салаларындағы шығармалары, яғни, жан-жақты да көп қырлы шығармашылығы –ұлттың өзін-өзі жете тануы, терең зерделеуі, рухани түлеуіне бастайды. Өнерді, мәдениетті және осылар арқылы қоғамда да өтіп жатқан үдерістерді түсініп-пайымдауға үлкен үлес қосады.
Таласбек шығармашылығының даралығы – оның қай саладағы еңбектерінде де ғылыми негізділік және еркін сұхбаттастық қатар өріліп отыратындығы екенін қадап айтуымыз керек. Қай тақырыпта, қай салада жазса да тізгін бермес тұлпардай жүйткіген оның жазуындағы тағы бір ерекшелігі – балаға да, данаға да түсінікті қарапайымдылығында. Нұрлы білімімен қатар заманға сай ойшылдығында. Бүгінгі заманның мәдени-рухани ахуалын зерделей, конструкциялай білетін жаңашылдығында. Яғни, жаңа мағыналар тудыра алғандығында».
Жоспарланып отырған көптомдықтың биыл мемлекеттік тапсырыспен «Қазақ энциклопедиясы» баспасында бес томы жарық көрді. Оған автордың прозалық шығармалары, әдебиет пен өнер турасындағы мақалалары мен мәдениеттану саласындағы зерттеулері және кинодрамтургиядағы еңбектері енген.
Тұсаукесерге елімідің белгілі қаламгерлері мен әдебиеттанушылар және БАҚ өкілдері мен оқырмандар қатысады.
Мекен жайы: ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы
Aбай-ақпарат