Жұма, 27 Қыркүйек 2024
Қоғам 6879 0 пікір 20 Қыркүйек, 2016 сағат 13:11

ЖАҢА РЕКТОР ОҚЫТУШЫЛАРЫН ЖАТАҚХАНАДАН ҚУЫП ЖАТЫР

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің назарына

Жақында ҚР Білім және ғылым министрлігі Қазақ-британ техникалық университетімен біріктіріп жіберген Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің оқытушылары «Abai.kz» порталының редакциясына министрліктің бастамасы бойынша тағайындалған жаңа басшылық бұйрық шығарып, жатақханадан қуып жатқанын айтып, көмек сұрағанын жазған едік.

Аталған мақала порталымызға жарияланған соң, оқырмандардың қызу талқысына түсті. Министр Ерлан Сағадиевке қарата жазылған мақалада жаңа тағайындалған басшылық аталған оқу орнында дәріс беретін оқытушыларды №5 жатақханадан қуып жатқандығы, педогогикалық құрам мен әкімшіліктің техникалық қызметкерлеріне арналған жатақхананың жарты бөлігіне студенттерді орналастырмақ болғандығы, мұнымен қоса белгісіз себептерге байланысты жатақхананың коммуналдық төлемақысын да күрт өсіріп жібергендігі айтылған.

Алайда ҚБТУ мен ҚҰТЗУ-ға бірдей ректор болған Ескендір Бейсембетов оқытушылардың  жанайқайына пысқырып та қарамаған секілді.

Жатақхана тұрғындарының Ескендір Қалыбекұлының атына жазған қос бірдей хаты да жауапсыз қалған. Ал ЖОО басшылығы жатақханада тұратын оқытушыларға бөлмелерді босату туралы ескерту қағаздарын тарата бастапты.

Ескерту қағазы деп таратылған бір жапырақ қағаздың сиқы мынау: Уақыты, кімге берілгені көрсетілмеген. Ал Мықтыбаев мырзаның аты-жөні екі тілде екі түрлі жазылыпты. Соны көріп ескертуді жеберген Мықтыбаев па, Мухтыбаев па? Әлде Мықтыбаев мырзаның құжат бойынша екі фамилиясы бар ма? - деп ойланып қалдық.

Луганская Сәуле, аға оқытушы болған:

- 1996 жылдан бастап Қ.Сәтпаев атындағы ҚҰТЗУ-де жұмыс істеп келдім. Ал биыл 2016 жылдың 16 шілдесінде "конкурстан өтпей қалдың" деген жалаң себеппен мені жұмыстан шығарып жіберді. Конкурстан не себеппен  өтпей қалғаным да белгісіз, әйтеуір айтатындары «счетный комиссия солай есептеп шығарды» деген бір ауыз сөз. Мен енді қайда барарымды білмеймін. Өз елімде, өз жерімде далада қаңғыртып қойғаны ма?

Керімбекова Гүлнар, оқытушы:

- Мен аталған ЖОО-да 2000 жылдан бері сабақ беріп келемін. Бұл жатақханада 2001 жылдан тұрып келемін. Бақандай - 15 жыл. Екі балам бар. Өзім жалғыз басты анамын. Мені сол «конкурстан өтпей қалдың» деген сылтаумен жұмыстан шығарып жіберген. Кейін 0,25 ставкамен қайта қабылдады. Бірақ, бұл толық сағат деп саналмайтындықтан ресми жұмыскер емес болып шығады екенмін. Мен 21 шаршы метрге ай сайын 45 мың теңге төлеймін. Енді маған ескерту қағазы келді. "1 айдың ішінде шығыңдар" деп жатыр. Мен соңда қайда барамын?!

Айтпақшы, жатақханадан қуылып жатқан тағы бір оқытушы Аршын Наурызбаева бізге сұхбат беруден бас тартты. Себебі ол "әлдекімдер қысым көрсетуі мүмкін" деп қауіптенетін көрінеді.

Десе де Аршын ханымның жағдайы туралы оның көршілері айтып берді.

Сөйтсек, Аршын бұл жатақханада 2000 жылдан бері тұрады екен. Күйеуі жұмыссыз, үш баласы бар. Бесінші сыныпта оқитын ұлы гемофилия дертіне шалдыққан. Жылына бір рет құны 1000 долларлық укол салдыруға тиіс.  Аршын ЖОО-да қызмет ететіндіктен, күйеуі балаға қарап, үйде отыруға мәжбүр көрінеді. Жатақханадан қуылып жатқан оқытушылардың қатарында Аршын да бар екен.

Алайда көп балалы, жалғыз басты аналары, кемтар балалары бар бесінші жатақхана тұрғындарының мүшкіл халіне жаңа ректорат көз қиығын да салмапты.

Сонымен, оқытушылардың жағдайына елең етпеген Университет басшылығын іздеп, Қ.Сәтпаев атындағы ҚҰТЗУ-ге бардық. Есіктен аттай бере күзетшілер тоқтатты. Кім екенімізді, кімге келгенімізді білген соң күзетші көп күттірместен бізді сыртқа шығарып салуға тырысты. Сондағы айтқаны: «Ректор қазір жоқ. Проректорлардың бәрі «выезда». Сіз хабарласып көріңіз». Күзетшінің сөзіне сенсек, дүйсенбі, аптаның бірінші күнінде қызмет орнында Университет басшыларының бірде-бірі жоқ екен.

Жұмыс уақытында қызмет орнынан табылмаған ректорат басшыларымен жолыға алмаған соң, жоғарыда оқытушыларға жатақханадан шығу туралы ескерту қағазын жіберген универсиет ректорының аппарат басшысы Мықтыбаев Берік мырзаға кіруге талпындық. Алайда хатшы қыздың қаһарына іліктік пе, әлде Мықтыбаев мырзаның мықтылығы ма, әйтеуір тілдесу мүмкін болмады.

Есім-сойымызды естіп, мән-жайды түсінген соң, дереу күзетке хабарласып: «Здесь журналист стоит. Кто пускал? Как он зашел?» деп күзетті шақырды. Айтпақшы, Қаныш Сәтпаев деген атты иемденіп отырған Университеттің басшыларын айтпағанда, қызметкерлерінің өзі Ресейдің мемлекеттік тіліне "жүйрік" екендігін көрсетті.

Тап осы Мықтыбаевтың қабылдау бөлмесінен күзетшілер келіп, ЖОО қауіпсіздік бөлімінің  басшысына алып барды. ҚҰТЗУ Жедел іс-шаралар орталығы басшысының орынбасары Нұрлан Әлімбекұлы деген кісі бірден орыс тілінде доқ көрсетіп, менің Университет аумағына заңсыз кіргенімді айтты. Екеуара ұзақ дауласқан соң қазақ тілінде жауап беруден үзілді-кесілді бас тартқан басшы күзет басқармасының басшысын шақырып, ЖОО қабырғасынан шығарып салды. Ең қызығы әлгі басшы күзетшіге қарап: «Мына адамды жақсылап қарап ал, больше его не пускать никогда» деді.

Сонымен, оқытушылардың жағдайына Университет басшылары бей-жай қарамас деген үмітпен ҚҰТЗУ-ға барғанымыздың соңы осы болды.

Қос бірдей Университеттің ректоры міндетін қатар атқарып жүрген Ескендір Қалыбекұлының қабылдауына жазылмақ түгілі күзетшісінің өзі күшеніп тұрған мекеменің ішіндегі былық-шылық туралы алдағы уақытта кеңірек жазатын боламыз.

Әзірге ұққанымыз: қарапайым ескертудің өзін қалай жазу керектігін білмейтін басшылар оқытушылардың жағдайына алаңдамайтынын анық байқатты. Бұл мәселені тікелей қала басшысы Бауыржан Байбек мырза бақылауға алмаса, ҚҰТЗУ-дің № 5 жатақханасында тұратын алматылық 130 тұрғын айдың күні аманында далада қаңғырып қалатын түрі бар.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір