Орыс тілі білгірлерінің «Ой-сана» байқауы өтеді
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті «Қазақстан Республикасында Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында орыс тілі білгірлерінің VIII республикалық «Ой-сана» байқауын өткізеді, - деп хабарлайды Абай-ақпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Байқаудың мақсаты – қазақ тілінде оқитын жастардың арасында орыс тілін оқуға деген құлшынысын арттыру, риторикалық дағдыларын дамыту, сөйлеу мәдениетінің деңгейін көтеру, орыс тілін еркін меңгерген дарынды жастарды насихаттау және оларға қолдау көрсету.
Шараға «Ой-сана» байқауының облыстық, қалалық деңгейдегі жеңімпаздары қатысады және ҚР Парламенті депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, Қазақстандағы Ресей Федерациясының елшілігі мен Қазақстандағы Ресей ынтымақтастығы өкілеттілігінің қызметкерлері құрметті қонақ ретінде шақырылады.
Байқау барысында бағдарламаға сәйкес жаңылтпаштарды мүдірместен оқу әрі анық айту, эссе жазу, диалог құру, орыстың халық әнін (заманауи) орындау немесе театрландырылған интерпретациядағы қөркем шығармадан үзінді қою (пьеса, ертегі және т.б.) бойынша тапсырмалар орындалады.
Байқау мәресі жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімімен аяқталады.
Байланыс телефондары: 8(7172)408367, 87023768400
Байқау Астана қаласы, Абай даңғылының бойында орналасқан «Іскер» бизнес орталығында 23 қыркүйек күні сағат 10.00-де басталады.
Абай-ақпарат