Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4319 0 пікір 1 Маусым, 2009 сағат 05:38

ЕуроОдақ және Қазақстан: болашақ бағдарымыз қандай?

Елбасының 2008 жылдың қараша айында Сыртқы істер министрлігіне берген тапсырмасы бойынша, аталған ұжым 2009 жылдың алғашқы үшайлығында Қазақстанның сыртқы саясатының жаңа стратегиясын даярлау керек еді.
«Еуропаға жол» бағдарламасының қабылдануымен жоғарыдағы құжаттың негізгі жөн-жоспары да анықталғандай.
«Еуропаға жол»: бізді олар шақырды ма?

Елбасының 2008 жылдың қараша айында Сыртқы істер министрлігіне берген тапсырмасы бойынша, аталған ұжым 2009 жылдың алғашқы үшайлығында Қазақстанның сыртқы саясатының жаңа стратегиясын даярлау керек еді.
«Еуропаға жол» бағдарламасының қабылдануымен жоғарыдағы құжаттың негізгі жөн-жоспары да анықталғандай.
«Еуропаға жол»: бізді олар шақырды ма?
Бүгінде Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 29-30 млрд доллар көлемінде. Өкінішке орай, негізгі тауар энергетикалық шикізаттан әрі аса алмай отыр. Ол түсінікті де, себебі, экономика, әлеуметтік көрсеткіш, қызмет көрсету, қару-жарақ, құқықтық база, мәдениет саласында әлемде алда келе жатқан Еуроконтинент үшін өзінің  «жағар отын» қауіпсіздігін қамтамасыз ету – бүгінгі күннің басты миссиясына айналып отыр. «Кәрі құрлықтың» тұрғындары оны Ресей мен Украина арасындағы газ кикілжіңінен соң ерекше сезінді. Аталған жәйттан соң Еуропа өзінің Мәскеуге барынша энергетикалық тәуелді екенін түсінді. Алайда, орыс еліне балама болатын қайнар көз табылмай жатса  Медведев-Путин тандеміне нұр үсітіне нұр болатыны хақ. Себебі, Солтүстік Африкадан тартылатын газдың мөлшері шамалы, Скандинав елдерінің қоры да жеткіліксіз. Басты үміт – Орталық Азия. Міне, осы мақсатта «Набукко» жобасы жасалынған болатын. Оған сәйкес, түркімен және өзбек газы Әзірбайжан, Грузия, Түркия, Болгария, Румыния, Венгрия, Австрия, Чехияға жетуі тиіс еді. Бірақ алысты көздеген кремльдіктер Ашхабад және Ташкентіпен алдын-ала 2028 жылға дейін газ тасымалдау жөнінде ұзақмерзімді келісім-шарт жасап үлгерді. Ал қос ортазиялық елдің бір уақытта 30 млрд текше/м газды  Ресейге де, Еуропаға да жеткізе алмайтыны белгілі. Міне, сондықтан да қазірше «Набукконың» тек қағаз жүзіндегі жоба екені ешкімге жасырын емес.
Еуроодақ бүгінгі Қазақстанның газ, мұнай, көмір, металл және уранына инвестиция салып отыр. Ал «Еуропаға жол» бағдарламасына сай біз Брюссельге топтасқан елдерден жаңа технлогия, инвестиция, қоғамның барлық саласындағы еуростандарт, сапалы құқықтық нормалар, білімді профессорлық базаға дәмеліміз. Бірақ, 1950 жылдан бері Еуроодақтың есігін тек қағумен келе жатқан Түркияның тәжірибесін де естен шығармау керек. Мұншама біз күткен игілікті Брюссельдің 3 жылда, яғни 2009-2011жж бізге бере қоятыны да күмәнді. Өйткені жаңа мүшелермен қатары толыққан Одақтың өзіндік шешер проблемалары аз емес.
Бүгінде Қазақстан Брюссельмен тек «Еуропа – Кавказ – Азия» көлік дәлізі – ТРАСЕКА, Еуропалық Одақтың «Мұнай мен газды Еуропаға тасы¬малдау» – ИНОГЕЙТ, «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» автожолы секілді мегажобаларға қатысумен шектеле алады. Себебі, қазіргі қаржылық дағдарыс кезеңінде қанша Еуропа болса да, біреуге бөліп берер батпан құйрығы қысқалау болып тұр. 
ЕҚЫҰ-на төрағалық: Еуропаға жол салмай, ерлердің ісі бітер ме?
Бүгінде ЕҚЫҰ 56 елдің басын біріктіреді. Негізгі жұмыс істеу бағыты саясат пен қауіпсіздік, экономика мен экология, демократия мен адам құқықтары. Биылғы төраға Грекия төрелігін аяқтап, төрелік тізгінін 2010 жылы Қазақстанға бермек. Осыған орай, бюджеттен ЕҚЫҰ-на төрағалық ету үшін, 2009 жылы – 1 миллиард теңге, 2010 жылы – 3,1 миллиард теңге, 2011 жылы 1,1 миллиард теңге қаражат бөлінеді.
Бұл құрмет пен сенімнің бізге оңайлықпен келмегені рас. Сонау 2002 жылдан бері Қ.Тоқаев мырзаның еуропалық талай табалдырықтарды тоздырғанын біреу білсе, біреу білмес. Әлемдік саяси истеблишментте Елбасының жеке абыройы да ықпал етуші үлкен фактор болды. Алайда, бұл шешімді қабылдай отырып ЕҚЫҰ-ның Еуропа мен Ресей арасындағы теке-тіресті де шешкені мәлім. Себебі ЕҚЫҰ сонау қырғи-қабақ соғыс кезеңінде Еуропа континентінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін құрылды. Ал 1991 жылдан соң 26 жыл бойы жұмыс істеген ережелер жаңа әлемдік жүйеге икемсіз болып қалды. Ендігі жағдайда ЕҚЫҰ РФ сыртқы істер министрі С.Лавровтың сөзімен айтқанда «Батыстың өзге елдердің ішкі ісіне араласу құралына» айналды. Мұндай қатаң сын тағу арқылы Ресей Еуропада өзіндік позициясы бар мемлекет ретінде әрекет еткісі келеді, қысқасы КСРО-ның абыройын қайтармақ. Оған көне қоятын Батыс па? Бұл жәйтта Вашингтонның да сырткөз көрермен болып отырмайтыны белгілі. Алайда, жыл өткен сайын Мәскеуге энергетикалық тұрғыдан тәуелді болып бара жатқан Еуропа белгілі бір ымыраға баруы керек еді. Бұл 2002 жылдан бері төрағалыққа ұмтылып келе жатқан, Ресейдің тым жақын көршісі, экономикасы мен ішкі саяси жағдайы тұрақты, посткеңестік мемлекет – Қазақстанға төрағалықты беру болды.
Тойға барсаң тойып бар
Қазақстан төрағалық ететін мерзімде ЕҚЫҰ көлемінде шешетін мәселелер аз емес. Соның бірі — Ресей мен Грузия арасында шешілмеген, тек тоқталып қана қойылған қақтығыс. Мұны 2008 жылы ЕҚЫҰ-ын басқарған Фин елі, кейінгі Грекияның шешуі екіталай. Ал, оның біздің еншімізге тиюә  — қазаққа тағылар үлкен сын. Себебі қос ел де біз секілді посткеңестік мемлекеттер. Басқа-басқа, бізбен байланысы тығыз. Қазақстан Грузияға 2008 ж тамызындағы қарулы қақтығысқа дейін мұнай, телекоммуникация, порт, газ және т.б. салаларына милиондаған инвестиция құйған. Ал, Мәскеуге келсек, Н.Назарбаев пен Медведев-Путин тандемінің қарым-қатынасы мен екі ел арасындағы тығыз байланысты айтудың өзі жеткілікті.
Біздің еншімізге тиіп отырған келесі мәселе – ЕҚЫҰ-ын реформалау. Бұл жөнінде бізге ешкім талап қойып отырған жоқ. Бұл - өз ұсынысымыз. Себебі, аталған ұйымның жаңа заманға сай өзгеруі жайлы көптен бері айтылып келді. Ал оны жүзеге асыруға ешкімнің батылы да, халықаралық абыройы да жетпеді. Астана үшін өз ұсынысын  қаншалықты дәрежеде іске асыратыны — әлемдік саяси, экономикалық истеблишмент алдындағы үлкен жауапкершілік.
Шынында, кейінгі кезде өз құрамындағы посткеңестік, Шығыс Еуропалық және өзге де мемлекеттердің сайлау процесін қалай жүргізгеніне, кеше ғана тоталитарлық елдің құрамынан шыққан мемлекеттерге демократиялық ұстанымдардың қатаң сақталуына баса назар аударып келе жатқан ЕҚЫҰ-ның біраз елдердің саяси элитасының ашуын туғызады. Себебі, кешегі күнге дейін Австрия өз сайлауына шеттен бір адамды да кіргізбегені жайлы еуропалықтардың жұмған аузы ашпады. Ал, қауіпсіздік десе ішкен асын жерге қоятын ЕҚЫҰ Кавказдағы, Әндіжандағы, Тибеттегі жанжалдарға қатысты әлемдік шу көтеріп, экономикалық санкцияға дейін бартады. Еуропаның қақ ортасындағы Испанияның сепаратистік Баск партиясының жауыздығы, Солтүстік Ирландияидағы католиктер мен протестанттардың арасындағы қырғын, Франциядағы корсикандықтардың сепаратистік әрекеттері жайлы зерттей қоятын ЕҚЫҰ-дан бір сарапшы табылмағаны қалай? Мұндай екі стандартты жұмыстың жаңа мүшелердің мүддесіне қайшы екені анық. Расында, ЕҚЫҰ — Еуропада қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ұйымнан гөрі Еуропаның көзқарасын өзгелерге теліп өткізуге арналған құрал одаққа айналып барады. Ал, оны Қазақстанның қалай реформалайтынын тек Астана шешеді.
Түйін:
ЕҚЫҰ-на төрағалық ету — біз үшін үлкен сын. Біздің бұған дейін ТМД, ШЫҰ, АСӨЫШК секілді ықпалды ұйымдарды басқару тәжірибеміз бар. Алайда, бұл — 5-10 мемлекет емес, бақандай 56 елдің басын біріктірген ықпалды ұйым.
Бұл Қазақстан үшін үлкен жарнама. Ал оның қай дәрежеде болуы тек өзімізге байланысты. Не десек те, төрағалықтан Қазақстанға тиер пайдасын ұмытпаған жөн.

 

 

 

Автор Нұрмұхамед Байғараев   
«Қазақстан-Заман» газеті 28 мамыр 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377