Елбасы Ислам Кәрімовтің басына барды
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Өзбекстан Республикасына барды, - деп хабарлайды Абайа-ақпарат Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Президенті Самарқандқа Өзбекстан Республикасының тұңғыш Президенті Ислам Каримовтің рухына тағзым ету үшін келді. Сапар аясында И.Каримовтің бейітіне гүл шоғын қойып, оның отбасымен кездесіп, көңіл айтты. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Өзбекстан Республикасы Президентінің міндетін уақытша атқарушы Шавкат Мирзиеевпен кездесті.
Кездесу барысында Қазақстан Президенті тағы да Ислам Каримовтің өзбек мемлекетін, елдеріміздің арасындағы өзара қарым-қатынасты дамытуға қосқан бірегей үлесін атап өтті.
- Тарихымыз, дініміз, мәдениетіміз бір болғандықтан, оның бүкіл қайраткерлігі біздің халықтарымыз арасындағы достықты нығайта түсуге қызмет етті. Осы құндылықтарды сақтай білу өте маңызды. Екіжақты кездесулер барысында да, халықаралық ұйымдар жұмысы аясында да біз кез келген мәселеге қатысты өзара тиімді шешім таба білдік. Бауырластық байланысымызды бұдан әрі де нығайта беру керек, - деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев пен Шавкат Мирзиеев екіжақты қарым-қатынастың мейлінше өзекті мәселелері, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі негізгі тақырыптар жөнінде пікір алмасты.
Абай-ақпарат