Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 10016 0 пікір 5 Қыркүйек, 2016 сағат 10:06

ӘДІЛ ШЕШІМ АЙМАНДЫ ӘЛІМЖЕТТІКТЕН АРАШАЛАП ҚАЛДЫ

Әділдік іздеп шарқ ұрған Айман Сағидулла сотта жеңіске жетті. Мұғалімдердің құқығын қорғап, мектептердегі заңсыздықтармен қаймықпай күресіп жүрген батыр қыз өзі қызмет ететін мектеп директорын сотқа беріп, өзіне негізсіз «күштеп» тағылған ескертудің заңсыз екенін дәлелдеді. Мұны әрине, бір ғана мұғалімнің мәселесі деп қарауға болмайды. Бұл біздің демократиялы қоғамда ешкімге жалтақтамай өз құқығы үшін күресетін еркін ойлы ұстаздардың пайда бола бастағанын көрсетеді. Айман сеңді қозғады. Енді бүкіл Қазақстанда «айманшылдар», яғни Айман секілді шындықты ту етер ұстаздар көбейеді. Ол ұстаздар жағымпаз, жалтақтарды емес, шыншыл, әділетті ұрпақ тәрбиелейтін болады.

Айман Сағидулла оқушылардан ақша жинау, концерттерге билет сату, мұғалімдерді қоғамдық жұмыстарға жегу секілді мәселелерге қарсылық тантытып, өз ойын аудан деңгейінде ғана емес, республика көлемінде жеткізе білді. Еліміздегі түрлі саяси оқиғалар кезінде де белсенділік танытып, көзқарасын ашық білдіріп жүрді. Әрине, мемлекеттік мекемеде қызмет ете жүріп, сол жүйеге қарсылық білдіру – ағысқа қарсы жүзгенмен бірдей. Айман алған беттен қайтпады. (Осы орайда айта кетейік.  Айман Сағидулла бір істі бастамас бұрын ең алдымен біздің порталға хабарласып, пікірімізді сұрайтын. Оған себеп ең алғашқы мақаласы біздің сайтта жарияланғандығы болар. Әйтеуір кездесе қалсақ, «Abai.kz менің қорғаным ғой» деп әзілдейтіні бар).

Осы қызымыз мамыр айының 19-күні бізге хабарласып, өзін заңсыз жиналысқа салғанын айтқан еді. Біз дереу «Қарасайлық ақсақалдар ұстазға қысым көрсетті» деген мақала жарияладық. Осы ақсақалдардың «қысымы» ұстазға «педогогикалық этиканы сақтамады» деген айып тағуға негіз болып, Айман соттың алдынан бір-ақ шыққан-ды.  

Бүгін міне, Айманды жеңісімен құттықтамақ болып хабарласып едік ол: «Менің жеңісім – Қазақстан Республикасының Ата Заңының жеңісі. Заңсыздыққа жол бермеу үшін біз әрдайым да өз құқығымызды Конституция шеңберінде қорғауымыз қажет. Сонымен қатар бұл жеңіс Abai.kz порталының және маған жанашырлық танытқан бүкіл қазақтың, қазақ баспасөзінің  жеңісі ғой» деді.

Публицист Әбдірәшит Бәкірұлы ағамыз Abai.kz ақпараттық порталына жазған «Айман Сағидулла феномені» деген мақаласында «Барлық жерде шындықты ашып айтатын кез келді. Елбасының өзі оны қолдап отыр. Сондықтан "ұстаз" аты бар білікті мұғалімдер енді бұрынғыдай директорының алдында жасқаншақтай бермегені дұрыс» деген еді. Көріп отырғанымыздай міне, заңның туралығы, заңды басшылыққа алған соттың әділ шешімі Айманды әлімжеттіктен арашалап қалды, мерейін үстем етті.

Жарайсың, Айман!

Сен бүгінгі әр  мұғалімге үлгісің!

Сенің артыңнан ерер, шыншыл ұстаздар көбейе берсін!

Қанат Бірлікұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364