Сенбі, 23 Қараша 2024
Ұят-ай! 5065 0 пікір 26 Тамыз, 2016 сағат 09:34

БАҚ-ТЫҢ БИЛІГІН ОРЫСҚА, ДІННІҢ БИЛІГІН АРАБҚА БЕРІП ҚОЙДЫҚ

Тәуелсіздік алдық деп «бөркімізді» аспанға атқалы бері міне 25 жыл да өте шығыпты. Алайда, мемлекеттік тілімізді өзге түгілі үкіметімізді он жыл басқарған Үкімет басшысының өзі  меңгермегендіктен, ел билігінің тұтқасын толықтай орыс тілді шенеуніктер иемденді. Елбасымыз «Екі қазақ, бірің мен бірің қазақша сөйлесіңдер» деп сан рет ескертсе де осыншама ұзақ мерзімнің ішінде ел билігінің тілі мемлекеттік тілде шықпады. Соған қарағанда, биліктегілердің, әсіресе ,Үкімет басшысының қазақ екендігі ел арасында күмән туғызып жүргені ащы да болса шындық. Себебі, осы уақытқа дейін Үкімет басшысының мемлекеттік тілде Елбасымыз сияқты сөйлегенін естіген де, көрген де емеспіз. 
  
Әлемдік тәжірибеде тәуелсіздікке қол жеткізген елдердің билігі  бірінші кезекте өз ұлтының шежіре-тарихын түгендеген, тілі мен дінін, салты мен дәстүрін, әдеттері мен ғұрыптарын қалпына келтіруге жұмыстанған. Ал біздің орыс тілді билігіміз 25 жыл бойы осының бірін де жасаған жоқ. Соның салдарынан тіліміз бен мәдениетіміздің, БАҚ-тыңбилігін түгелдей орысқа, дініміздің билігін арапқа беріп қойдық.   Осы бетімізбен кете беріп, жер бетінен қазақтың ана тілі жойылар болса, бүкіл адамзат баласы тарихынан айрылып, шын мәңгүртке айналады. Аталарымыз «ақырзаман» деп осыны айтқан. Бүкіл адамзат баласы Атам заманның (Аталар заманының) ақырына, яғни Ақырзаманға таяп келеміз. Ата салтын ұстанған қазақ халқы Ақырзаманды алыстатуға жанын салса, бүгінгі орыс тілді билік иелері соны тезірек жақындатуға барынша тырысып бағуда. Олардың басым көпшілігі Елбасымыздың ширек ғасырдан бері сан мәрте қайталап келе жатқан «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген тапсырмасын орындап жүрген жоқ. Бір таң қаларлығы, орындамай жүргендер қарапайым  халық емес. Біздер және біз қатарлылар Елбасымыздың бұл тапсырмасын ең алғаш айтқанда-ақ орындағанбыз. Орындамайтындар тек қана биліктің айналасында жүргендер. Бұл не сонда, бүкіл қазақ қолдап отырған Елбасымыздың тапсырмасын орындамау, ел билігінің тұтқасын ұстағандардың жетесіздігінен бе, әлде олардың еш қайсысы қазақ емес пе, әлде мұнда біз білмейтін тағы да басқадай сыр бар ма? Шынында да қызық емес пе? Неге олар Елбасының бұйрығын да, халықтың талабын да орындамайды? Неге олар өзі басқаратын мемлекетінің, мемлекеттік тілінде сөйлейтін адамдарымен аудармашы арқылы сөйлеседі? Өздері бірінші болып мемлекеттік тілді меңгерудің орнына қазаққа неге үш тілді тықпалайды? Балаларымызды неге шетелге ақшаға сатты? Еліміздің миллиардтаған қаржысын жымқырып, шетел асырғанша, ел мүддесіне пайдалануға болмас па еді?!  Енді, міне, аяғымыздың астындағы «Барар жеріміз бен басар тауымызды да» саудаға шығарып, қалай да (қазір саттырмасаң да бес жылдан кейін) бәрібір сатамын деп қасарысып отыр.  Осындай өкіметтен қазаққа қандай пайда бар? - деген сұрақ өз-өзінен туындап тұрған жоқ па?  
Меніңше, олардың Ана тіліміздің өркендеуіне барынша қарсы болу себебі, бұлардың бәрі де кешегі Кеңес заманында орыс тілімен билікке келіп, балаларын орысша оқытқандар. Сондықтан, олардың өздері түгілі балалары мен немерелері де мемлекеттік тілден мақрұм қалып ер жетті. Міне солар елдің емес, өз қара бастарының қамын ойлап, биліктен айрылып қалмауы үшін, Ана тілімізді солардың жолына құрбандыққа шалып отыр деп батыл тұжырым жасай аламыз. 
Бүкіл әлем елдері қағидасы бойынша Тіл - мемлекеттің де, сол мемлекетті құраушы ұлттың да негізі. Атам қазақтың «Тіл - тұғырың, дін - діңгегің» дейтіні осыдан. Мемлекеттің жалауы (туы) діңгекке бекітіледі, ал діңгек тұғырға орнатылады. Тұғыры әлсіз тудың да, тұғыры әлсіз елдің де, діңгегі әлсіз тудың да, діңгегі әлсіз елдің де ғұмыр жасы ұзаққа бармайды. Бұлар әлсіз болса, ту құлайды, ал мемлекет тарих сахнасынан шығып қалады.  Демек, ұлттың тілі жоқ болса, ұлттық мемлекет те жоқ деген сөз. Сол үшін де осыдан оншақты жыл бұрын Ресей президенті  «Орыс тілін білмейтіндерге, Ресей азаматтығы берілмесін» деген жарлық шығарды. Қазіргі таңда (менің есебім бойынша) Ресейде бірнеше миллион қазақ тұрады. Оны дәлелдеу үшін алысқа ат айдаудың түкке де қажеті жоқ. Бір ғана Астрахан облысының өзінде 300 000-нан астам қазақ тұратынын айтсам да жарап қалар. Путиннің әлгі жарлығынан кейін Астараханда бірде-бір қазақ мектебі қалған жоқ, түгел жабылған. Бұндай жағдай Ресейдің барлық жерінде жаппай орын алуда. Демек, алдағы 20-30 жылдан кейін Ресейде бірде-бір қазақ қалмайды деген сөз.  
Қазақстан билігі басында жүрген орыс тілді билік иелері, айтыңыздаршы Сіздердің не ойлағандарыңыз бар? Әшейінде Ресей не істесе, соны қайталап жүріп, тілге келгенде неге үнсіз қалдыңыздар? 
Тарих тағлымы: Қазақтың Ата салты бойынша, «Тіл» кез-келген ұлттық мемлекеттің тұғыры. Сондықтан,  Адам баласы қай тілде ойлап, қай тілде сөйлесе, ол адамның ұлты сол болады.  
Нұқ пайғамбарға дейінгілерде, Нұқ пайғамбар кемесіне мінген жандардың бәрі де осы біздің қазақтың ана тілінде сөйлеген. Демек, Нұқ пайғамбар қауымынан, яғни оның үш жаққа кеткен үш ұлының  Қам (Үндістанға кеткен), Сам (Иран жаққа), Иафес (Еділ мен Жайық өзендері аймағына) кеткен және Қазық жұртта (Ата жұртта), яғни қарашаңырақта қалғандарынан (қазақтардан) тараған елдердің бәрі басында, осы біз сөйлеп жүрген тілде сөйледі. Кейіннен олар бір-бірінен ажырап, уақыт аралығы алшақтаған сайын сөз құрамы өзгеріп отырды.  Ал, кеме қалған жер күні бүгінде де Қазығұрт  (Қазық жұрт), Нұқ пайғамбар кемесінің іліңгір (якор) тастаған жері Леңгір деп аталады. Ол қазақ жері, ол бүгінгі қазақ елі. Бұл дауға жатпайды.  
Менің осы келтірген тұжырымдарымның айдай айғағы етіп, жақында әлемдік БАҚ әлем елдері осыдан 6000 жыл бір тілде сөйлеген деген қорытындыға келгенін жариялады. Әрине, ол тіл Қазақтың АНА тілі. Бүкіл жер бетіндегі жер, су, тау, ұлттар мен мемлекеттер және елді мекен атауларының қазақтың Ана тіліне сәйкес келетінінің сыры осында. Сондықтан, Қазақстан үкіметіне қазаққа өзге тілдерді тықпаламастан бұрын, Қазақстанның тіл мен тарих ғылымдары осы бағытты зерттеп, бүкіл әлем елдеріне осыны дәлелдеп, олардың да өз Ана тілдерімен қайта қауышуына ықпал жасауларыңызды ұсынамын. 
Адам Ата мен Ауа Ананың қазақтың Ана тілінде сөйлегені жайлы деректер Қазақтың қанатты сөздері мен шежіре-дастандарында да жетіп артылады. Мысалы, солардың бірі бүкіл Қазақ білетін «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы - Майқы би» деген нақыл. Бұл нақылдың тікелей мағынасы,  бүкіл әлем елдері тілдерінің де, діндерінің тегі бір, бәрі де Ұлы Дала елінен (Қазақтан) бастау алады дегенді білдіреді. 
Біз оның шежірелік дерегін өте ескі замандардан бері ұмытылмай, халық аузында сақталып келе жатқан мына жыр шумақтарынан табамыз:          
         «Алаш – Алаш болғанда, 
         Ала тай ат болғанда. 
         Таңбасыз тай, 
         Енсіз қой болғанда, 
         Алаш хан болғанда...» дейтін сөздер Алаш жайындағы аңыздың меншікті мүлкі қалыптаспаған (тайға таңба баспайтын, қойға ен салмайтын) заманнан келе жатқанын аңғартады». (Қазақтың көне тарихы. 27 бет). 
Бүкіл әлемді мойындатқан Шумер - Шу елі (Шумер, Шужер – әлемді шулатқан көне халық, көне жұрт, артына мол мұра қалдырған) жайлы, «Кәдімгі тарих» атты фундаменталды ғылыми еңбектің авторы Жорж Луи Леклерк (Бюффон) ХҮІІІ ғасырда былай деп жазыпты: «Бірінші ел (мемлекет), яғни осылай деп аталуға лайық» өте ескі заманда Каспий теңізінің шығыс жағында дүниеге келген. Бұл халық ғылымды, өнерді және басқа да игіліктерді дүниеге әкелгені үшін де үлкен құрметке лайық... Олар төтенше бақытты болды, себебі олар өте білімді еді», ...«кейін жаттың шабуылына ұшырап, адамзаттың ұлы цивилизациясын қара түнек басты». Өте дұрыс пікір. Бұл адамзаттың алғашқы ұлы цивилизациясы Манқыстаудан бастау алады деген тұжырымдарға толықтай сәйкес келіп тұрған жоқ па?!  Осыдан жүз жылдан кейін осындай ойды египеттанушы Каир Институтының шығыс археологиясының негізін қалаған Гастон Камиль Шарль (Масперо) Шумерлер бізге, яғни Месопотамияға «ауа-райы жұмсақ, жері шұрайлы Қазақ даласынан келді» деп жазыпты. Америка зерттеушілерінің соңғы болжамы бойынша «Шумерлер дегеніміз «Кеңгір» болып табылады. Бүкіл жер бетінде Кеңгір атты аймақ тек қана Қазақстанның Жезқазған облысында. Түріктің жазба дерегінде (ҮІ ғасыр) Кенгу деп көрсетілген. Оның қасында Ұлытау орналасқан. Оған жақын жерде өте ескі замандарда мыс өндірілген бай кен орны бар». («Тұран» № 16. 17.04 2009 ж. Дмитрий Дей  «Белгісіз Торғай»). Қазақта мыс, жез терминдері синоним. Жезқазған аты осыдан қалған. 
Ал шындығында, Кеңгір де, Кенгу де, Кен де өз бастауын Манқыстаудағы Темір баба әулие қорымы орналасқан Кендірліден алады. Сонымен қатар Шу елінің қазіргі қазақтардың арғы тегі екендігін дәлелдейтін топономикалық айғақ – Шу өзені болып табылады. 1456-58 жылдары Шыңғыс қағанның тұңғышы Жошыдан тарайтын тікелей ұрпағы Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр хандығынан бөлініп Қазақ хандығын құрған жері осы Шу алқабы болғанының негізгі себебі де осы болатын. Манқыстау облысына қарасты Каспий жағалауындағы бір мүйіс күні бүгінде де Су (Шу) деп аталады. 
«Тас ғасырлары ондаған мың жылдарға созылып түркі (Қазақ) тілі мен мәдениеті, уақыт өте келе бүкіл Азия мен Европаға тарап, өзге тілдер мен мәдениеттердің, соның ішінде үндіевропа халықтарының да негізін қалады» (Марио Алинеи. "Теория палеолитической непрерывности)". 
«Батыс тарихшылары айтады, тарих Шумерлерден басталады деп, бірақ сол Шумерлердің өздерін Кеңгір деп атағанын, олардың Месопотамияға Қазақстаннан барғанын және олардың адамзатқа жазуды үйреткенін айтуды ұмытып кете береді». (Мұстафа Кемаль САЛЛЫ, Түркияның «Once Vatan» газетінен).  
Қазіргі таңда Қазақстандағы орыстардың үлес салмағы бар-жоғы 20 пайыз, ал қалғандары 10- дың айналасында. Бұл жерде 20 пайыз - 80 пайыздан неге жоғары тұр деген сұрақ өз-өзінен туындап тұр емес пе? 
Еліміздің орыс тілді билігі бізді 25 жыл бойы «Қазақ тіліне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ», - деп алдаусыратумен келеді. Қазақта "Көрмес түйені де көрмес" деген мақал бар. Қазақтың Ана тіліне ең үлкен қауіп Кәрім Мәсімов басқарған өкіметтен болып тұр. Оның ең басты «айдай» айғағы, үкімет басының және оның мүшелерінің өздері басқарып отырған мемлекетінің мемлекеттік тілін тиісті деңгейде білмеуі. Мемлекет құраушы ұлттың өкілдерімен аудармашы арқылы сөйлесуі. Меніңше, Мемлекеттің мемтіліне бұдан асқан қауіп болуы еш мүмкін емес. 
Енді осының үстіне 25 жылда Қазақстан Ассамблеясын құрайтын 129 ұлттың (біздің биліктің сөзінше)  бірде-бірінің мемлекеттік тілді меңгермегенін қосыңыз.  
 Ғалымдардың тұжырымы бойынша, ақыл-есі толық дамымаған, тек қана сөйлеу қабілетіне ие адамдардың өзі үш жылда кез-келген тілді меңгеріп кетеді екен. Ал Қазақстан билігінің тілі үш жыл түгілі 25 жылда да шықпады. Демек, бұл үкіметтің 25 жылда шықпаған тілі енді өздігінен ешқашан шықпайды. 
Біздің Үкімет 11 шілде 1997 жылғы «ҚР тiл туралы» заңының 4-ші бабының талаптарын орындаудан бас тартып отыр. Онда: 
«4-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi - қазақ тiлi.  
Мемлекеттiк тiл - мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi.  
Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӘРБІР АЗАМАТЫНЫҢ ПАРЫЗЫ» - делінген.         
Өзінің азаматтық парызын, Халықтың талабын және Елбасымыздың «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген тапсырмасын орындамай елімізді әртүрлі: діни, ұлттық, экономикалық т.т. дағдарыстарға ұшыратып, билік иелері арасында аса қатерлі деңгейде парақорлық пен жемқорлыққа жол бергені  үшін бұл үкіметтің отставкаға кетуін талап етемін. 
Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім,
Маңғыстау  
Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364