Мәскеудегі өзбек аспаздарын пара бермегені үшін жер аудара жаздады
Өзбекстанның бес азаматының мәлімдеуінше, жақында олар Мәскеудегі Митино ауданында полиция мен соттың заңсыз әрекетінің құрбаны бола жаздады. Халықаралық коммерциялық емес "Тонг Жахони" ұйымы пара беруден бас тартқан еңбек мигранттарын арашалап қалды.
Өзбек мигрантының Азаттық радиосына хабарлауынша, өткен сенбі күні өзбектер жұмыс істейтін кафеге учаскеліп инспектор келіп, өзін таныстырмастан еңбек мигранттарының құжаттарын тексере бастаған. Құжаттардан ешқандай заң бұзушылық таппаған ол пара сұраған. Талабы орындалмаған соң, ол Өзбекстанның бес азаматын Митино аудандық полиция бөлімшесіне алып барған.
Бөлімшеде оларды ешқандай негізсіз екі тәулік ұстаған. Мигранттың айтуынша, екі күн бойы оларға тамақ бермеген, екі мәрте ғана әжетханаға шығуға рұқсат еткен. Дүйсенбі күні таңертең бес өзбек аспазын Тушинск аудандық сотына апарған.
Кафе қожайындарының бірі халықаралық коммерциялық емес "Тонг Жахони" ұйымына көмек сұрап барған. Ұйым жетекшісі Валентина Чупик Тушинск аудандық сотына барып, мигранттарды заңсыз ұстаған полиция әрекеті туралы судьяға жеткізді.
"Соған қарамастан, судья оларды елден шығару туралы үкімін оқи берді. Ресейдің адам құқықтары жөніндегі уәкілі Андрей Бабушкинге хабарласқан соң ғана, олар мигранттарды босатты", - деді Валентина Чупик.
Абай-ақпарат