Жұма, 27 Қыркүйек 2024
Қоғам 4115 0 пікір 15 Тамыз, 2016 сағат 14:33

ТӘУЕЛСІЗДІК МЕРЕКЕСІН "САРЫ" ДЕҢГЕЙМЕН ҚАРСЫ АЛАМЫЗ

Қазақстанның террорға қарсы орталығы ел аумағында террорлық қауіптіліктің"сары" деңгейі 2017 жылдың 15 қаңтарына дейін ұзартылғанын хабарлады.

«Сары» деңгей Ақтөбе және Алматыдағы оқиғалардан кейін енгізілген еді. Біздің билік ол шабуылдарды "теракт" деп атады.

5 маусымда белгісіз топ Ақтөбедегі Ұлттық ұланның әскери бөліміне қарумен шабуылдады. Шабуылдаушыларды билік "радикалдық діни ағым" өкілдеріне жатқызды. Шабуыл кезінде төрт тұрғын және үш әскер қызметкері қаза тапты.

18 шілдеде Алматыда бір адам полиция қызметкерлеріне шабуыл жасап, бес адамды өлтірді.

Енді, осы "сары" деңгей 2017 жылдың 15 қаңтарына дейін созылып отыр. Осы орайда "сары" деңгейдің уақыты неге 15 қаңтарға дейін таңдалынып алынды?" деген заңды сұрақ туындайды. 

Біріншіден, көлеңкесінен үркетін шенділеріміз Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығын тойлауға үрейленіп отыр. Олар осы айтулы мерекелерде "сары деңгейді" желеу етіп, халықтың көп жиналмауы үшін бар күшін салмақшы. 

Екіншіден, жер комиссиясы оң шешім қабылдап, мораторийді бес жылға созуды ұсынды. Бұл арада Елбасы шешімі қалай болатыны әлі белгілі емес. Сондықтан да, елді үрейде ұстап, "сары деңгейді" сақтап тұрған тиімді. 

Үшіншіден, жаңа жылдың алдында азық-түлік қымбаттап, халық тұтынатын тауарлардың бағасы шарықтауы мүмкін. Мұндай кезде халық мінез көрсетіп жатса, "сары деңгей" деген таптырмайтын сылтау. 

Түйін

Қош! Біз Ақтөбедегі һәм Алматыдағы жағдайлардан кейін елімізде теракт болу қаупі жоқ дей алмаймыз. Десек те, Азат ел болғанымыздың 25 жылдығын халық үреймен емес, қуанышпен қарсы алуы тиіс. Ол үшін Елбасымыз "Қазақ жері шетелдіктерге мәңгілікке сатылмайды һәм жалға берілмейді, жер дауына қатысты істі болған азаматтар босатылсын" деп сүйінші хабар таратса, бізге "сары деңгейдің" түкке қажеті болмай қалар еді. 

Сіз не дейсіз?

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

0 пікір