Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3646 0 пікір 1 Маусым, 2009 сағат 06:03

Сыртқы саясаттағы сыңаржақтық

 

 

Алдағы кезең Қазақстан үшін үлкен сынға айналатын түрі бар. Және мәселе күллі әлемді шарлап кеткен қаржы дағдарысына ғана келіп тірелмейді. Ол тек  біздің осал жерлерімізді байқатты. Ал енді осы емтиханнан әлсіз боп шығамыз ба, әлде қиындықтарды еңсеріп, бақуатты боламыз ба, ол  тек өзімізге байланысты.  Сондықтан тегін жатқан шикізатты сыртқа сатуға дағдыланған экономикамызға заман талабына лайық бағыт-бағдар беруіміз жөн, қоғамда қордаланған талай  әлеуметтік түйткілдерді тарқату, жемқорлықты ауыздықтау, басқа да маңызды шаралар өз кезегін күтуде. Қатардағы осынау міндеттердің арасында сыртқы саясатымызды мейлінше күн тәртібіне сай оңтайландыру, сол арқылы ұлттық мүдделерімізді халықаралық деңгейде ұтымды жүргізу мәселесі де өзектіленді.
Көпқырлы саясат: не ұттық, неден ұтылдық?
Егемендігін жариялағаннан бері Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясат ұстанып келеді. Расын айту керек, әл-ауқаты орташа мемлекет бола тұра, басқаша әрекеттену қисынсыз болар еді. Бәлкім, содан шығар, 1992 жылы біздің Президентпен кездескенде аты әлемге танымал бір саясаткер былай депті: «Мен сіздің орныңызда бола қалсам, таңертең оң көзімді ашқанымда – Қытайды, сол көзімді ашқанымда – Ресейді көрер едім. Сонда мен: «Иә, Құдай, бұл маған не қылғаның?» – деп зар салар едім». Бұл сөздер ондаған араб елдерімен соғыс жағдайында отырған ұлтарақтай жер – Израильдің басшысы Шимон Переске тиесілі. Қалай болғанда да, өткен жылдар ішінде сыртқы саясатымыздағы осы көпвекторлық ұстаным өзін-өзі ақтады дей аламыз.
Бұрынғы КСРО мемлекеттерімен (алдыңғы кезекте Ресеймен) байланыстарды үдете отырып, біз Батыспен де (әсіресе АҚШ-пен), Шығыспен де (әсіресе Қ+ытаймен) қоян-колтық араласуға бет алдық. Сол арқылы мемлекетіміздің қалыптасуына, экономикалық дамуымызға алғышарттар туғыздық. Ұзақ уақыт әлемдік саясатта ортақ мүдделерден гөрі, бақталастыққа бой ұсынған алып осы үш күштің ара-салмағын сақтағандай болдық. Бұған олардың өздерінің Қазақстанда, тіпті толықтай Орталық Азия аймағында теңдей дәрежеде орныққаны өз әсерін тигізді. Айталық Ресей көбіне сауда-экономикалық, интеграциялық жобаларда басымдық танытса, Америка пен Қытай энергетикалық салада, ұзақ мерзімді инвестициялар жұмылдыруда белсенділік көрсетті. Ал осы үштік тиісінше жетекшілік ететін әскери-саяси құрылымдар да – ТМД-ның Ұжымдық қауіпсіздік шарты, НАТО, Шанхай ынтымақтастық ұйымы  бір-бірімен теке-тіреске түсуге жол бермеді.   
Алайда көргені көп қарт Уинстон Черчилльдің айтқандай, бұл дүниеде мүдделерден басқа мәңгілік ешнәрсе жоқ, әсіресе сыртқы саясатты сөз еткенде.
Соңғы жылдары әлемдік сахнада орын алған оқиғалар Абылай хан негізін қалап кеткен басты дипломатиялық ұстанымды қайта қарауға түрткі болғандай. Сырт көзге Астананың іс-қимылында қандай да ірі өзгерістер байқалмайтын сияқты. Мемлекет басшысының таяу және шалғай өңірлерге сапарлары әдеттегідей жалғасын табуда, түрлі саммиттер, халықаралық кеңестер, форумдар өткізілуде, «маңызды келісімдерге» қол жетуде. Десе де, жағдайға тереңірек үңілсек, жаңаша үрдістерді байқаймыз.
Ең алдымен, Қазақстанның сыртқы саясатындағы екі факторға тоқталып көрелік. Біріншісі – көзделген міндеттер мен олардың орындалуының арасындағы алшақтық. Кез келген бастамаларды алып қарасаңыз, осыған дәлел табасыз. Мәселен, посткеңестік кеңістіктегі инте¬грацияны дамытамыз дедік, бірақ аталмыш жоба алға басқаны былай тұрсын, жыл өткен сайын, керісінше, бәсеңдеп барады. Тіпті Достастық құрылған 1991 жылмен салыстырғанда, оған енген елдердің арасындағы түйткілдер бүгінде көбейе түсті:  Ресей мен Грузия арасындағы қарулы қақтығыс, Украина мен Ресей ортасындағы таусылмас кикілжіңдер, Әзербайжан мен Арменияның Таулы Қарабах үшін дауласуы, Молдовадағы дағдарыс. ТМД-ның өзіне келсек, Түркіменстан бұл ұйымда сөз жүзінде ғана мүшелігін сақтап отыр, Достастықтан біржолата шығатыны жайында Грузия мәлімдеді. Өзбекстан болса таяуда Еуразиялық экономикалық қоғамдастықпен қош айтысты, ал Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы мүлде Мәскеудің қарамағына көшіп барады.
Шамамен осыдан бес жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев былай деп еді: «Біздің аймаққа экономикалық үстемдігін орнату үшін ұлы державалар күрес жүргізіп отыр. Осындай жағдайда біздің алдымызда қиын таңдау тұр: не әлемдік экономиканы шикізатпен қамтамасыз етумен шектеліп, жаңа империяның келуін күту, не Орталық Азияда мардымды интеграцияны жолға қою. Менің қалауым – соңғысы». Алайда тіпті аймақтық шеңберде топтасу жөніндегі Қазақстан Президентінің соңғы бастамасы (2008 жылдың көктемі) айтарлықтай қолдаусыз қалды. Ресми Бішкектен басқа Астананың аталмыш үндеуіне Ташкент, Душанбе, Ашғабадтағылар қандай да ынта білдірмеді.
Аймақтағы басқа басымдықтарымызға келсек, мұндағы ахуал да жоғарыдағы мысалдардың баламасы іспеттес. Мәселен, Иран, Пәкістан, Үндістанның ШЫҰ-ға енуге деген үміткерлігі жауапсыз қалып, бұл ұйым белсенділігін жоғалтып барады. Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенім шаралары жөніндегі Астананың ендігі жобасы нақты берешегі шамалы құжаттарды қабылдаудан әрі қадам баса алмай-ақ қойды.
Қазақстан дипломатиясына ықпал етуші ендігі фактор экономикалық құлдыраумен, әсересе ғаламдық қаржы дағдарысы кесірінен, геосаясаттағы шиеленіспен, Ресей мен НАТО арасындағы алауыздықпен, Үндістан мен Пәкістандағы лаңкестердің күшеюімен, Ауғанстандағы соғыспен, тағы да басқалармен байланысты. Байқасаңыз, мұның бәрі Астананың өзінің сыртқы саясатта жаңаша әрекеттенуін талап етеді.
Бір ғана мысал: 2008 жылдың тамыз айындағы Солтүстік Кавказдағы қанды қақтығыс. Сол кезде қазақ билігінің алдында екі таңдау тұрды: біріншісі, стратегиялық одақтас болып саналатын Мәскеуді жақтау, екіншісі, ТМД аясында серіктес болған, соңғы жылдары тәп-тәуір экономикалық ынтымақтастық орнатуға ықылас танытып келген Тбилисидің көзқарасын қолдау. Астана мұндай «тығырықтан» оңай құтылғандай. Арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмейтіндей сыңай танытып, шалғай саясат ұстанды. Бірақ аз да болса Кремльдің ыңғайына жығылғандай болдық. Әзірше Мәскеу бұл жағдайдағы Қазақстанға деген «өкпесін» сездірмеді. Ал Астана жеме-жемге келгенде, Грузиямен жасасқан бірқатар ауқымды жобалардан бас тартты. Демек, екі ортада ресейліктердің де көңілін көншітпедік, Грузиямен арада экономикалық мүдделерден ұтылдық.
«...бірің дос, көрмесең істің бәрі бос»
Геосаясат – ең алдымен, мүдделердің тартысы. Путиннің дәуіріндегі Ресей баяғы  державалық қалпын қайтарып, алып мемлекетке айналу үстінде. ТМД-ға мүше елдердің көпшілігі осы тұрғыдағы Кремльдің қадамына сескенумен қарауда.  2000 жылы билікке келгенде Путин: «Соңғы он жыл бойында біз тек жоғалтып келдік, ендігі уақытта тек аламыз», – деп жариялады. Осы беталысты Ресейдің жаңа президенті Медведев былай өрбітті: «ТМД кеңістігінде біз айрықша лауазымға иелік етеміз». Осы сынды мәлімдемелер кешегі Грузиядағы соғыстан көрініс тапса, ертеңгі күні басқаларды өз дегеніне көндіруде жалғаспайтынына кім кепіл? Ал «үлкен үштіктің» қалған екеуі – Аспан асты елі болсын, Америка болсын  қол қусырып отырмайтыны белгілі.
Бұл тұста 2008 жылдың қарашасында мемлекет      басшысы сыртқы саясаты¬мыз¬дың жаңа тұжырымдамасын дайындауды тапсырғаны кездейсоқтық емес. Сонда сыртқы істер ведомствосының басшысы Марат Тәжин мырза қазақстандық дипломатияның жаңа басымдықтарын 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуімен түсіндірді. Бірақ төрағалықтың өзі –  Қазақстанға көрсетілген сый-құрмет қана емес, зор жауапкершілік. Біріншіден,  демократия мен адам құқықтарын қорғауға қатысты халықаралық стандарттарға сай болуға, екіншіден, кезінде Қазақстанды осындай лауазымды мансапқа көтерген ТМД елдеріне ЕҚЫҰ атынан сыни мәлімдемелерді жариялауға тура келеді. Алайда жаңа тұжырымдаманың өзектілігі бір ғана төрағалықпен анықталмайды. Еуразияға, оның ішінде Орталық Азияға үстемдік орнату үшін текетірес жаңа кезеңге аяқ басты. Соңғы 10-15 жыл бойы сақталып келген тепе-теңдік жойылып барады. Әсіресе, Ресей мен АҚШ арасындағы тайталас күшеюде. Өз ішінде аймақ елдерінің бірікпей, әркім өз қара басын ойлауы, сырт күштердің қатқыл әрекеттеріне қолайлы жағдай қалыптастыруда. 
Дәл осындай жағдайда «көпвек¬торлықтың» келешегі бұлыңғыр. Ресей – стратегиялық одақтасымыз, АҚШ – стратегиялық серіктесіміз, ал Қытай мәңгілік көршіміз әрі досымыз. Демек, қайтадан күрделі дилемма алдында тұрмыз. Немесе үйреншікті әдіспен «үлкен үштіктің» арасында сөз бен істі ыңғайландырып қала беру немесе бір алыпқа басымдық беру. Бірақ үшінші жолмен де жүруге болады. Бұл тұрғыда алысқа бармай-ақ іргедегі Түркіменстанның тәжірибесін алайық. Түркімендер тәуелсіздікке қол жеткізген сәттен бері бейтарап саясатты ұстанатынын жариялады. Сол арқылы жекелеген алып державаларға жағып, көңілінен шығу қамын көксеген бас аурулардан арылды. Сонымен бірге тіпті төсекте басы қосылмаса да, төскейде малы қосылған Ауғанстанмен шекаралас жатқан Ашғабад соңғы он сегіз жылдан бері қамсыз өмір кешіп келеді. Мұны дабыра жасап, шу шығарып жатқан олар жоқ. Иә болмаса, Швейцарияны мысалға келтірейік. Кезінде Екінші дүниежүзілік соғыстың қақ ортасында отырып, осы кішігірім елдің  бейтарап саясаты оны көптеген қиындықтардан арашалап қалды емес пе? Ал ірі державалар әлдебір саяси, экономикалық пиғылдарға жүгініп, бастарын жарғысы келсе, ерік өздерінде. Бірақ оған біздің қандай қатысымыз болу керек? Мәселе дәл осында.

 

 

Автор: Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы   
«Жас Қазақ» газеті 29 мамыр 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3242
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394