Жексенбі, 24 Қараша 2024
Қоғам 6745 0 пікір 9 Тамыз, 2016 сағат 14:34

«ЖЕР ИЕЛЕНУШІЛЕР ТУРАЛЫ АҚПАРАТТЫ ЖАРИЯЛАУ ЗАҢҒА ҚАЙШЫ ЕМЕС»

Жер реформасы жөніндегі комиссия жұмысын бастағалы бері үнемі көтеріліп келе жатқан бір мәселе бар. Ол – ірі жер иеленушілер туралы ақпаратты жария ету. Комиссияның Қызылорда облысында өткен кезекті көшпелі отырысында бұл мәселе тағыда айтылып, сол жолы ауыл шарушашылығы министрі Асқар Мырзахметов былай деген еді: «Бұл мәселе бұған дейінгі отырыстарда да көтерілген. Ал, енді, ол тізім (ірі жер иеленушілері – авт.) қазір міне толық анықталуға жақын. Бірақ бұл жерде бір мәселе бар. Біз енді заңды да ескеруіміз қажет. Заңды да құрметтеуіміз керек. Заңды айтылған, ол меншік иесенің келісімі болса, сонда ғана оны жариялауға болады, яғни ол жерде белгілі дәрежеде шектеу бар. Қазір біз сол жөнінде келісіп жатырмыз. Егер олардың келісімі болған жағдайда оны жариялауға болады. Ал егер келісім болмаған жағдайда заң жағынан белгілі бір проблемалар туындауы да мүмкін» (baq.kz). Ал, «Нұр Отан» партиясының мүшесі Айдын Егеубаев болса, ірі жер иеленушілер туралы ақпаратты жариялауда министр айтқандай «заң жағынан белгілі бір проблемалар туындауы» мүмкін емес, сондықтан тез арада ірі жер иеленушілер туралы ақпарат жарияланбаса, министрлікті сотқа беремін деп отыр. Ол бұл сөзін фейсбуктегі жеке парақшасында тамыздың жетісі күні жазған. Онда Егеубаев: «Дербес деректер және оларды қорғау туралы заңға сәйкес, жеке және заңды тұлғалардың жылжымайтын мүлік соның ішінде жер телімдері туралы мәлімет дербес деректерге жатпайды. Сондықтан, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің Қазақстан немесе шетелдік жеке және заңды тұлғаларға жалға берілген, сатылғаны жөніндегі ақпарат, оны жинау, таратуды аталған заң реттемейді. Керісінше, ҚР Ақпаратқа қолжетімділік туралы заңының 6 бабында ауыл шаруашылығы туралы ақпарат ақпараттың қолжетімділігін шектемейтін деңгейіне жататыны анық жазылған. Ауыл шарушылығы мақсатындағы жерлер ауыл шаруашылығы саласына жататындықтан, ірі жер иеленушілер туралы ақпарат барша адамға қолжетімді болуы тиіс.» Егеубаев өзі негізге алып отырған Ақпаратқа қолжетімділік туралы заңының 10 бабына сілтеме жасай отырып, барша азаматтарды өздерінің ауыл-аудан, облыс-аймақтарындағы  жер телімдеріне қатысты білетін ақпараттарын сайттарда, әлеуметтік желілерде жариялауға шақырады. Ал, жер иеленушілер туралы ақпарат содан кейін де жарияланбаса, министрлікті сотқа беремін дейді.

Сот демекші, Айдын Егеубаевты Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев сотқа берген. Себебі, Сапарбаев ШҚО облысын басқарып тұрған кезде қытайларға жер сатты-мыс деген алып-қашпа әңгіме таратып, жала жапқаны үшін сотқа берген еді. Алайда, Егеубаев: «Мен Сапарбаев жер сатты деп айтқан жоқпын. 2010 жылы қытайлар келді. Ол кезде облыс әкімі Сапарбаев болатын дедім» дейді. Ал, Сапарбаев болса: «ШҚО-да ешқандай жер сатылған жоқ. Мен көп ойланып, оны сотқа беруді жөн деп шештім. Елдің азаматы ретінде сотқа беремін. Бұлай айту үшін оның қолында дәлел, шешім болуы керек. Ол жерлерді сол ауданның кәсіпкерлері, шаруалары сатқан» деп мәлімдеген еді.

Нұра Матай

abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5552