Оңтүстік қазақстандық делегация австрияда жұмыс сапарымен жүр
Оңтүстік қазақстандық делегация австрияда жұмыс сапарымен жүр. Бұл туралы «Abai.kz» порталы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Тамыз айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы делегациясының Австрия Республикасына іс-сапары басталды.
Жұмыс сапары шеңберінде Оңтүстік Қазақстан облысы делегациясының мүшелері аталған елдегі дәнекерлік электродтар шығаратын Voestalpine Böhler Welding зауытын, Ласницхёэ оңалту орталығын және Andritz AG су электр стансасын тамашалады. Сонымен қатар, оңтүстікқазақстандық делегация Штирия Федеральді жерінің ресми және іскерлік топтарының өкілдерімен кездесу өткізді.
Оңтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы М.Қарабаев пен «Ontustik Tourism Center» ақпараттық орталығы директорының міндетін атқарушы Ж.Төлебеков Австрия тарапына Оңтүстік Қазақстан облысының туристік мүмкіндіктерін таныстырса, Штирия кәсіпорын иелері және туризм бірлестігінің өкілдерімен өзара ынтымақтастық перспективалары талқыланды.
Айта кететін тағы бір жайт, оңтүстікқазақстандық делегацияның Автрияға сапары кезінде бүгін ондағы әлемге әйгілі веналық Ringenstrasser галереясында «Оңтүстік» көркем сурет көрмесі өз жұмысын бастады.
Абай-ақпарат