Кикілжің: Мақтаралда жағдай тұрақталды
Шілденің 31-і күні Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданына қарасты С.Сейфулин ауылында тұрғындар арасында жаппай тәртіпсіздік орын алды. Бұл туралы «Abai.kz» порталы ОҚО Ішкі істер департаментіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Ауыл тұрғындары арасында тұтанған тұрмыстық деңгейдегі кикілжіңнің салдарынан бұзақылық актілері тіркелген.
Оқиға орына ОҚО әкімінің орынбасары, Прокуратура өкілдері, ІІД қызметкерлері мен аудан әкімі барып, мәселенің мән-жайымен танысқан.
Ал бүгін Сейфулин ауылында аудандық мәслихат депутаттарының қатысуымен ауыл ақсақалдарының жиналысы өтті. Оған жергілікті әкімшілік өкілдері, қоғамдық ұйым өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.
Кездесу барысында екі тарап өкілдері ортақ келісімге келген. Қазіргі таңда жағдай ІІД бақылауына алынған.
Абай ақпарат