Жексенбі, 24 Қараша 2024
Билік 6534 0 пікір 14 Қараша, 2016 сағат 08:17

ТӨЛ ТЕҢГЕМІЗГЕ - 23 ЖЫЛ

Төл теңгемізге – 23 жыл. Тәуелсіздік алған жылдардан бері есептесек, төл теңгемізді көне валюталар қатарына жатқыза алмаймыз, бірақ теңгенің тарихы тереңде. Десе де, өз салмағы мен бағамы бар теңгенің қалыптасу, бекітілу тарихы да бір кезең. Президент Нұрсұлтан Назарбаев кезінде теңге банкноттарының Англияда бастырылып, елге ұшақпен жасырын жеткізілгені жайында жазған болатын. Қалай қаражат бөлінгені, тіпті Президент резиденциясын жөндеу жұмыстарына деп бөлінген қаржыны, шетелде банкнот бастыруға жұмсалғанын зор ықыласпен еске алады, - деп жазады "Түркістан" газетінің тілшісі.

«Ұлттық валюта ретіндегі теңге, біздің еліміздің тарихында өзінің рөлін тәуелсіздіктің экономикалық негізі ретінде ғана атқарған жоқ. Кейбір жағынан алғанда теңге – бұл тарихымыздың өзінің толымды бір бөлігі, өз заманының нысаны». Н.Назарбаев

«Жеті миллион доллар тауып, ақшамыздың қалған бөлігін шығаруға қажетті шығынды төледік. Төрт «Ил-76» ұшағын жалдап, ақшамыздың 60 пайызын елге тасып әкелдік. Бұл өте құпия операция еді. Құжаттарға «Мемлекет басшысының салынып жатқан резиденциясына керекті мүлік» деп жазылды. Оған дейін облыстарда жерасты қоймасын жасатып қойдық. Төрт ұшақ аптасына Лондон – Орал, одан облыстарға дейін әрлі-берлі он сегіз рейс жасап тұрды. 12 қарашаны мен «ақшаны енгізу күні» деп жарияладым. Жиырма күнге жетер жетпес уақыт қалды. ҰҚК басшыларының бәрін операцияны өткізуге жұмылдырдым. Ең қиыны – ақшаны барлық аудандарға, барлық банкілерге жеткізу. Ол сегіз күннің ішінде атқарылып шықты. Бәлкім, дүниежүзінде жаңа ақшаны енгізу тап осындай тез әрі табысты жүзеге асырылған жоқ шығар», – деп жазады Президент естеліктерінде.

1991 жылы Елтаңба мен туды талқылау барысында ұлттық валютаны бекіту мәселесі қолға алынды. Ұлттық валютасыз экономикалық тәуелсіздікті қамти алмасымыз анық еді. Сол уақытта айналымда кеңестік рубль болған,  1991 жылдың 26 желтоқсанында бұл валюта өмір сүруін тоқтатса да, Қазақстанда 1993 жылға дейін қолданыста болды. Еліміз кеңестік валютаны қолданыстан шығарған соңғы ел. Бұдан әрі еліміз өз қаржы саясатын жүргізуді қолға алды.  Осылайша Қазақ КСР Парламенті 1991 жылдың 25 қазанында «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларацияны қабылдады және осы өкілдігі жоғары мемлекеттік органның шешімімен 1991 жылдың 10 желтоқсанында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Қазақстан Республикасы болып атауын өзгертті.  Көп ұзамай 1991 жылдың 16 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданып, онда Қазақстан Республикасында тұңғыш рет өз бетінше қаржы-несие жүйесімен ақша-несие саясатын жүргізу туралы заңның негізі қаланды. 1993 жылдың 13 сәуірінде «Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі туралы» заң қабылданды.

Қазақ теңгесінің алғашқы қағаз бетіне түскен кескіндемелері жазушы Олжас Сүлейменовтің саяжайында дүниеге келген. Елбасы өзінің «Қазақстан жолы» еңбегінде теңге операциясы жөнінде былайша еске алады: «Мен күн сайын кешке қарай біздің топ жұмыс істеп жатқан қала сыртындағы саяжайға келемін. Ақшаның қалай аталуы жөнінде бізде үлкен айтыс болды. Оларды «сом», «ақша» немесе «теңге» деп атау ұсынылды. Менің өзіме «алтын» атауы ұнады. Ақыр аяғында, орта ғасырлық тарихтан, Қыпшақ даласының жерлерінде айналымда болған «тәңгә» деген құйма, ақшадан шығарып «теңгеге» тоқтадық. Шынында да  «деньги», «теңге» сөздерінің түп-төркіндері бір еді».

Алғашқы банкнотты ағыл­шынның «Харрисон мен ұлдары» компаниясы басты. Компания суретшілері мен отандық суретшілер бірлесе отырып, теңгеге түсетін тұлғалардың суреті мен өрнектері анық­талды. Коллекциялық банк­нот­тарды былай қойғанда, теңгенің осы жылдар аралығында бірнеше рет өзгергенін атап өткен жөн. Мәселен, кезінде қағаз ақшаны бедерлеген Әбілқайыр хан, Сүйінбай, Абылай хан мен Шоқан Уәлихановтың суреттері қазіргі банкноттарда жоқ. Уақыт талабына сай теңгенің дизайны өзгерді. Кейін Алматы қаласында Ұлттық банктің Банкнот фабрикасы, Өскеменде Монета сарайы ашылды.

Төл теңге тәуелсіздік жылна­ма­сындағы ең елеулі оқиғалардың бірі. Теңгенің алғаш қолданысқа енгізілген күні халықтың да, банк қызметкерлерінің де есінде. 1993 жылы қарашаның 1-і күні Ұлттық банктің облыстардағы филиалдарына “Х” күні ашылады деген құпия конверттер жеткізілді. Жаңа валютаның атауы – “теңге”, ал ұсағы – “тиын” еді. 13 қарашада барлық газеттер жаңа валютаның суреттерін берді. Ақша купюрасы, теңге мен тиындар, ауыстыру тәртібі туралы республикалық, облыстық баспасөз жаппай хабарлап жатты. Ал қарашаның 15-інен 20-сына дейінгі уақыт сомды теңгеге ауыстыру үшін берілді. Алты күнде халық қолдағы ақшасын тәуелсіз елдің валютасына айырбастауы тиіс еді. 1 теңге – 500 сом. Ұлттық банк сол кездегі инфляцияны есептей отырып, 1 теңге – 1000 сом деген бағамды ұсынғанмен, саяси жағдайларға байланысты бұл ұсыныс қабылданбады. Айтқандай, экономистер мен сарапшылар еліміздің өз валютасына көшуді тым кеш қолға алғанын айтып, өкініш білдіреді. Себебі айналдырған екі жылдың ішінде сабан ақшаны елге әкеліп, орнына тонналап тауар тасып алғандар саны көп болған. Бұл өз іргетасын қалап, саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени мәселелерін реттеуді қайта қолға алған мемлекет үшін ауыр кезең болатын. 1992 жылы 17 қаңтарда Ұлттық банк төрағалығына Ғалым Байназаров тағайындалды. Кейіннен экономист бұл жылдардың өз алдына мемлекет боп бөлініп шыққан Қазақстанға ауыр тигенін жазады. Себебі экономикасы, қаржысы, банк жүйесі де бір орталықтан – Мәскеуден басқарылатын. Алыс-жақын шетелдермен есеп-қисап айырысатын шоттар, ішкі және сыртқы есеп-қисап ашатын жүйе, дербес төлем балансы, басқа да инфрақұрылымдық жүйелер атымен жоқ еді. «Осылайша, кеңестік біртұтас экономика ыдырағаннан кейін егемендік алған мемлекеттер үлкен қиындықтарға ұшырады. 1991-1992 жылдары өзінің ұлттық валютасы жоқ рубль аймағындағы елдер амалсыздан Ресейдің экономикасында жүргізіліп жатқан реформаларға, қаржы және несие саясатына тәуелді болып қала берді. Ал Ресейде Т.Гайдар бастаған «жас монетаристер» тобы үкімет билігіне келіп, бағаны бетімен жіберді. Соның салдарынан ақшаның құнсыздануы, тауардың тұтыну бағасының өсуі – инфляция шарықтап кетті. Мысалы, 1991 жылы инфляция деңгейі бір жылдың ішінде 147,1 пайызға, 1992 жылы 2960,8 пайызға жетіп, ал 1993 жылы 2165 пайыздан асып жығылды. Сөйтіп, алғашқы үш жылдың ішінде 5 мың пайыздан астам инфляция туындады. Ал ол кезде Үкіметтің қолында инфляциямен күресетін арнайы қаражаттық қор немесе орталық банкте алтын-валюта резерві және басқадай жағдай болған жоқ», – деп жазады Ғалым Байназаров. Иә, бұл жылы тіпті алтын-валюта резерві де әлі құрылмаған еді.  Мемлекеттік бюджет үлкен дефицитпен жоспарланды. Осындай қиын жағдайда Ұлттық банк үш негізгі мақсатты белгіледі. Бірінші – дербес экономика құру, дербес ақша-несие саясатын қалыптастыру, тәуелсіз банк жүйесін құру керек болды. Екінші – ұлттық валютаны жасау міндеті алға шықты. Үшінші – ақша-несие мәселесіне байланысты инфрақұрылым қалыптастыру қажеттігі туындады. Яғни, банкноттық фабрика, монета сарайы, валюта және құнды металл, бағалы қазынаны сақтау қоймалары, электронды және валюталық биржалар қалыптастыру, дербес төлем жүйлері мен шетел банктерімен қарым-қатынас орнату сияқты мәселелер алға шықты. Мұның барлығы бізде болмағандықтан, ұйымдастыру жұмыстары бірнеше жылға созылды.

Дегенмен,  ұлттық валютаны енгізу инфляцияны тоқтатқан жоқ. Ұлттық валюта енгізілгеннен кейінгі алғашқы екі жыл біздің еліміз үшін өте қиын жылдар болды. Жалпы, экономикалық сипаттағы объективтік қиындықтар шетел валютасына сұраныстың өсуіне, ізінше бағаның өсуіне әкеліп соқты. 1994 жылы кәсіпорындардың сәтсіз жүргізілген өзара шаруашылық есептесуі сияқты экономикалық жаңсақтықтар алғашқы айларда теңге айналымының жағдайын ауырлатқаны шындық. Енгізіл­геннен кейін алғашқы 7 айда теңге 8 есе құнсызданды. Десе де, оңтүстік-шығыс Азия елдеріндегі қаржы дағдарысы тұсында теңге дес бермеді. Ал Ресейде 1997 жылы рубль бір күнде мың есеге құлдырап шыға келген. Дәп сол жылы еліміз ескі валютада қала берген болса етегін жинап үлгермеген ел үшін ауыр соққы болары кәміл еді. Қажетті жабдықтар мен заманауи технология алынған соң теңге елімізде бастыралатын болды. 1995 жылы банкнот фабрикасы ашылды. Ұлттық валюта нығая түсті, өндіріс дамыған сайын шетел капиталының ағыны ұлғайды, отандық ірі инвесторлардың келуімен ұлттық валюта рыногы да кеңейе түсті. Төл теңгеміз – ұлттық валютамыздың болуы Ұлттық банкке тәуелсіз ақша-несие саясатын жүргізуге мүмкіндік берді. Бюджет тапшылығын жабуға арналған кредиттер мен директивтік несиені беру тоқтатылды. Экономикаға несие беру функциясы екінші деңгейдегі банктерге толықтай берілді. Ұлттық банк өзінің негізгі міндеті – ұлттық валютаны тұрақтандыру, яғни инфляция қарқынын бәсеңдету және бағамды тұрақтандырумен айналысуға мүмкіндік алды. Ұлттық банк қайта қаржыландыру ставкасынан, ішкі валюта рыногындағы өктемдіктердің міндетті резервтері нормаларын енгізуден басқа, меншікті бағалы қағаздарын (қысқа мерзімді ноттарды) шығарып, ашық рынокта операциялар жүргізіп, несиелер бере бастады. Ақша-несиелік саясаттың тиімділігін арттыруға 1995 жылғы наурыздағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі туралы» Заң себепші болды. Ол бойынша Ұлттық банк өз қызметінде тәуелсіз және Қазақстан Республикасының Президентіне ғана есеп беретін болды.

1993 жылдың 20 қазанынан бастап теңгенің өзге елдердің валюталарына шаққандағы бағамы белгіленді. Ең бірінші, 1 АҚШ доллары – 4,75 теңгеге тең болды. Қазір мұндай жақындастық жоқ. 1 доллар – 339 АҚШ доллар. Тәуелсіздік жылдары теңге бағамы неше рет құбылды, ел экономикасының өсу инерциясына байланысты теңгенің бағамы құлдырады да, шикізат экспорты есебінен теңге бағамы көтерілді де. Бірнеше жыл бойы тұрақты экономикалық өсім теңгенің нақты бағасын ұстап отырды. Бірақ соңғы жылдары мұнай бағасының түсуі теңге құнын да түсірді.

Әлбетте, төл теңгеміздің құны шетел валюталарына шаққандағы құнымен есептелмейді. Әсілі, ұлттық валюта тәуелсіздігіміз бен дербестігімізді паш ететін негізгі фактор. Экономикасы дамыған, тамыры тереңде жатқан мемлекеттердің валютасымен теңесе алмайтынымыз анық. Енді ғана тәй-тәй басқан еліміздің асар белестері көп. Инфляция деңгейі соңғы айларда төмендеген, отандық банктерде сақтаулы депозиттердің көпшілігі теңгеге ауыстырылған, банк операциялары мен сауда-саттық теңгемен жүзеге асады. Олай болса қазақ теңгесінің дәурені алда демекпіз.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5560