Еуроодақ Трамп инаугурациясына дейін Ресейге қарсы санкцияларын созып тастайды
Еуроодақ Украинадағы жағдайға байланысты Ресейге қарсы енгізілген санкцияларын биыл желтоқсанда созуды көздеп отыр. Бұл туралы Reuters агенттіне дипломатиялық ортадағы дереккөз хабарлады.
Шектеу шараларының уақыты 2017 жылы 5 наурызда бітеді. Reuters мәліметі бойынша, дипломаттар АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамптың инаугурациясынан соң санкцияларды ұзарту қиынға түсуі мүмкін деп қауіптенеді. Америкалық жаңа президенттің антиресейлік санкцияларды қолдамайтынын ескерсек, Кремль Еуроодақтың ортақ ұстанымының әлсіреуін пайдаланып кетуі мүмкін, деп хабарлаған дереккөз.
Ресейге қатысты санкциялар 2014 жылы енгізілді. Оған Қырымның аннексиялануы мен Донбастағы жанжалға Мәскеудің араласуы түрткі болды. Кейінгі жылдары санкциялар мерзімі ұзартылып тұрды. Сайлау қарсаңындағы науқан кезінде Трамп Қырымды ресейлік деп тану мәселесін қарайтынын мәлімдеген. Миллиардер ресейлік президент Владимир Путинге деген оң көзқарасы үшін де сынға ұшыраған еді.
Abai.kz