Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Жаңалықтар 2674 0 пікір 10 Қараша, 2016 сағат 15:34

Шардаралық мақташылдардың жетістігі

Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданында 12 291,2 гектар алқаптан межеленген 33 309 тоннаның орнына 33 806 тонна шиттi мақта жиналды. Аудан диқандары қажырлы еңбектiң, агротехникалық талаптарға сай мақтаны күтiп-баптау шараларын өз деңгейiнде атқарғанының нәтижесiнде гектар берекелiлiгiн 27,5 центнерден айналдырды. Осылайша шардаралық мақташылар ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығы мерекесiне үлкен тарту жасап отыр. Мол өнiмге қол жеткiзуге Қ.Тұрысбеков, Көксу және Алатау батыр ауылдық округтерiнiң мақташылары орасан үлестерiн қосты.   Сонымен қатар, Жаушықұм ауылында тамшылатып суару әдiсiмен 240 гектарға мақта еккен «Иiржар агро» ЖШС-i де мол өнiм алды. Серiктестiк диқандары межеленген 960 тонна шиттi мақтаның орнына 1224 тонна мақта немесе әр гектардан орташа 51 центнер өнiмге қол жеткізді.

Көксу ауылдық округiндегi «Тоқай» шаруашылығының төрағасы Асан Әдiлбеков биыл да гектар түсiмдiлiгiн арттырып отыр. Шаруашылық 9,5 гектар алқаптың әр гектарынан 61,4 центнерден өнiм жинады. Алатау батыр ауылындағы Дүйсен Лесов басшылық ететiн «Рахымжан» шаруа қожалығы 15 гектар мақталықтан 47 центнерден өнім алса, жекелеген мақта терiмшiлер де қалыспады. Көксулық Дүйсенкүл Серкебай жиын-терiм науқаны басталғалы 20 гектар мақталықтың әр гектарынан 61,2 центнерден мақта терiп, қырманға 123 тонна ақ ұлпа өткiздi.

Қазiрде ауылдық округтерде мақта жинау науқаны жалғасуда. Шаруалар алқаптағы өнiмдi жауын-шашынға ұрындырмай жинап алу үшiн уақытпен санаспай еңбек етуде.

Шадияр Молдабек

Abai.kz

0 пікір