Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Жаңалықтар 2863 0 пікір 10 Қараша, 2016 сағат 14:54

ОҚО-да V халықаралық ауыл шаруашылығы көрмесі өтуде

Оңтүстік Қазақстанда «AgriTek Shymkent’2016» V халықаралық мамандандырылған ауыл шаруашылығы көрмесі жұмысын бастады. Шараның салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев ауыл шаруашылығы саласы маңызды болып табылатын өңір үшін мұндай көрмелерді ұйымдастырудың қажеттігіне тоқталды.

«Оңтүстік Қазақстан облысы республикадағы ауылшаруашылығы саласының локомативіне айналып келеді. Соңғы 3 жылда бақша дақылдарының жыл сайынғы жиналуы 1 млн. тоннадан асады. Республикадағы жылыжай шаруашылықтарының 87℅ біздің өңірде орналасқан. Облыс республика бойынша мақта көлемінің 100℅, жүзім мен бақша дақылдары көлемінің 70℅ құрайды», - деді Ж.Түймебаев.

Халықаралық шарада Қазақстаннан бөлек, Ресей, Түркия, Германия, Испания, Ұлыбритания сынды шетелдік компаниялар келушілерге өз өнімдерін ұсынды. Атап айтқанда, шараға қатысып жатқан 50-ден астам компания өкілдері ауылшаруашылық техникасы мен жабдықтарын, қосалқы бөлшектерді, суару және тыңайту технологияларын, жылыжайларды, тұқымдар мен екпелерді, тыңайтқыштарды, өсімдіктерді қорғау құралдарын, мал шаруашылығына арналған технологияларды, ветеринарлық технологияларды оңтүстікқазақстандық кәсіпкерлерге кеңінен таныстырды.

Көрмені аралау барысында облыс әкімі отандық тауарөндірушілердің өнімдеріне айрықша көңіл бөліп, оны өткізудің түрлі жолдарын қарастыру арқылы сауда-саттықты жандандыру қажеттігін айтты.

Жалпы, өңірдің ауыл шаруашылығындағы жетістіктеріне тоқталсақ. Биыл аймақтағы өсімдік шаруашылығы саласын әртараптандыру нәтижесінде 1991 жылмен салыстырғанда бау-бақша дақылдарының егіс алаңы 49 мың га-ға ұлғайып, 59 мың га құрады. Яғни, көкөністер көлемі 27 мың гектарға көбейіп, 40,4 мың га болды. Сондай-ақ, жеміс-жидек дақылдары мен жүзімнің егістік алаңы 30 мың га жетті.

Биылғы маусымда жиналған жеміс-жидек дақылдарының түсімділігі 85,0 ц/га болса, жүзім 100 ц/га құрады. Тоннаға шақсақ, жалпы жиналған жеміс-жидек көлемі 126 мың тонна, ал жүзім - 63 мың.тн құрады.

Агроөнеркәсіп кешені мамандарының өзара тәжірибе алмасып, жаңа технологиялармен бөлісу, сонымен қатар, бірлескен бизнес-жобаларды құруын мақсат тұтқан көрме 11 қарашаға дейін жалғасады.

Abai.kz

0 пікір