Ілеспе аударма жүргізудің шеберлік кластары өтті
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырмасы бойынша Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында мемлекеттік тілдің қолданысы деңгейін кеңейту және ілеспе аудармашылардың біліктілігін арттыру мақсатында 2017 жылдың тамыз және қараша айларында Астана қаласында 2 кезеңнен тұратын қазақша-орысша, орысша-қазақша ілеспе аударма жүргізуді үйретудің апталық шеберлік кластарын өткізді.
Шеберлік кластарына орталық және жергілікті атқарушы органдары мен ұлттық компаниялардың аудармашы мамандары біліктіліктерін көтеріп және шығармашылық әлеуеттерін арттырды.
Апталық шеберлік кластарында аударма теориясы, жазбаша және ауызша аударма ерекшеліктері, ілеспе аудармашыға қажетті базалық грамматикалық және фразеологиялық модельдер, сөздік қорды байыту жұмыстары бойынша дәріс оқылды. Сонымен қатар, аудармашы мамандарға аударма теориясы мен практикасының және аударматанудың өзекті мәселелері шеңберінде оқу-әдістемелік көмек көрсетіліп, тәржімелеу және ілеспе аударма саласындағы озық тәжірибелермен ой алмасты.
Шеберлік сабақтарын белгілі аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Камал Әлпейісова жүргізді.
Тыңдаушыларға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің сертификаттары табыс етілді.
Абай-ақпарат