Сенбі, 23 Қараша 2024
Бетбұрыс 4919 0 пікір 2 Қараша, 2016 сағат 17:28

«ҚАЗАҚ ЕЛІ» ДЕП АТАЛАТЫН КҮНГЕ ЖЕТТІК ҚОЙ

  • Қазақтың орыс тіліне тәуелділіктен арылуын қаламайтын лоббилер бар.
  • Қазақстан халқының 81 пайызы өз балаларын қазақ мектептеріне береді.
  • Жерді қолдаған халық тілді де қолдауы керек.
  • «Қазақ елі» деген атауды ең бірінші болып Елбасымыз ұсынған

............................................................................................................................................................

Бүгін ҚР Парламенті Сентатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев мырза бастам көтеріп, «Kazakhstan» атауын «Qazaqstan» деп өзгертуді ұсынды. Сенат спикерінің сөзінен қатысты қазақ қоғамында қызу пікір-талас жүріп жатыр.

Бір кездері Парламент қабырғасында депутат, ҚР Білім және ғылым министрлігінің вице-министрі болған Мұрат Әбенов мырза арнайы «Abai.kz»порталына сұхбат беріп,  аталған мәселеге қатысты пікірін білдірді.


-Мұрат Абуламитұлы, Сенат спикері Касым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі бастамасына қатысты өзіңізді қысқа да нұсқа пікіріңізді білдірдіңіз. «Тоқаевтікі дұрыс» дедіңіз. Енді осы пікіріңізді таратып айтайықшы...

-Дәл осы мәселеге келгенде, мен Қасым-Жомарт Кемелұлының ұсынған бастамасын толық қолдаймын. Неге? Біріншіден, Қазақстан атауының «Kazakhstan» болып жазылып кетуі сонау Тәуелсіздікті алған алғашқы жылдарында жіберілген қателік болды. Мүмкін сол кездегі саяси жағдайлар немесе басқа да факторлар ықпал етуі мүмкін еді ғой.  Латын тіліндегі жазылу нұсқасы орыс тіліндегі атаудың негізінде жазылды. «Қ» әрібінің «kh» деп белгіленуі грамматикалық тұрғыдан да қате екені даусыз.

-Өзіңіз жақсы білетіндей, бұл мәселені марқұм Болатхан Тайжан ағалар бастап, зиялы қауым өкілдері сан рет көтерді, нәтижесіз болды. Ал енді осы кезге дейін «ләм-мим» демеген билік тізгінін ұстаған азаматтар неге дәл бүгін осы мәселені көтеріп отыр? Бұған не себеп?

-Дұрыс айтасыз, Мемлекет атауының латыншадағы жазылуы қате екенін көрсетіп, оны өзгерту туралы ұсынысты дәл биыл ғана айтып отырған жоқ. Осыған дейін де бірнеше мәрте айтылды, көтерілді. Жаңағы сіз айтып отырғандай, билік жақ ашпай жатып алды деуге келмес, кезінде тіпті Парламент қабырғасында да бұл қателікті түзету туралы бастамалар да көтерілген. Оны жоққа шығаруымызға болмайды. Екіншіден, қазіргі қазақ қоғамы дәл осы бастаманы бүгін қолдауға тас түйін дайын деп есептеймін. Мейлі арада 25 жыл өтті делік. Бірақ, қателікті түзетуге әлі де кеш емес.

Рас, Сенат төрағасы дегеніңіз еліміздің билік жүйесіндегі Президенттен кейінгі екінші тұлға. Сондай міндетті арқалап отырған лауазымды азаматтың өзі «Kazakhstan» деген сөздің «Qazaqstan» деп өзгертілуін қолдап отырса, бұл жақсылықтың бастамасы болуы керек.

-Сіздің «Facebook» желісіндегі парақшаңызда қарсы пікір айтып жатқандар да болды. Мұны альтернативті ұсыныс деп айтуға келмес, бірақ экономикалық тұрғыдан тиімсіздігін сөз етіпті. Бұған не дейсіз?

-Менің байқағаным, осы ақпарат бүгін жариялана салысымен қоғам өре түрегеліп, қолдайтынын көрсетті. Рас, ішінара қарсы пікір білдіргендер де жоқ емес. Мен зерттеу жүргізіп көрдім. «Facebook» желісінде менің жазбама қатысты пікірлер көп түсті. Солардың ішінде «Qazaqstan» деп өзгертуге қарсы пікір айтқандардың барлығы дерлік (3/1) Қазақстанның аумағынан тыс жерлердегі азаматтар екен. Шетелдік аккаунтпен кіргендер. Бұл нені білдіреді? Әрине, қазақ халқының, қазақ мемлекетінің төл атауын қайтарып алуына қарсы топтар шетелде жүр деген сөз. Олардың мақсаты – Қазақстан, қазақ халқы мемлекетінің  атауын қазақшылап алғанын қаламайды. Себебі, өзге мүддеге қызмет ететін, әлдебір лоббилерге жұмыс жасайтын азаматтардың мұны қаламайтыны белгілі. Олардың кім екендіктері, мақсаттары тайға таңба басқандай анық қой.

Е, олардың айтатыны жалғыз аргумент – бүкіл құжаттарды өзгерту үшін қомақты қаржының жұмсалады. Бұл Қазақстанның ішкі шаруасы. Мен сол азаматтарға айтарым – өз елдеріңді қарық қылып алмай жатып, бізге ақыл айтулары тіпті күлкілі. Рас, қазынадан қомақты қаржы жұмсалатын шығар. Айтыңызшы, қайда жұмсалмай жатыр сол ақша?  Ал бұл жерде Мемлекеттің түпкі атауына оралуы, қазақ тілінің мәртебесінің көтерілуі, қазақ қоғамының рухының көтерілуі, орыс тіліне тәуелділіктен арылуы секілді өте терең мағыналы мәселелер жатыр. «Қазіргідей қаржылық дағдарыс қос бүйірден қысып тұрған кезде» деп даурығудың қажеті жоқ. Барлық нәрсе әсте-әсте болады.

-Жаңағы сіз айтып отырған лоббилер өз ішімізде де аз емес қой...

-Иә, бар ондай азаматтар. Бірақ, мынаған назар аударыңызшы, қазір Қазақстан халқының 81 пайызы өз балаларын қазақ мектептеріне береді. Мектеп бітірген түлектердің 70 пайыздан астамы қазақ мектептерін тәмамдаған оқушылар. Жоғарғы оқу орны гранты иегерлерінің де балланстық басымдылығы қазақ тілді түлектердің үлесіне тиесілі. Көзімізді тарс жұмып, жылай бермеуіміз керек. Қазір Құдайға тәубе, осыдан 10 жыл бұрынғымен салыстыратын болсақ, қазақ тіліне деген сұраныс артты. Тіпті өзге ұлт өкілдерінің ішінде де Мемлекеттік тілге жетік өсіп келе жатқандар көп. Қазақ тілді мектептер мен өзге диаспоралар тіліндегі мектептерді қарасаңыз, әрине мемлекеттік тілде білім беретіндері көп. Демек, көзге көрінбесе де, ілгерілеу бар.

Сосын тағы бір жайт, кезінде Кеңестер құрамында болған кезеңде қаншама қазақша сөздеріміз қор болып, адам аттары, жер-су атаулары орысшаланып кетті. Мысалы, «Жамбыл»  деген адам атын әжуалағандай «Джамбул» деп шатып-бытып жүрдік. Қазір ше?

-Қазір мұндай өрескел дүниелер жоқ екенін мойындауымыз керек. Десек те, бүгін Сенат спикері айта салып, ертең-ақ, Парламент осы мәселені қолға алады деген сенімсіздеу естіледі. Жаңағы өзіңіз айтпақшы, бірте-бірте атқарылатын шаруа ғой...

-Дәл солай, Нұргелді. Әуелі Мемлекеттің атауын өзгертіп алып, тағысын тағы, уақытымен ретке келтіруіміз керек. Осы тұрғыдан Қасым-Жомарт Кемелұлының сөзінде көп мағына жатыр.

-Және бұл ұсынысты біз, қоғам өкілдері емес билік өкілдері, Заң шығарушы орган өкілдері ұсынса дұрыс болар еді.

-Мұндай қоғамды елең еткізерліктей мәселелерді халық қолдайды деп есептеймін.  Мысалы, күні кеше ғана жер туралы мәселе көтерілгенде халық қарап жатпады. Өз талаптарын билік өкілдеріне ашық қойды. Өз позицияларын айқын көрсетті. Өйткені сол халықтың өкілі саналатын әр біріміз үшін туған жерден асқан кие жоқ. Оны қорғап қалу басты міндет екені даусыз. Сол секілді, Мемлекет атауын қазақшалап, орыс тіліне тәуелділіктен арылту мәселесінде халық болып қолдауымыз керек.

-Енді осы жерде ақыры өзгеріске қадам басқан екенбіз, Мемлекет атауындағы «стан» деген тіркесті де біржолата жойсақ деген ұсыныстар айтылып жатыр.

-Қазақта сөз бар ғой, «азан шақырып қойған ат» деген. Сол секілді біздің Мемлекетіміздің азан шақырып қойған аты – Қазақ елі. Қазақ республикасы. Рас айтасыз, сонау КСРО кезінде де еліміздің атауы Қазақ советтік социалистік Республикасы болған. Советтік социалистік кезеңнен шықтық қой. Енді Қазақ республикасы деген төл атауымызға оралатын уақыт жетті. Десе де, толық қазақшалану үшін бүгінгі уақыт аз десе мейлі 10 жыл тағы өтсін. Бірте-бірте толық қазақшаланып алуымызға сол уақыт жететін болар.

-Тіпті, Президент Нұрсұлтан Әбішұлының өзі бірер жыл бұрын Қазақстанның атауын «Қазақ елі» деп өзгертуді ұсынған еді... 

-Рас айтасыз, тек «Qazaqstan» емес, Мемлекеттің атауын «Қазақ елі» деп өзгертуді ұсынуымыз керек. Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанның атауын «Қазақ елі» деп өзгертуді ұсынды.  2014 жылы қаңтар айларында болса керек, шатаспасам. Бірақ, ол кезде халық, қоғам дәл осылай ынта-шынтасымен қолдау көрсеткен жоқ. Себебі, сол кездегі еліміздің ішіндегі әм сыртындағы болып жатқан саяси жағдайлар басқа болатын. Қазір ше? Қазір халық та түсініп келе жатыр. Көршілеріміз бір-бірлерімен қырылысып, қырық пышақ болып отыр. Сүйем жерге таласып, түрлі тарихи атауларға сүйеніп, қалаларға таласып жатыр. Осының бәрін көріп-біліп отырған халық та, қоғамның зиялы қауымы да жақсы түсінеді. Сондықтан, дәл қазіргі жағдайды ұтымды пайдаланып, осы мәселені шешіп алу керек.

-Мұрат аға, уақыт бөліп, пікір білдіргеніңізге рақмет!

-Өздеріңізге де көп рақмет! Жеңісіміз көп болсын!

Сұхбаттасқан Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373