Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 5871 0 пікір 27 Қазан, 2016 сағат 15:47

БІЗДІҢ ЭЛИТА: ТЕКТІЛІКТІҢ БІР ҚЫРЫ – КІСІЛІК

Тектіліктің бір қыры – кісілік. Ірілік. Қазақ дархан мінезді, жері қандай кең болса өзі де сондай жомарт, ер көңілді ірі халық еді. Қазір қандаймыз?!

Аздық-тоздық. Көрдік, көндік. Атылдық-асылдық. Бас ұрып, сатылдық... Ақыры, иә... Абылайдың түсі шындыққа айналды. Арыстан туып – айтуға тіпті ауыз бармайды!..

Мұндай жағдайға қалай жеткенімізді марқұм Таласбек Әсемқұлов (жатқан жері жарық болсын!..) өзінің «Аштық пен соғыс» атты мақаласында тамаша талдап еді. Қосарымыз – «тәуелсіздік» жылдары қосымша болды. Ай-Күннің аманында... «Жығылғанға жұдырық» деген – осы. Құдай, әйтеуір, қайырын берсін!..

Тек бір таң қалатыным – соңғы кезде жоқтан бар жасап, тарихты теріс айналдырып, «Өтірікті – шындай, ақсақты – тыңдай» ғып өзін-өзі дәріптеушілер көбейді. Бұл не? Қандай жарыс?! Әлде олар елдің бәрін ақымақ көре ме?!

Болдық-толдық. Өстік-өндік. Қалғаны қолда деп ойлай ма?..

Жалған тарих құрастыру, қолдан элита жасау, өз әулетін әспеттеп шежіре, кітап жаздыру сәнге емес, сорға айналды. «Балық басынан шіриді»...

Ал, енді сол асылдарымыз кім? Элитамыз... Көш басында «Күн көсемдеріміз» бен бүгін бар, ертең жоқ билік басындағылар. Арам асқа семірген байшікештер мен халық қанын теспей сорған әкім-қаралар. Не солардың алыс-жақын ағайын-туыстары мен балалары, жең ұшынан жалғасқан сыбайластары, «қоянның сорпасының сорпасы»...Кім жоқ дейсіз, үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, қазаққа жаны ашымастың бәрі бар. Айтсаң – аузың жазықты, айтпасаң...

Міне, біздің бүгінгі элитамыз!..

Бұдан өткен масқара болмас!.. Надандық...

Түртіп қалсаң көбінің түбі шикі. Борсыған сасық иіс шығады. Жабыға алтын ер сап, асыл тұмар тақсаң да тұлпар болмайды. Бәрі – бос әуре!..

Жарайды, оларды қойшы!.. Бар болсын. Ал өзіміз ше, өзіміз қандаймыз?!

Өкінішке қарай, бізден де береке кетті. Одақта – бедел, ақсақалдарымызда – абырой, қаламгерде қадір қалмады. Бұрын қандай ең, қазір қандаймыз? Бұрын кім едің, бүгін кім болдың?!

Әлі есімде, әйгілі суреткер, сан алуан өнер иесі, сегіз қырлы, бір сырлы Сәкен сері ағамыздың (Сәкен Жүнісов) жетпіс жылдық мерейтойы Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында аталып өтті. Торқалы тойдың сән-салтанаты, қатысқан көсемдер мен сөйлеген шешендер туралы айтпай-ақ қояйын. Сахнаға сол кездегі Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов шығып құттықтап, той иесіне төрт бөлмелі пәтердің кілтін сыйға тартқан сәтте сері ағамыздың қалай қуанғанын көрсеңіз!..

Түсінем, бәріміз – пендеміз.  Тойыңызға әкім келсе... Және ол әкім басқа емес, қазақ әдебиеті мен өнерінің жанашыры – Иманғали Тасмағамбетовтың өзі болса – кім қуанбайды?!

Әңгіме онда емес... Бәрі дұрыс. Тек...

Оқырман қауымның есінде бар ма, жоқ па – тура сол тұста (ұмытпасам, бір-екі ай бұрын) «Қазақ әдебиеті» газетіне үйсіз-күйсіз жүрген оншақты жас қаламгердің баспана мәселесін көтерген Ашық хаты шыққан. Әдеттегідей, жауап жоқ... Тым-тырс.

Қазір ойлаймын... Егер сол кезде Сәкен ағамыз: «Имеке, рахмет!.. Сен сыйладың, мен алдым. Енді осыны ана үйсіз-күйсіз жастарға бөліп берсек... Саған аманат!..» - деп ірілік көрсеткенде қандай болар еді?!

Жас болса келді... Жетпей жатқан ештеңе жоқ. Жолы емес пе?.. Сәкен ағамыз онсыз да осал емес, нұр үстіне нұр болмас па еді?!

Жоқ...

Сәкен ағаны сөз еткенім үшін ешкім ренжімес деп үміттенемін. Өз басым ол кісімен бірнеше рет дәмдес боп, бильярд ойнадым. Бейресми жағдайда. Ардақты ағамызды адам ретінде де, қаламгер ретінде де ерекше құрметтеймін... Сондықтан, ірілік күтуге хақым бар деп есептеймін. Екінің бірінен ерлік күтпейсің. Егер осындай біртуар тұлғалар жол көрсетпесе, кім көрсетеді?!    

Адам сөзімен емес, ісімен бағаланады... Ешкім ұмытпас еді!..

Ірілік жоқ емес, бар. Тек – өте сирек. Мәселен, Нұрғисаның Шәмшіге, Әбділданың Мұқағалиға көрсеткен ағалық қамқорлығы қазақ барда ешқашан ұмытылмайды!.. Ірілік пе – ірілік, кісілік пе – кісілік.

Тарихта мұндай тәмсілдер көп. Егер Ескендір Зұлқарнайынға «Күннің көзін көлегейлемей былай тұр» демесе Диогенді бүгін кім білер еді?!

Бар-жоғы – бір-ақ ауыз сөз.

Бізде бүгін бәрі керісінше... Не тоймайды, не қоймайды. Пайғамбар жасынан асып, ата сақалы аузына шықса да, жанталасып өліп барады. Жетпей жатса – сөз басқа... Жоқ. Бермей – өткісі, өлмей кеткісі келмейді. Бұл қандай кісілік?! Өкінішті...

Бірақ соған қарамастан, өздерін жердің тұтқасы санайды. Жұртты адам құрлы көрмейді. Тойынып, тасынғаны сонша – ел де, жер де біздікі, бәрін қолдан жасаймыз деп ойлайды. «Көп асқанға – бір тосқан», алдынан жарылқасын!..

...Қарғаны қанша мақтасаң да сұңқар болмайтындығы, жабыны қанша баптасаң да тұлпар болмайтындығы туралы тағы бір мысал...

 (Жалғасы бар)

Тұрмағанбет Кенжебаев

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377