Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 45139 0 пікір 27 Қазан, 2016 сағат 09:52

1916 ЖЫЛҒЫ ҰЛТ АЗАТТЫҚ КӨТЕРІЛІС - БҮКІЛҚАЗАҚТЫҚ ҚОЗҒАЛЫС

1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығына

1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс қазақ халқының ғасырдан астам уақытқа созылған ұлт-азаттық қозғалысының тарихында ерекше орын алады. Бірінші дүниежүзілік соғыс жағдайында кезінде Сырым Датов, Исатай Тайманов, Махамбет Өтемісов, Жанқожа Нұрмұхамедов, Кенесары Қасымов, Сыбанқұл Ханқожин және басқалар жүргізген тәуелсіздік жолындағы күреске халықты Ә.Жанбосынов, А.Иманов, Ж.Мәмбетов, Ұ.Саурықов, Б.Әшекеев сияқты ел таныған көсемдер мен батырлар бастап шықты. 1916 жылғы көтеріліс, Кенесары Қасымов басшылық еткен ұлт-азаттық қозғалысынан кейінгі кең-байтақ қазақ даласының барлық аймақтарын әр түрлі дәрежеде қамтып, бүкілқазақтық сипат алған көтеріліс болды.

Қазақ қауымында патшаның 1916 жылғы маусым жарлығына көзқарас бірдей болған жоқ. Жергілікті әкімшіліктің белгілі бөлігі патша жарлығын толығымен қолдап, оны белсенді түрде жүзеге асырушылар болды. «Қазақ» газетінің төңірегіне топтасқан Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов сияқты либерал-демократиялық бағыттағы зиялылар халықты өкіметке қарсы шықпауға, жарлықты орындауға үгіттеді. Оны орындамаған жағдайда қазақтар қантөгіске ұшырауы мүмкін деп санады және осыған байланысты үлкен алаңдаушылық білдірді. Ал, қазақ интеллигенциясының радикалды батыл іс-қимылға бейім өкілдері (мысалы, Т.Бокин, Ж.Ниязбеков, Т.Рысқұлов, Ә.Жангелин, С.Меңдешев, Б.Алманов, Ә.Жүнісов т.б.) халықты қарулы көтеріліске шақырып, оған өздері де қатысты.

Әдетте, 1916 жылғы көтеріліс туралы сөз болғанда Торғайдағы Амангелді батыр бастаған көтеріліс пен Жетісудағы Ұзақ, Жәмеңке, Бекболат бастаған және т.б. қозғалыстар еске түседі.  Біздің шығыс өңірінде де бас көтерулер болды, бірақ ірі іс-қимылдарға баратын ұйымдасқан ауқымды көтеріліс дәрежесіне жете алмады. Әр жерде бұрқ ете түскен халық наразылықтары жақын жерде дайын тұрған  қарулы әскердің көмегімен тез арада басып-жаншылып тасталды. Шығыстағы Семей, Өскемен, Көкпекті, Зайсан, Аягөз, Үржар сияқты патша бекіністері бір-бірінен белгілі бір қашықтықта орналастырылып, қазақ даласын тор тәрізді шырмап алған еді. Бекіністер арасындағы әрбір 20-25 шақырым сайын қойылған бекеттер шапшаң байланысты қамтамасыз етіп, қазақтардың тыпыр етуге шамасын келтірмейтін.

Соған қарамастан шығыс өңірдің әр жерінде ірілі-уақты бас көтерулер де, қарулы қақтығыстар да, наразылықтың бір түрі – ауа көшулер де болды. Мен Омбы Облыстық Тарихи Мұрағатында (ООТМ) болғанымда Шығыс Қазақстан аумағындағы 1916 жылғы көтеріліске қатысты материалдармен танысқан едім. Сол мұрағат құжаттарында облыстың қазақ ауылдарындағы 1916 жылғы маусым жарлығына байланысты туындаған дүрбелең жайлы мәліметтер  кездеседі. Мұнда әр жердегі наразылық шараларының ұйымдастырушы-басшылары болған көптеген адамдардың аты аталады. Халқы үшін бастарын бәйгеге тігіп, патша жарлығына мойынұсынбай қарсы тұрған, халықты көтеруге ұмтылған сол азаматтардың аттарын, ерлік істерін көтерілістің 100 жылдығына орай  халыққа жариялауды жөн деп есептедім.

Патша жарлығын жариялау аса маңызды оқиға ретінде белгілі тәртіппен ресми түрде өткізілетін шара болды. Облыс немесе уездің өкілетті шенеуніктері болыс басқарушыларын, болыстардағы басқа лауазым иелерін (указной билер мен старшындар) және елге беделді адамдарды  уезд орталықтарына немесе жайлаудың ыңғайлы тұсына жинап, жарлықты жариялайтын. Сол жерде тізімді жасап, адамдарды жинау болыс басқарушыларына қол қойғызу арқылы міндеттелетін. Ел ішінде толқу барынан хабардар өкімет адамдары қауіпсіздік үшін айбар қылып қарулы казактарды да өздерімен бірге ала жүретін.

 Патша жарлығын жариялау үшін Зайсан уезінің 2-ші учаскесінің крестьянский начальнигі Кистяковский осы уездің бес болысының басқарушылары мен құрметті адамдарын 10 шілдеде Көкпектіге жинайды. Жарлықпен танысқандығы туралы қағазға болыстар қол қоятын кезде жұрт дүрлігіп, қарсылық білдіре бастайды. Мұрағат құжатында: « ...аса мәртебелі патша ағзамның жарлығын Кистяковский жариялағанда құрметті қазақ Закария Есеналин қара жұмысқа қазақ баласын бере алмайтынын кесіп айтты. Қол қоймақшы болып канцелерияға кіріп бара жатқан болыс басқарушысы Ыдырышевты  Закария Есеналин бері алып шығып, қамшымен ек рет тартып жіберді. Ал, болыс басқарушысы Заманбек Мүрсәлімовты қырғыз (қазақ) Мүрсәлім Бектенев шапанының жағасына сүйреп крестьянский начальниктің ауласынан алып шықты» (Омбы мұрағатынан)   деп көрсетеді. Заманбек көп жылдар бойы болыс болған осы Мүрсәлімнің өз баласы. Көпектідегі жиында патшаға ел азаматтары Закария Есеналин, Мүрсәлім Бектенев, Дондағұл Жұмағұлов әскер бермеуге ашық үгіттейді. Осы үшеуінің үстінен қылмыстық іс қозғалған.  Жиналған халық болыстарға қолдарын қойғызбай ауылдарына қарай алып кеткен. Кистяковский де халықтың қаһарынан қаймығып, қатаң шара қолдануға (оқ атуға) жүрегі дауаламайды. Болыстарды «ертең жиналыңдар» деп таратуға мәжбүр болады. Бұлардың ішінен тек Жұмағұлов қана тұтқындалады. Бектенев пен Есеналиннің үстінен іс қозғалғанымен олар ұстатпай кетеді. М.Бектеневтің көтерлісі туралы жазылып жүргендіктен оған тоқталмаймын, мұрағаттан табылған тың деректерді берумен ғана шектелмекпін.

Тағы бір құжатта: «Базар болысынан мобилизацияға (әскер қажеті үшін) халықтан жиналған аттарды 11 шілдеде Көкпектіге айдап келе жатқан стражник Калачинов пен жылқышыларға осы болыстың биі Белгібай Андамасов пен Дәуітбек Ибраев деген қазақ жолығады. Олар соғысқа адамдарды да, аттарды да бермейміз, енді орыс билігіне де бағынбаймыз. Бұл туралы крестьянский начальникке де айтқанбыз деп жылқышыларға аттарды қайтадан ауылға айдатып, Калачиновты құр қол қайтарады. Андамасов пен Ибраев айыпкер ретінде тергеуге алынды» деп хабарлаған. Осы аталған екеу Көкпектідегі жиыннан тас түйін болып қайтып келе жатқанда жылқы жинап қайтқан үкімет адамына жолығып, осындай батыл қадамға барғандығы байқалады.

Ереуілдеген қазақтар алдымен тылдағы қара жұмысқа баратындардың тізімі жасалып жатқан болыстық басқару мекемесін торуылдады. Сондай оқиғаның бірі Зайсан уезінің Лаба болысында орын алды. Болыстың басқарма үйі талқандалғаны туралы: «... Зайсан уезінің Лаба болысының басқарма үйін бүлік шығарған қазақтар талқандап кеткен. Осы болыстың хатшысы Иван Устюжанин мен күзетші Н. Бутиннің  айтуына қарағанда шілде айының басында қаруланған төрт қазақ тізімді жою үшін болыс үйіне басып кірген. «Қарсылассаң, өлтіреміз» деп қорқытқандықтан Бутин далаға қашуға мәжбүр болған. Күзетшілер қайта оралғанда шашылған, жыртылған қағаздарды көрген. Күзетшілер шабуылдаушылардың ішінен Есбосын Қыдырбеков пен Молсамбек Дайырбаевты танып қалған» (ООТМ) деген құжат сақталған. Осы оқиға үшін Есбосын мен Молсамбек тұтқындалып, бүлікке қатысқан Дүйсембай Назаров, Сейітхожа Байтумов, Назарбай Тураликовтардың үстінен қылмыстық іс қозғалған.

Өскемен уезінің Сұлусары, Шар, Қарабұжыр, Қалба болыстарының лауазым иелері мен ел ағаларынан жиыны 200-300 адамды Өсемен уезінің 2-ші учаскесінің крестьянский начальнигі Троянов Георгиевка поселкесіне 7 шілде күні жинайды. Бұл оқиға туралы мұрағат дерегінде: «...Троянов патша жарлығын жариялағаннан кейін, жиналған топ: «жұмысқа адам бермейміз, өйткені біздің балаларымыз еш уақытта елден шығып көрген жоқ. Егер күштеп алатын болса, онда жинауға келген басқарушылар мен өкілдерді өлтіреміз» деп айғайлады. Жиналған тобыр болыс басқарушылары мен старшындардан қызметтен бас тартуларын талап етті. Талаптарын тыңдамаған болыс-старшындарды ұрып, лауазымдық белгілерін жұлып алды. Оларды сүйрелеп өздерімен бірге далаға қарай алып кетті» (ООТМ) деп көрсетілген. Осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып Әубәкір Қалматаев және 19 қазақ тұтқындалған. Құжаттарда бұл он тоғыздың аттары аталмайды.

Қарулы қақтығысқа ұласқан ең ірі наразылық Өскемен уезінің Тайынты болысында орын алды. Омбы облыстық соттар палатасына Семейден: «Өскемен уезінің бастығы Брюханов прапорщиктер Грязнов пен Балакин бастаған қарулы казак елулігін ертіп 30 шілде күні патша жарлығын жариялауға Тайынты болысының Қарабалапан деген жеріне келеді. Ертеңінде қазақтың лауазымды адамдары мен ақсақалдары және  2-3 мыңдай қарулы қазақтар да осы жерге жиналды. Патшаның қазақ жастарын соғыстағы қара жұмысқа алуы туралы жарлығын таныстырғаннан кейін, жаяу тұрған қазақтар аттарына мініп алды, аттылы тұрғандары найза-сойылдарын көтеріп, ереуілдеп: «өлтірсеңдер де бармаймыз, біз мына азғантай әскерден қорықпаймыз» деп,  казак әскерін қоршай бастады. Брюхановтың тәртіпсіздікті тоқтатуға шара қолдану туралы ұсынысы бойынша прапорщик Грязнов казактарға оқ атуға бұйрық берді. Бірнеше қазақ оққа ұшып (14 адам) тағы бірнешеуі жараланған соң қазақтар тарап кетті. Бұл іс бойынша 9 адам қамауға алынды» (Омбы мұрағатынан) деген рапорт түскен. Бірақ, қамауға алынғандардың саны тізім бойынша әлдеқайда көп.  Қаза тапқан он төрт бірдей боздақтың да есімдері белгісіз.

Көтеріліс белсенділері ретінде кылмыстық іс қозғалып қамауға алынған мына адамдар: Оралбай Тілемісов, Кайыржан Маймақов, Аманбай Кештыбаев, Аманбек Дулатов, Кұсман Олжабаев, Қанафия Байымбетов, Ыдырыш Айымбетов, Есепбай Жогумбетов, Баткулла Алтыбаев, Тұрсагат Қосаев, Қали Шалгымбаев, Ахметжан Бектыбаев, Қасымбет Абраимов, Ережеп Хайнакпаев, Досан Алибаев, Қайкен Асауыров, Кұдайберген Ермұратов, Есімхан Кенжебаев. Екі мыңнан астам адамның ішінен таңдап алып тұтқындауларына қарағанда көтерілісті ұйымдастырушылары, елге ықпалды адамдар болуы керек. Хайнакпаев, Абраимов,  Бектаев деген үш азаматтың әрқайсына 500 сомнан кепіл беріп туысқандары уақытша босатып алған. 1917 жылдың ақпан айындағы рапортта Хайнакпаев алған жарақатынан қайтыс болғандығы айтылған.

Жалпы, ресми орындар болған оқиғаларды тым жұпыны, ресми тілмен хабарлайтыны белгілі. Оның үстіне оқ атылғаннан кейін қазақтар бірден тарап кеткендей әсер қалдырады. Мұрағаттағы тағы бір құжатта: «Өскемен уезінің Тайынты болысында 2000 астам қазақ казак отрядына шабуыл жасады. Оқ жаудыру арқылы қазақтардың шабуылын тойтарыс берілді. Бірнеше қазақ жараланды, өлгендері де бар. Отряд жақын маңдағы поселкеге шегінуге мәжбүр болды» деп көрсетеді.

Уезд орталығы Өскеменге біршама жақын және казак поселкелерінің осы өңірде жиі  орналасқанына қарамастан патша жарлығын 30 шілдеде, яғни басқа уездерден кейін жариялауында да бір сыр жатқан сияқты. Жергілікті билік осы төңіректегі Тайынты, Тарғын, Айыртау болыстарында наразылықтың қатты болатынын алдын ала білген және соған сай қарулы отрядты ерте келген. Қазақтар, шындығында да, шақырылған жиынға найза-сойылмен болса да қаруланып, қарасы мол қол жинап келген. Мұндағы негізгі мақсаттары ең болмаса билік иелерін жасқап, өз талаптарын орындатуға әрекеттенген және казактар бытырлатып ата жөнеледі деген ойда болмаған. Тіктесіп соғысуға дайындалып келсе, қарсы шауып оққа ұшпас еді ғой. Екі мың сарбаз аз әскер емес, яғни халық көтерілуге дайын болғанымен оны  бастап кететін әскер ісін білетін батыр, жол көрсетер көсем болмағандықтан ереуілшілер тығырыққа тірелген. Әрі көтерілістің тәжірибесіз, аңғал басшылары найза-сойылмен қаруланған қазақтарды бесатармен қаруланған жарақты әскерге қарсы тікелей шабуылға бастап бетін қайтарып алғандығынан көтеріліс жалғасын таппаған. Сонымен қатар, Тайынты көтерілісінің басты ерекшелігі ереуілдеген халықтың өз болыстары мен басқа да қазақтан шыққан лауазым иелеріне қарсы шыққандығы туралы дерек жоқ, соған қарағанда ел болыстары мен старшындары халықпен бірге болған сияқты.

Жоғарыда аттары аталып, қылмыстық іс қозғалған азаматтардың барлығы көтерілістің басшылары, белсенділері, ұйымдастырушы-ұйытқысы болған адамдар.  Қазіргі кезде бұл адамдардың ұрпақтары да, ауылдас-туыстары да арамызда жүргені сөзсіз. Патша отаршылдығына қарсы қазақтардың ең ауқымды көтерілісіне 100 жыл толды. Осы адамдардың елі үшін көрсеткен ерліктерін ескеріп, аудандардағы мұражайларда, өз ауылдарында аты-жөндері жазылған тақталар қойылса артық болмас еді. Мектептегі тарих пәні мұғалімдері 1916 жылғы көтеріліс туралы тақырыпты өткенде жергілікті компоненттерді пайдаланып жатады. Сол кезде осы адамдардың аттары аталып, жанкешті ерлік істері айтылып жатса, жас ұрпақтың ел қамы үшін күрескен жерлес батыр бабаларына деген мақтаныш сезімдері оянып, олардың патриоттық рухын көтеретіні сөзсіз. Ұлтының болашағы – жастарды тыл жұмысына бермей, аман сақтап қалу үшін бораған оққа қарсы қарусыз шапқан есіл ерлердің аруақтары да риза болар еді. 

Мұхаметбек  Асылбеков 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5406