Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3936 0 пікір 1 Маусым, 2009 сағат 06:25

Нұрғожа ОРАЗ. Қарғыс атқан қаталдық

Нұрғожа ОРАЗ, Қазақстанның еңбек  сіңірген қайраткері.
Қазекең ақкөңіл, ақ пейілді халық қой, “жазылмайтын жара жоқ, серпіл¬мей¬тін аза жоқ” дейді. Ол рас. Тек аққа қара жаққандай адал адамға қисынсыз жа¬былған жала арыла қоймайды. Өйт¬кені, ол жала жауыздықтың оғына ай¬на¬лып, абзал адамды өмірден кенет әке¬тіп жатады. Сол жаланың қара күйесін әлгі абзал адамдардың саясаттан бей¬хабар туыстарына, жанында жүрген дос¬та¬рына, тіпті кездейсоқ бір кеште кездескен таныстарына жағып жатса, КГБ туыстарын өкшелеп бақылауға алып, оған тиесілі несібесін біреуге зор¬лап алып беріп, өсер жолын кес-кестеп жауып, бойын жаздырмаса әлгі жара да, аза да жазылмайды, серпілмейді екен.
Менің қазіргі фамилиям – Ораз. Туғанда, репрессия жылдарына дейін Таукин болыпты. Ораздың әкесі Тәуке бай болса керек. Оның төрт баласы Ораз, Өтеген, Ыбырай, Кәрібай заман ағымын тамыршыдай дәл басып, бағып отырған сергек жандар болған ғой, балаларын қазан төңкерісіне дейін-ақ мұсылманша сауатын ашқан соң орыс мектебіне берген. Олар әуелі екі сынып¬тық-төрт жылдық мектепте (двух¬клас¬сная приходская школа) қазақша, Тілес Федоровка деген селода орысша оқып, төрт жылдан кейін Пресногорьковкада жеті жылдық жоғары-бастауыш мектеп¬те оқыған (семилетняя высше-началь¬ная школа), одан әрі қалаған маман¬дығы бойынша білім жолына кеткен.
Әкемнің інілері – сол ағалардың екеуі – Махмет, Мүсінбек Тау¬кин¬дер жоғарыда аталған оқу орнында қазақ әдебиеті¬нің классигі, ұлы жазушы Ғабит Мүсіреповпен бірге оқыған. Ол жайлы Ғабең өзінің “Суреткер парызы” атты кітабындағы “Мен жазуды қалай бастадым” деген мақаласында анық айтқан. Сәбит Мұқановтың “Өмір мектебі” кітабында да жазылған оқиға желісінде аттары аталып отырады. Олардан кішірек Нұғыман өз бетінше оқыған. Ол өзі бір жүйе әңгіме.
Осы ағалар байдың ұрпағы бола тұра, арғы аталарында үш ұрпақ елін, жерін жаудан қорғаған батырлар (Мама батыр, би – оның баласы жоңғарларға қарсы жаугершілікте Түркі сардар атанған Бөкенбай батыр және би, оның ұлы Сағындық батыр – Тәуке байдың әкесі), яғни тектілер ұрпағы бола тұра қазан төңкерісінен кейін ақ пен қызыл араласқан тұста “қай жақта болу керек” деген сұрақ алдарына көлденең тартыл¬ған ғой. Сонда “қызылдар қызыл өртше қаптап келеді, түбінде елге билік жүргі¬зіп, халықты қолға алатын осылар бола¬ды, сондықтан халықтың ортасында болуымыз керек” деген шешім қабылдаған екен.
Әкем Нарынбай айтады (1887-1980): “1918 жылы Мүсінбек елден аттанған, содан хабарсыз, қайда екені белгісіз болып кетті. Бір жыл өткен соң енді атаусыз қалмасын, жылын берейік, деп мал сойып, елді жинап ас бергелі жатқанда өзі келді, үсті-басы сапсары-ала – әписер, қылыш тағынған, белінде нәгәні бар. Жиналған жұрт ондай шені бар қазақты бұрын көрмеген ғой, қуаныштан шуылдасып, мәз болдық та қалдық. Сұрастырсақ, қызылдардың кәмәндірі екен. Қостанай маңына жеткен соң бірер күнге сұранып ауылға келіпті”. Әкем сол кезді жыр қылып айтатын. Соның бір үзік сыры осы.
Енді бірде ол кісі Махмет жайын жыр етеді. Мақаң өзі жүрген ортада ерекше иықтанып көрінеді екен. Сөз сөйлесе сампылдап, маңайындағыларды орыс-қазағын табындырып қоятын кө¬рінеді. Төңкерістен кейін Урицкий уезд орталығы болғанда сондағы земствоны басқарған. Қостанай губерния болған кез¬де 1929 жылға дейін сол губерния¬ның прокуроры, ал Қазақ автономия¬лық республикасының астанасы Алма¬тыға көшкенде республика Бас про¬курорының бірінші орынбасарлығына тағайындалған екен. Мақаңның мемле¬кет¬тік билік сатысында шарықтап өсуіне кедергі келтірген оның арыз беріп большевиктер партиясының қатарынан өз еркімен шығуы екенін әкем сыбырлап айтатын.
Осы кейінгі жылдарда Қостанай қа¬ласында тұратын туысым, жас жағынан аға Омар Баймағанбетов әр нәрсені түртінектеп іздеп жүретін әдетімен сол жердегі мұрағаттан Мақаңның партия қатарынан шығу туралы берген арызын және оның өтініші орындалғаны туралы құжатын тауып, соның ксерокөшірмесін маған салып жіберіпті. Арызда былай делінген: “Мен әуелде халыққа адал қыз¬мет ету үшін большевиктер партия¬сы¬ның қатарына еніп едім. Енді бай¬қа¬сам, мен мұндай аса жоғары адалдық талап ететін партияның қатарында болу¬ға құқығым жоқ екен. Өйткені, мен бай¬дың баласымын, арғы аталарым ба¬тыр болған, ел билеген адамдар. Осын¬дай тұқымнан екенімді жасыруға правом жоқ. Сондықтан партия қатарынан өз еркіммен кетуге рұқсат етіңіздер”.
Әрине, бай десе ит көрген ешкідей тікірейе қалатын большевиктер оның өтінішін орындайды. Ал осы арызы үшін тұтқыннан аман қалуы, бірінші¬ден, өзі мойындап отыр, екіншіден, жүр¬ген ортасында беделді болған адамды партия басшылары да “дос” ре¬тін¬де қаталдыққа бармаған ғой. Мақаң осындай жайлармен мемлекет бас¬шы¬лығына көтерілмеді, бірақ репрессия ке¬зін¬де екі інісі атылып кеткенде бұл аман қалды, алдын ала көрегендігі сақтап қалған сияқты.
Дегенмен, інілерінің қайғысы болар, ел-жұрттың кездескен апаты да аза¬мат¬тың қабырғасына батқан болар, ауруға шалдығады. Соғыс кезінде Алматы қалалық соты болыпты. Төсек тартып жатса да қызметін тоқтатпаған. Фаэтон арба есік алдындағы басқышқа тақалып тоқтайды екен, соған отырып сот за¬лына барады, сот процесін жүргізгеннен кейін қайтып келгенде әлгіндей тоқтаған арбадан түсіп, төсегіне жатады. Бұл жайды Жаслима апай тәптіштеп айтатын. Менің әке-шешем, бір Нұрыш деген ағайым Мақаңның қолында бол¬ған екен. Жаслима екеуі бірге өсіп келе жатқанда Нұрыш 16 жа¬сында қайтыс болған.
Мақаң 1946 жылы қыста реп¬рес¬сия кезінде атыл¬ған інісі Нұ¬ғы¬манның әйелі Қазима шешейді, яғни келінін шақырып алдырыпты. Шешеміз қайнағасын үш айдай күтіп, сол жылы май айында Мақаң қайтыс болған соң Алматыда жерлеп — оралды. Жерлеу кезіндегі қаралы жиынды қабірге дейін және асы үстінде Сәбит Мұ¬қа¬новтың өзі басқа¬рып¬ты.
Мүсінбек қызыл армия¬ның құ¬рамын¬да командир болып, 1933 жылға дейін, яғни большевиктік үкімет “бас¬машыларды” түгел тал¬қан¬дағанға дейін әскер қатарында болған екен. Олардың армия бөлімі сол кезде Қырғызстан жерінде тұрып, сол жерде таратылыпты. Менің қолымда 1926 жылы әскери киім¬мен түскен суреті бар. Әскерлік өмі¬рінің соңғы кезіндегі суреті сақтал¬ма¬ған. Әйелі Разия шешеміздің айтуын¬да ол дивизия командирлігіне дейін көте¬рілсе керек. Разия шешеміз татар жұр¬тынан (Бішкектің жанындағы Тоқ¬мақ қаласынан еді) болса да бауырмал еді. Репрессияға дейін қырғыз елінде комсомол орталық комитетінде жауапты қызметте болған.
Армия бөлімі таратылған соң Мү¬сін¬бекті Қырғызстанда РКИ (рабо¬че¬крестьянская инспекция) төрағасы етіп тағайындайды. Бұл бақылау ұйымы жиырмасыншы жылдардың бас кезінде Лениннің бастамасымен дүниеге келген көрінеді. РКИ жергілікті жерде респуб¬ли¬каның ешбір партия орнына, басшы¬лары¬на қатыссыз, тек қана КСРО сов¬нар¬комы төрағасының алдында есеп бер¬еді екен. Сонда олар республика өмі¬ріндегі барлық істі ешбір жалтақсыз ба¬қы¬лап отырады. Әрине, қазір бізде де сон¬дай ұйым болса, өтірік ақпарат берушілердің жолы кесілер еді, коррупциялар ашылып, монопо¬листер ауыздықталар еді. Бұл естеліктен туған жол-жөнекейгі ой ғой.
1936 жылы КСРО-да үлкен өзгеріс болғаны белгілі. Қазақстан, Қырғызстан автономиядан өсіп, Кеңестер Одағында өзгелермен құқығы тең республика болды. Сол кезде Мүсінбек Таукин Қырғызстан коммунистік партиясы Орталық комитеті хатшыларының бірі болса керек. Бірақ келесі жылы репрессия басталғанда бірінші құрбан болғандардың қатарында кеткен.
Әкем айтады, Мүсінбек жасында жауырыны жерге тимеген палуан еді, деп. Ал ұсталғаннан кейін камерадан тер¬геуге әкелгенде қан құсып, сөйлей алмай қалады екен. Адалдық үшін кү¬рес¬кен ардагер жалақорларға көп қар¬сылық көрсетіп, қинаудың неше ата¬сы¬на ұшыраған ғой. Ақыры ол тергеу үс¬тін¬де өліп кетеді. Бірақ кейіннен атыл¬ғандардың тізімі шыққанда солардың қатарында болады.
Нұғыман Оразұлы Таукин – әкем¬нің ең кенже інісі. Баласындай бауыр басқан, алаңсыз оқуына мүмкіндік жа¬са¬ған, жарық дүниеден жалалы оқ мез¬гілсіз жұлып әкеткенге дейін еншісі бө¬лінбеген сол інісі әкемнің өмірдегі жан тынысындай екен. Соған орай оның қайғысы әкемнің жүрегіне тас шемен болып байланды да өмірінің соңына дейін “уһілеген” үні бір тынбай өтті.
Нұғыман ағаның білімі төңкеріске дейін-ақ сол кездің сұранысына сай биіктен танылады. Ол жаңадан орнап жатқан Кеңес өкіметін жергілікті жерде құрысып тұрақтандыруға жоғарыда ай¬тылған ағаларындай белсене атсалы¬са¬ды. Урицкий уезіндегі кеңестік милиция бө¬лімін басқарып, өкіметтің сұраныс¬тары ел ішінде бұлжымай орындалуына еңбек еткен.

<!--pagebreak-->

Қостанай губерниясында да сол қызметке жоғарылайды. Сол тұста осы губернияға басшылыққа келген қазақ¬тың белгілі мемлекет қайраткері, Кол¬чак¬тың Омбыдағы тұтқын лагерінде Сәкен Сейфуллинмен бірге болған, Сі¬бір өкіметін құлатқан қызыл армия қа¬тарында Владивостокқа дейін барып, одан еліне оралып, Қазақстандағы жауапты қызметтерде болған Абдолла Асылбековпен достасады. Сол аяулы достық Нұғыман ағаның арсыз ажал оғына байланар себептерінің бірі.
Жиырмасыншы жылдардың аяғында Кеңес өкіметінде адал қызмет атқарып келе жатқан Нұғыман Оразұлын Оралға – Батыс Қазақстанға облыстық сот төрағасы етіп жібереді. Бұл кезде Голо¬ще¬киннің жауыздық саясаты белең ал¬ған шағы еді. Әкем інісінің “Малды құ¬рт, қолыңдағы молотилкаңды (бір жер¬де тұрып астық бастыратын комбайн тәрізді машина), лобогрейканы, мак¬кормокты (шөп шабатын) сатып жібер, қолыңда бір мал ғана қалсын”, деген ақы¬лымен бәрінен арылып, қол қусы¬рып отырған ғой. Бірақ көре алмайтын жыбырлақ ауызды ағайындар жай отыра ма? Әкеме үш қайтара салық салынады. “Ауыл шаруашылығы өнімдерінің бар¬лық түрлерінен салынған бірінші салық¬ты қолымдағы барыммен төледім. Екін¬ші рет салынған салықты маңайдағы орыстардан сатып алып төледім. Үшінші рет салық салғанда Қорған қаласы жағына барып, сол жақтан сатып әкеліп төледім. Төлемесең киіз үйдің есігін теріс қаратып тігеді де мәйкот (бойкот) жариялайды. Он күнде төлемесең кулак деп жер аударады. Төртінші салықты күтпей Нұғыманға жетіп жығылайын деп елден қаштым. Бір сиыр мен жалғыз көк атты орталыққа алды. Жол бойында көрмеген қорлығым жоқ, кіші жүз жеріне жеттім”, дейді әкем ішіндегі шерін ақтарған бір тұста.
Бірақ Кеңес өкіметі жанталастың үстіндегі ел ғой, білімді азаматтардың қызметін жиі ауыстарып, қай жерде олқылық бар сол жерге апарып тірек етеді. Нұғыман ағаны сол облыстың артта қалың¬қыра¬ған бір ауданына партия комитетінің бірінші хатшысы етіп жібереді, одан біраз уақыт өтісімен Алматыға КазЦИК-ке жауапты қызмет¬ке шақырады.
Әкем сол облыста Жымпиты ауда¬нын¬дағы Бұлдырты өзенінің бойында бір совхозда қалған екен. 1935 жылдың маусым айында Нұғыман аға Кислово¬дск курортынан келе жатып ағасына әдейі бұрылып келеді де өзімен бірге кө¬шіріп алып кетпекші болады. Бірақ әкем “Жол-жөнекей көшудің реті бол¬мас, барған соң біреуді жіберіп көшіріп аларсың”, деп інісінен ақырғы рет айы¬рылып тұрғанын сезбей аттандырады.
Соның алдында ағамыздың қызмет бабында біраз өзгерістер болған.
Қарағанды облыс болып бөлінген тұста Абдолла Асылбеков облыстық атқару комитетінің төрағасы болып тағайындалады да ол өзінің досы Нұғыманды “бірге қызмет істейік” деп шақырып алған екен. Достықты қадір тұтқан ағамыз Алматыдағы қызметін қиып, Қарағанды облысының жаңадан құрылып жатқан Жаңаарқа ауданының атқару комитетіне төраға болып та¬ғайын¬далады. Сол ауданның ол кездегі аумағын алып қарасаңыз, қазірде жа¬былып қалған Жезқазған облысының көлеміне тең еді. Соншама жерді аралап, елді, шаруашылықты басқару оңай болмаған. Аудан орталығына темір жол келгенде митинг ұйымдастырып, сөз сөйлегенін көзі көрген қарттар рахаттана айтады.
Нұғыман ағамыз жайлы Ақмола қаласының құрметті ақсақалдарының бірі – Төкен аға Сүлейменов көп әңгімелейтін. Со¬нау жас кезінде Жаңаарқа рай¬ко¬мында қыз¬мет атқара жүріп ағамен дос болған екен, үй ішімен араласып көңілді шақ¬та¬рын өткізіпті. “Алғыр, сауатты азамат еді ғой, райкомның бірінші хат¬шысы Мә¬¬жит оқымаған, жұмысшыдан көте¬ріл¬¬ген жігіт еді, мәжіліс кезінде оның жөні келмейтін терминдерді орын¬сыз қол¬данғанын әжуа етіп, залда күлкі ту¬ғы¬затын, – дейді Төкең. – Нұ¬ғы¬ман-ау мұның не, өзі шала сауатты, ке¬шегі жұ¬мысшы байғұсты тәлкек қы¬ласың, десек, – олай болса өз орнын білсін, ха¬л¬ықтың басын қатырмасын, – дейтін. Сәкен, Қаныштар қонақ болған кезде де бірге болдым. Сөз жүйесі жарасып, мә¬жі¬¬лістері асқақтап тұрушы еді, әр әң¬гі¬м嬬лері тыңдаушыларына ат мін¬гізгендей әсер ететін”, – дейтін Тө¬кең. Ол кісі мен көрген тұста сексенге еркін келген адам еді, қуғын-сүргін кезінде бой¬та¬салап жүріп кейіннен мұғалім, мектеп директорлығынан зей¬нетке шығыпты. Досы жайлы естелік жаз¬ды. Төкеңнің айтуынша сол Жаңа¬арқа ауданы ерекше қасірет көрген екен. Аудандық ГПУ-дің бастығы Тон¬дықұлов деген жексұрын азаматтарды баудай орып жатса керек.

<!--pagebreak-->
Естелік жазған ағалардың бірі Бай¬мұқан Алтынбеков еді. Ол кісі көзіне жас алып отырып Нұғыман ағаның өзіне (жетім өскен балаға) жасаған жақсылығын айтатын. Қашан сұрапыл қырғын сүріндіргенше Ақмолада оқып жүрген Баймұқанды Жаңаарқаға алып барып, әуелі комсомол ұйымында жұ¬мыс істетіп тәрбиелеп, кейіннен атқару ко¬митеті төрағасының орынбасарлы¬ғына дейін көтерген екен. Соғыста ер¬лік¬тер көрсеткен Бәкеңнің омырауы тү¬гел толған ордендер мен медальдар, өзі денелі, тұлғалы ағаның айбынын асы¬¬рып тұратын еді. Соғыстан келген¬нен кейін Ақмола қаласында, облы¬сын¬да басшы қызметтерде болған. Нұ¬ғы¬ман аға жайлы естелігі жүрек толқытады.
Әкем көшіріп әкететін адам жібереді деп жүргенде төбесінен найзағай оғы ұр¬ғандай “Нұғыман Оразұлы Таукин халық жауы” деген хабарды естиді. Жұрт осынау сұмдық сөзді естіген кезде өз көлеңкесінен өзі қорқатын халге келген ғой. Әкем “Қазақстанның он бес жылдығы” совхозының Қоскөл деген бөлім¬шесінде тұрады екен, суық сөз сол жердегі жұртқа жайылмай тұрғанда жылжып, Қобда өзенінің шығыс жағындағы Ақтөбе облысына қарайтын “Жирекқора” ет совхозы деген жерге көшеді. Еліне – Қостанайға көшуге тағы жол жоқ, ағайындары мына сұм¬дық сөзді естіген. Ақыры дүрбелең ба¬сыл¬ған соң келесі жылы еліне – Қос¬танай облысының Урицкий (Сарыкөл) ауданындағы туған ауылы – Отын¬шоқ¬қа (кейіннен “Маяк” совхозы болған) көшіп келеді. Ауылында ес жиған соң Нұғыманның үй ішін – Қазима келіні мен інісінің жалғыз ұлы Нариманды қо¬лына көшіріп алады. Тағдырдың ғала¬матын қараңыз, ағасын қолына көшіріп алмақ болған інісінің үй ішін енді керісінше менің әкем көшіріп алды.
Әке-шешемнің шерменде күйін кө¬ріп өстім. Ішіндегі қайғысын туыстары¬на көрісіп, ақтарып тастай алмай булы¬ғып жылайтын, түнде көрпенің астында тұншығып жылайтын. Сол елден ала бөтен ала қайғы менің ішіме де түсіп, бала күнімнен жан-жағыма жалтақтап қараумен жалтақ болып өстім. Өзге емес, ағайындар “Халық жауының тұқымы!” деп көзге шұқитын.
Бала кезімде әкемнің ұйқысырағаны ма екен, күбірлегенінен оянып кетіп жүрдім. Бірде: “Шығады қойға мүйіз сүйек жарып, сағындым мен бауы¬рым¬ды етім арып”, деген сөздерін есіме сақ¬тап қалдым. Енді бірде: “Шөмшеңдеп қараторғай тоймайды екен, айрылған бауырынан оңбайды екен”, дегені құлағымда қалды. Қайталап сұрауға дәтім шыдамайды, әкеммен бірге іштей тебіренемін, әке-шешемнің сол шер¬мен¬де күйі түгел маған көшкендей – әлі күнге ағаны еске алсам толқып ке¬тіп, көз жасыма ие бола алмай қаламын. Сірә, сол қайғы менімен бірге қара жерге кіретін болар. Ағалардың сонау бір сұрапыл жылдарындағы жазықсыз жаза тартқанын сол күйінде сезініп, сол күйінде тебіренетін адам біздің тұқымда жалғыз мен ғана, өзгесінің бәрі де дүниеден өтті.
1958 жылы Жоғарғы сотқа сұранып жүріп “өлген соң ақталды” деген хабар алып, жылап-еңіреп жүріп асын бердік, құран оқыттық. Жетпісінші жылдардың ортасында “атылғандар” тізімінен ағаны көріп және қайғының шоғына қақ¬тал¬дық. Бұрын “жиырма жылға немесе жиыр¬ма бес жылға кеткен болар, Сібір¬дің бір жерінде тірі жүрген шығар” деп өзімізді өзіміз ауалайтынбыз. Алғашқы хабардан мына соңғы хабардың “атылды!” деген сұсты сөздің түсі суық екен. Адам баласының басына бермесін!
Кейіннен, еліміз егемендік алған соң Ақмола облысының ҰҚК бастығы – генерал Тастанбеков Абылайға өтініш етіп, Нұғыман ағамның ісқағазын бұ¬рынғы КГБ-ның мұрағатынан алдыр¬дым. Қалыңдығы қарысқа жақын папка екен, сол мекеменің бір бөлмесінде отырып қарадым. Бірақ ештеме көшіріп ала алмадым, қараймын да жылаймын, қараймын да жылаймын. Жұбайым Айман¬ды алып барып оқытып көрдім, мендегі қайғы оған да ауғандай, ол да көз жасымен егілді. Сөйтіп жүргенде бір ай өтіп кетіпті – құжат кері қайта¬рылыпты. Абылай ініме айтып тағы да ағаның ісқағазын қайтарып алдырдым. Бұл жолы қызым Салтанатты алып барып, негізгі жерлерін оқытып дик¬тофонға жаздырып алдым.
Бірақ мақала жаза алмадым, қолыма алсам болды – толқып кетем. Папкадан ағамызды алдына тура қаратып, қыры¬нан түскен суреттерін, паспортын ал¬ған¬мын. Сол қиналып жүргенімді бай¬қаған ғой, редакциямызға (“Сарыарқа” журналы) жиі келетін Клара Әмірқызы дейтін апай:
– Нұрғожа, қалқам, сен қиналып жүр¬сің ғой, осы тақырыпты маған бер¬ші, мен жазайын, – деді. Қуанып кет¬тім, мойнымнан бір ауыр жүк түскендей болды. Жазды. Сол құжаттан байқап таңқалғаным – ағамыз өзінің досы Абдолла жайлы аузына да алмайды, “Мансұр Гатауллин айтты, Гатауллин тапсырма берді”, дейді. Сол кезде ұсталғандардың сырын бұрынырақта – алпысыншы жылдарда Қазақстан Жазушылар одағының облысаралық бөлімшесін (тың көтерген бес облыс) басқарып жүргенімде орыс әдебиеті бойынша кеңесші болған Александр Абрамович Дубовицкий дейтін ақса¬қал¬дан естіп білгенмін. Ол кісі отызыншы жылдарда Алматыда шығатын “Әдебиет майданы” журналының орыс тілінде шығатын қосымшасы бойынша бас редак¬тор Сәкен Сейфуллиннің орын¬ба¬сары болған адам. 1937 жылдарда Қарағандыда статистика басқармасы¬ның бастығы болған екен. Бұл да революцияға қатысқанына қарамастан үй тұтқыны болыпты. Сол кісі қалай сақтағанын кім білсін, “Индустриальная Караганда” газетінің 5-6 нөмірін сақтап қалыпты. Бір сырласып отырғанда үйінен әкеліп көрсетті.
Газетте обкомның екінші хатшысы М.Гатауллин мен облыстық атқару комитетінің төрағасы А.Асылбековтің тер¬геушіге берген жауаптары жарияла¬нып¬ты. Гатауллин: “Ие, ұлттық фашис¬тік партияның болғаны рас (нацио¬наль¬ная фашистская партия), оған мына адам¬дар мүше болды”, деп жиырма шақ¬ты адамның тізімін береді. Енді Асылбеков оның партия жөніндегі көрсеткенін қайталайды да “Гатауллин толық айтпай отыр, біздің партияда мына адамдар да мүше болды”, деп тағы да жиырма шақты адамның тізімін береді. Мен қатты ренжіп, “Мыналар жы¬нданған ба, өмірде болмаған партия¬ны зорлық көрген соң “бар” десін, жарайды. Ал соншама адамды еселеп-еселеп неге ұстап береді!” десем, Алек¬сандр Абрамович: “Сен олай ренжіме. Ол тізім бұрын дайындалып қойылған, тізімге енген сол адамдарды бұлар білмейді де. Қинаудың түр-түрін қолда¬нып, естерінен ауған тұста “қолыңды қой” деп алдына тосады. Біреулері есеңгіреп отырып қалай қол қойғанын да аңғармайды, екіншілері қинаудан титықтаған кезде “әй, бәрібір өлемін ғой, тым болмаса бір сәтке жаным ты¬ныш¬талсын”, деп қоя салады. ГПУ-дің қинауы ортағасырлық инквизитор¬лар¬дан да, фашистерден де әрі өткен. “Құ¬дай оны енді қайталатпасын!” дейтін жабырқап.
Әлгі ағаны қаралаған құжат папка¬сының соңғы бетінде 1938 жылы 11 мартта Алматының жанында (С. Сейфуллиндер атылған жер болса керек) атылғаны, оқ қай жерден қалай кіріп, қалай шыққаны, тесіктің орны қанша миллиметр екені көрсетіліп, жаны шыққан уақытына дейін жазылып жасалған акт жүр. Кәдуілгі колхоз кезінде өлген малға акт жасайтын еді ғой, тура сол сияқты.
Осы уақытқа дейін жаза алмай жүрген қайғы сырының бір ұшы осындай еді, толық жаза да алмаспын, тек осынау қаралы күндерде сол абзал ағаларымның аты бір аталып, оқырмандарды сәл уақытқа болса да ойландырсын деген оймен тебіреніп отырып қалам тарттым, ауыр ой үстінде көзім бұлдырап, сөзім іркістеніп кетсе, халқымнан кешірім сұраймын! Әкем мені інісіне жабылған қара пәледен аулақ қыламын деген болар – інісі Нұғыман Оразұлы Таукин болса, маған “Оразов” деген фамилияны жазыпты.

 

Нұрғожа ОРАЗ, Қазақстанның еңбек  сіңірген қайраткері.

Астана.
«Егемен Қазақстан» газеті  30 мамыр 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5406