Жылыжай шаруашылығы бойынша Оңтүстік алғашқы орында
Оңтүстік Қазақстан облысы еліміздегі жылыжай шаруашылығы ең жақсы дамыған өңір есептелсе, Ордабасы ауданындағы көкөніс өсірумен айналысатын «Аделя» ЖШС-ның жылыжай кешені барлық жылыжайлардың ішіндегі ең ірісі. Жалпы аумағы 16 гектарды алып жатқан кешен құрылысы жобасының құны 5,3 миллиард теңгені құрап, «Агробизнес 2020» бағдарламасы аясында іске қосылған.
«Аделя» жылыжай кешені жылына 8,4 мың тонна өнім жинайды. Оның 70 пайызы қазақстандық нарыққа шығарылса, қалған 30 пайызы Ресейге экспортталуда. Франсуздық «RISHEL» компаниясының заманауи жабдықтарымен жабдықталған кәсіпорында шамамен 200 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Оңтүстікке жасаған сапары барысында осы кешеннің тыныс-тіршілігімен танысып, жұмысшылармен кездесті.
Алып кешеннің керметтерін көрген ол «Осыдан 10 жыл бұрын мынадай еуропалық деңгейдегі жылыжайды армандаудың өзі қиын болатын. Енді міне, мемлекеттік қолдаулардың арқасында, «Агробизнес - 2020» бағдарламасының нәтижесінде осындай жетістіктерге жетіп отырмыз. Жылдың төрт мезгілінің барлығы дерлік жылы әр қолайлы болып келетін Оңтүстік өңірінің мұнан да жоғары мүмкіндігі бар екенін ескеріп, шағын және орта бизнестің үлесі артатынына сенімдіміз», - деді ағынан жарылып.
Abai.kz