«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары жұмыс сапарымен Оңтүстікке келді
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді. Бұл туралы «Абай ақпарат» Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Жұмыс сапарын «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынып жатқан 5 қабатты тұрғын үй құрылысы мен «Достық» шағын ауданындағы 1200 орындық мектептің құрылысын аралаумен бастаған Мұхтар Абрарұлы, көкөніс өндірумен айналысатын еліміздегі ең ірі жылыжай кешенінің жұмысымен де танысты.
Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Абрарұлы «Оңтүстік» индустриалды аймағында орналасқан шыны бұйымдарын шығаратын «Евро Кристалл» зауытына барады деп жоспарлануда.
Облысқа жасаған сапар барысында Саяси ұйым басшысы «Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының кезектен тыс ХХІХ конференциясына қатысқан болатын.
Айта кетейік, бүгін Оңтүстік Қазақстанда «Нұр отан» партиясы облыстық филиалының кезектен тыс ХХІХ конференциясы өтті. Отырыста партия төрағасының бірінші орынбасары М.А.Құл-Мұхаммед төрағалық етті.
Конференция барысында ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы болып сайланды.
Ал жаңа төраға өзіне жүктелген сенім үшін алғысын білдіріп, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы мен облыстың дамуына үлес қосуға да партия белсенді түрде атсалысатынын жеткізді.
Ширек ғасырда еліміздің қол жеткізген жетістігінің баршасында халықтық партия – «Нұр отан» партиясының үлесі зор екенін айтқан оңтүстік қазақстан облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Қыстауов атқарылған жұмыстар жайын баяндады.
Abai.kz