Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 6182 0 пікір 24 Қазан, 2016 сағат 10:03

1916 ЖЫЛ. ШОШҚАЛЫ МЕН КҮЙІКТЕГІ ШАЙҚАС

(Жалғасы. Басы мына сілтемелерде: сілтеме-1, сілтеме-2)

Көтерілісшілер Қостанай жақтан подполковник Кислов бастаған 600 әскері бар жазалаушы отряд келе жатқаны туралы хабар алады. Отряд жолдағы қазақ ауылдарынан кепілге адам алып, көтерілісшілерге қарсы қолданбақ болды. 

Қыс қатты, қарлы болған соң көп әскермен жүру тиімсіз болды. Сондықтан Амангелді Кейкі бастаған мергендер тобын алып, аз да болса таңдаулы сарбаздардан жасақталған қосынмен Наурызымға бет түзеді. Әбдіғапар ордада қалып, резервтік күш дайындауға көшті. Егер Кейкі шегінер болса, Әбдіғапар тың күшті бастап келмекке уағдаласты.

1917 жылдың 13 қаңтары болатын. Қыр басында тұрған отряд өздеріне беттеп келе жатқан қазақтарды алыстан байқап, оқ ата бастайды. Қашқан қазақтар Шошқалы қопасына тығылады. Қопаның ішін бес саусағындай білетін көтерілісшілер ізімен қуып жеткен солдаттарды ол жерден қуып шығады. Ертемен басталған атыс бесінге дейін созылады. Қопадан шыға қашқан патша әскерін қуу қауіпті екенін білген Амангелді, сарбаздарды Күйік қопасына қарай бастап әкетеді. Күйікке жолсыз, елсіз даламен тура жүреді.

Күйік қопасына жеткен соң Амангелді сарбаздарға жоспарын жайып салады. Отрядтың алдында үш шолғыншы болады, сол үшеуін өлтіруді Кейкі мерген екеуі мойнына алады. Оған дейін сарбаздар екіге бөлініп, жолдың екі шетінде жасырын тұруға тиіс. Орыстардың негізгі қосыны келгенде сарбаздар екі бүйірден қысып, қырып салмақ болады. 

Айтқандай көп күттірмей Кисловтың шолғыншылары да келеді. Амангелді мен Кейкі екеуін мұрттай ұшырады. Үшіншісі кері бұрылып қаша жөнеледі. Осы кезде сарбаздардың тәртіпке бағынған кәсіби әскер емес екені тағы да білінді. Қашып бара жатқан шолғыншыны көрген қосын тұтқиылдан атып шығып, қуа жөнеледі. Қалың қолды көрген Кислов отрядқа айнала қорғануды бұйырады. Зеңбіректерді құрып, атысты бастап жібереді. 

Сарбаздар зеңбірек оғы жетпейтін жерге дейін келіп қоршайды. Жүректі жігіттер аттың бауырына жабысып алып, жақындап келіп атысады. Отряд командирі оққа ұшады да, орыстардан береке кете бастайды. Алайда Наурызым сарбаздары табансыздық танытып, ымырт үйіріле майдан алаңынан кетіп қалады. Аз ғана сарбазбен соғысуды жөн көрмеген Амангелді мен Кейкі батыр шабуылды тоқтатады. Таң ата жазалаушы қосын өліктерін шанаға тиеп, Қостанайға кері қайтады.

 

ҚҰМКЕШУ ҚЫРҒЫНЫ

Орынбордан шыққан подполковник Тургеневтің тажалдарына Оспан Шолақұлы бастаған қол Ақшығанақ қыстағында кездеседі. Қазақ қосыны осы төңіректегі пошта бекеттерін талқандайды және патша әскерін ел ішіне жібермеуді мақсат тұтады. Қиян-кескі ұрыста қарудың нашарлығы тағы да қол байлау болады. Пулемет, винтовкамен қаруланған отряд маңына жақындатпайды. Көтерілісшілер Тургенев жасағын кідіртіп, негізгі қолдың дайындығына уақыт ұттырды. Өз міндетін орындаған Оспан ханның қолы кері шегінеді.

Бірнеше күннен кейін, 21 ақпанда Әбдіғапардың немере інісі Уәли Жалмағанбетұлы мен Кәрбоз Қабақұлы бастаған қол Құмкешу алқабына келді. Құмкешу –қазіргі Арқалық-Торғай тас жолы бойында жатқан шағыл құмды аумақ. Қазақтарды зеңбірекпен қарсы алған Тургеневтің отрядына тағы да тың күш қосылып, көтерілісшілерді ығыстырып тастайды. Енді соғысудың қырғынға апарып соғатынын білген қазақ қосыны кері қайтады. Орыстар жергілікті жасақтан құтылған соң еркінсіп, ауыл-ауылды тонап, халықты қыра бастады. Әйелдерді зорлап, қылышпен шауып, азық-түлігін тонаған. Атқа мініп алып, өлтіретін қазақ іздеп, өзен жағалап кеткен бір солдат көтерілісшілерге қосылуға бара жатқан екі қазақты қуып жөнеледі. Жете бере біреуін атып тастайды. Екінші қазақ шымыр денелі шапшаң жігіт екен. Солдатпен арпалыса кетіп, қаруын тартып алып, атып өлтіреді. 

Әбдіғапар мен Амангелді жер жағдайының қолайсыздығын ескеріп, негізгі күшті Байғабыл, Кемер арқылы Үрпекке алып кетті.

ДОҒАЛ-ҮРПЕК ШАЙҚАСЫ

Тургенев отряды алға жылжып, жолындағының бәрін жайпап келе жатты. Бағыты Батпаққарадағы көтерілісшілердің ордасы болатын. Жазалаушы отряд оң-солына қарамай қырып келе жатқанын көрген ел ағалары ақылдасып, бейбіт халық бекер қырылмасын деп, ақ ту көтеріп отырды. Өз заманында болыс болған Жұмабай деген кісі патшадан алған медаль-марапатын тағынып, Тургеневтің алдынан шықты. Орысқа бағыныштылығын айта кеп, отрядты ел қалың қоныстанған өзен бойымен емес, елсіз даламен жүруге көндірді. Қаймана қазаққа сойылы тимесін деген амал ғой. 

Сөйтіп, Ыдырыс есімді орыс тілін білетін қазақ жігіті жол бастап жүріп кетеді. Патша шолғыншылары негізгі қосыннан ұзап алға кетеді, олардың соңын ала жол сілтеуші Ыдырыс келе жатады. Сол уақытта орыс шолғыншысын күтіп отырған Кейкі мерген оны атып түсіреді. Атып қана қоймай, қылышпен кескілеп, турап кеткен. Мұны көріп ызаланған Тургенев Ыдырысты сатқын санап, көк желкеден атып өлтіреді.

Бұл уақытта көтерілісшілер ауыл тұрғындарын тоғай, қамыс, қоға арасына жасырады. Мергендерді өзен бойындағы қалың жынысқа орналастырып, отрядтың жолын торыған. Отряд атыс басталысымен екі топқа бөлініп қоршай бастайды. Оқтары біткенше қарсыласқан мергендер жағадағы қыстауды барып паналайды. Ішінде Әбдіғапардың інісі Жағыпар бар және ержүрек сарбаз, Амангелдінің оң қолы Өмен Мұсабайұлы да болған. Мергендер пана тұтқан үйге солдаттар өрт қояды. Түтінге тұншыққан сарбаздар далаға шыққанда зеңбірекпен жусатып салады. Онымен қоймай, Әбдіғапардың інісі Жағыпардың маңдайын қылышпен кесіп, крест салып кетеді.

Ұрыс күшейіп, негізгі қол да шегіне бастайды. Хан ордасы Үрпектен Күлікке көшіріледі. Қуғыншылар соғысты тоқтатпаса әскермен Ұлытау қойнауына ойысуда жоспарда болады. Бірақ, патша әскері шайқасты тоқтатып, өліктерін 15 шанаға тиеп, кері қайтып кетеді.

1917 жылдың 23-24 ақпанында өткен Доғал-Үрпек шайқасы – Әбдіғапар мен Амангелді, мерген Кейкі бастаған қазақ көтерілісшілерінің соңғы шайқасы еді. Көп ұзамай Ресейде Ақпан төңкерісі болып, патша тақтан құлайды. Соның нәтижесінде жазалаушы отрядтар да жорығын тоқтатты.

ҚОРЫТЫНДЫ

Кең далада еркін өмір сүріп, құлдықтың қамытын мойнына ілгісі келмеген қазақ сарбаздарының патша үкіметімен арпалысы осылай аяқталды. Антында тұра алмаған ақ патша халықтан мұндай қарсылық күткен жоқ еді. Қазақ жеріне қара шекпенділерді үсті-үстіне көшіріп әкеп, жергілікті халықты езген үстіне езе түсті. Бұратаналардың бас көтермейтініне сенімді болды. 

«Үйен жарлығы» шыдамның да шегі барын дәлелдеп берді. Жаһан соғысында жағдайы қиындаған орыс әскерін Ресейдің ішкі мәселесі де ірітіп жатқан-ды. Қалт-құлт күн кешіп отырған Николай дәуренінің өтіп бара жатқанын шалғайда жатқан қазақтар да сезді, әйтпесе, орта ғасырлық найза-қылышпен зеңбірек, винтовкаға халықты қарсы айдамас еді. Бұған Әбдіғапардың: «Патша ағзам құлағанша осылай амалдаймыз, ар жағын көре жатармыз» деген сөзі дәлел бола алады.

Қалай дегенмен де көтеріліс өзінің алға қойған міндетін толығымен орындап шықты. Көк көздердің тұқымын тұздай құртуға шамасы келмейтінін олар түсінді. Тек қана «орысқа әскер бермейміз» деп қолына қару алды, бермеді. Сондай-ақ, бұл көтеріліс халық санасын сілкіндіру үшін аса қажет болды. Ал, көтеріліс жеңілді, басып-жаншылды деген сөздер бекершілік. Жеңілген жағдайда Әбдіғапар мен Амангелді, оларға ерген қалың қол атылып, асылып, итжеккенге айдалар еді ғой. Бұлай жазаламақ түгілі үкімет өз басымен қайғы болып кетті емес пе!

Алайда, осы дүрмек онсыз да бөлінуге бейім қазақ жұртын қақ жарды. Елдегі дүрбелеңге дейін де бір құдықтан су ішпейтін тұлғалардың жеке бас араздығы саяси көзқарастардың алуандығына көшті. Сөйтіп, көтеріліс нағыз майданға апаратын бір баспалдақ болды.

(СОҢЫ)

Нұрболат Әлменов

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1485
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5515