100 НАҚТЫ ҚАДАМ. «КАДР БӘРІН ШЕШЕДІ.... »
«Кадр бәрін шешеді». Бұл кеңестік дәуірден қалған сөз болса да, маңызын жойған емес. Бұл фразаның авторы саясаткер Сталин екен. 1935 жылы Кеңестер Одағының кезекті мәжілісінде жасаған баяндамасында айтылыпты. Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында дамуға бет алған кеңестер одағындағы елдерге ілкімді серпіліс, қарымды қарқын қажет болды. «Техника бәрін шешеді» деген ұранды Сталин «Кадр бәрін шешеді» деп өңдеп, мамандардың кәсіби біліктілігінің қоғамды дамытудағы маңызына назар аудартқан екен.
«Техника бәрін шешкенімен» соны меңгеретін әрі оның озық үлгілерін ойлап табатын да білікті мамандар екені белгілі. Сондықтан болар саясаткер «Кадр бәрін шешеді» деген тұжырымға келген. Шынымен де кез-келген мекемені немесе кәсіпорынды, тіпті ұжымды артқа тартатын да, тасын өрге домалататын да – кадр, яғни іскер-маман. Қазақ «Шеге қақса да – маман қақсын» деп тегін айтпайды. Қарапайым мысал, басымыз ауырып, балтырыңыз сыздай қалса, дәрігерге барарда мың ойланып жүз толғанамыз. «Диагнозымды дұрыс қоя ма, емдей ала ма, берген дәрілерін сатып алғанмен, нәтиже бола ма?» деген күмәнді ойлар мазалайды... Тіпті тігінші, шаштараз, етікші қызметіне жүгінетін кезде де уайымдаймыз.. Неге? Себебі қызмет көрсету сапасы көңілімізден шыға бермейді. Қызмет көрсететін кімдер? Әрине мамандар... Яғни әр саланың кадры бар. «Кадр бәрін шешеді»...
2016 жылғы сәуірдегі статистика комитетінің баспасөз қызметі таратқан мәліметтер бойынша жұмыссыздар саны 439,3 мың адам болған. Жұмыссыздық деңгейі экономикалық белсенді халық санының 4,9%-ын құрады.
Әрине ел арасында жұмыссыздар санының өсуіне экономикалық, әлеуметтік факторлар әсер ететіні белгілі. Алайда жұмыссыз жүргендер «нағыз маман емес» деген ойдан аулақпыз. Тіпті нағыз өз ісінің майталманы жұмыссыз жүруі мүмкін. Қоғамдағы жұмысқа қабылдау кезіндегі іріктеу немесе байқау нәтижесі бойынша жұмысқа қабылдау мәселесі тек формализмнен аспай тұр. Бұл мәселені реттейтін Еңбек кодексінің «Еңбек қатынастарының туындау негіздері» 21-бабының бірінші тармағында: «Еңбек қатынастары жұмыскер мен жұмыс берушінің арасында осы Кодекске сәйкес жасалатын еңбек шартының негізінде туындайды» деп Еңбек шартын негізге алатынымыз айтылса, еңбек шартын
жасасу алдында:
1) лауазымға сайлану (сайлау);
2) тиісті лауазымға орналасуға арналған конкурс бойынша сайлану;
3) лауазымға тағайындау немесе лауазымға бекіту мәселелері қарастырылған.
Аталған тармақтар бойынша еңбек келісімшартын жасамас бұрынғы жұмыс беруші құзырындағы мәселелер. Кез-келген мекеме басшысы өз ісінің алға жүргенін қалайды. Сондықтан аталған үш тармақтың ішінен «тиісті лауазымға орналасуға арналған конкурс бойынша сайлану» дегені тиімді әрі ұтымды болғанымен, сол байқауды ұйымдастыру барысына да жіті мән берген жөн. Жұмыссыз жүрген азаматтардың барлығына дерлік жоғары білімді. Жыл сайын мемлекеттік қызметтерге байқау жарияланады. Аталған байқаулардан өтіп, жұмысқа орналасқан қызметкерді кездестірген, тіпті естіген де емеспін. Заң бар. Оның орындалу жағын өздеріңіз бағамдай беріңіздер. Қош, қызметкер «лауазымға тағайындалды немесе лауазымға бекітілді» делік, ҚР Еңбек кодексінің «Жұмысқа қабылдау кезіндегі сынақ нәтижесі» деген тарауының 37 бабының бірінші тармағында: «Жұмыскердің сынақ мерзімі кезеңіндегі жұмысы теріс нәтиже берген кезде, жұмыс беруші оны жазбаша нысанда хабардар ете отырып, еңбек шартын бұзу үшін негіз болған себептерді көрсетіп, онымен еңбек шартын бұзуға құқылы» делінген. Бізде жұмысқа жаңа келген қызметкер сынақ мерзімі ішінде «жұмысы теріс нәтиже» берген жағдай кездескен емес. Мекеме басшысы өзі қызметке тағайындаған қызметкерін «жұмысы теріс нәтиже» бергені үшін келісімшартын бұзбайды. Ондай фактіні кездестірген емеспіз. Бірақ қоғамда қызмет көрсету сапасына, мамандар жұмысына деген сенімсіздік, көңіл толмаушылық үдеп барады.
Осы 37 баптың: «Егер сынақ мерзімі аяқталса және тараптардың ешқайсысы еңбек шартының бұзылуы туралы хабардар етпесе, онда жұмыскер сынақ мерзімінен өткен болып есептеледі» екінші тармағы мүлтіксіз орындалады. Біздікі қызметкерлердің «сынақ мерзімінен»өтпей қалсын деген мысық тілеу емес, кім қызмет істесе де, қай жерде қызмет атқарсын өз ісінің нағыз майталман маманы отырса деген ізгі ниет. «Шешетін кадр» болмаса, біздің қоғамымыз дами ма? Дамымасақ ЕЛ боламыз ба?
Еңбек кодексінде туындаған бірқатар сауалдарға жауапты «100 нақты қадамның» «КӘСІБИ МЕМЛЕКЕТТІК АППАРАТ ҚҰРУ» деген тарауынан таптым. 1-қадам мемлекеттік қызметке қабылдау ресімдерін жаңғыртудан басталыпты. Мемлекеттік қызметке қабылдау «ІСКЕРЛІК ҚАСИЕТТЕР негізінде жүзеге асырылуы тиіс» деп екінші қадамда шегеленген. Біз қарастырып отырған байқау, іріктеу арқылы жұмысқа қабылдау мәселесін «іскерлік қасиеттіне қарайіріктеу» екінші қадамда айқындалған. Үшінші қадамда: «Мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің рөлін арттыру АРТТЫРУ есебінен мемлекеттік қызметке алғаш рет қабылданушыларды ІРІКТЕУ РЕСІМІН ОРТАЛЫҚТАНДЫРУ. Үш сатылы іріктеу жүйесін енгізу» деп мәселені шешу жолдары айтылады. «қайтсек кәсіби мамандар өз орнында отырады?» деген сауалымызға жауап. Төртінші қадамда «3+3 ФОРМУЛАСЫ БОЙЫНША мемлекеттік қызметке бірінші рет қабылданушылар үшін МІНДЕТТІ ТҮРДЕ СЫНАҚ МЕРЗІМІ(тиісінше үш айдан кейін және алты айдан кейін сәйкестілікті межелік бақылау)» деп көрсетілген. Алайда осы қадамда айтылған сынақ мерзімін ұзарту немесе қысқартумен мәселе шешілмейді. Сынақ мерзімінде қызметкерге атқаратын жұмыстары мен міндеттемелер айқындалып беріліп, оның нәтижесіне қарай сынақтан өткен-өтпегені комиссия шешімімен нақтыланғаны дұрыс.
Қызметкер штатқа тіркеліп, жұмысқа келіп-кетіп жүріп жалақы ала беруі мүмкін. Кеңес үкіметі тұсында «Өкімет өлтірмейді» деген масыл психология бар болатын. Осы мәселені шешу жолы бесінші қадамда «Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын қызметінің нәтижесіне байланысты ӨСІРУ» деп көрсетілген. Қызметкерді ынталандыру ғана емес әділ, таза еңбегінің өтемін төлеу қарастырылған. Жалақыны еңбек нәтижесіне қарай төлеу қай салаға болса да тиімді әрі әділ. Алайда әр сала өзіне ыңғайлы индикаторлар мен жұмыс нәтижесінің сапасын анықтайтын параметрлерді заңнамалық тұрғыдан рәсімдеп, бекітіп қойса, іс оң нәтиже берері анық.
Қай салада болса да өз ісінің «жілігін шағып, майын ішкен» нағыз мамандар болғаны абзал...
Мәрия Майлықұтова, журналист
Abai.kz