М.Боқаев пен Т.Аянов әкімдік ескертулеріне құлақ аспаған
Макс Боқаев пен Талғат Аяновтың ісі бойынша басты сот отырысы одан әрі жалғасуда. Бірнеше күннен бері іс бойынша куәгерлерден жауап алынып жатыр. Бүгінгі отырыста Атырау қалалық әкімдігінің қызметкерлері куәлік етті.
№2 Атырау қалалық сотында өтіп жатқан сот процесі тағы да айыпталушылардың қатысуынсыз жалғасты. М.Боқаев пен Т.Аянов отырысқа қатысудан бас тартса, олардың қорғаушылары әкімдікқызметкерлерінен іске тікелей қатысы жоқ сұрақтарды жаудырып, уақытты созумен болды.
Бүгінгі отырыста Атырау қаласы әкімі аппараты мемлекеттік-құқықтық жұмыс бөлімінің бас маманы Самат Ембергенкуәлік етті. Ол М.Боқаев пен Т.Аяновтың әкімдік тарапынан рұқсат етілмеген жерде митинг өткізгенін және шерудің заңсыз екендігі жөнінде алдын-ала ескертілгенін айтты.
«Митинг өткізуге рұқсат берілген жоқ. Өйткені аталмыш орын, яғни Исатай-Махамбет алаңы бейбіт шеру өткізуге белгіленген орындар қатарында жоқ. Қала бойынша арнайы митинг, шеру, пикет өткізуге 5 орын белгіленген. Бұндай орындар 2013 жылдан бері бар, ал 2016 жылы басқа орындар бекітілді. Наурыз айында бұл орындар белгіленіп, Атырау қалалық мәслихат шешіміменқабылданған. Олардың қатарында Исатай-Махамбет алаңы жоқ. М.Боқаев пен Т.Аянов рұқсат етілген орындар туралы білетіндерін айтқан», - деді С.Емберген.
Атап өтсек, бүгінгі отырыста бірінші болып Атырау қаласы әкімі аппаратының басшысы Полымбет Хасанов куәлік етті.Оның айтуынша, М.Боқаев пен Т.Аяновтың 21 мамыр күні Исатай-Махамбет алаңында митинг өткізгісі келіп, жазған тағы бір өтініші әкімдік тарапынан қанағаттандырылмаған. Екінші жиында Атырау әкімі Елбасының жер мәселесіне қатысты мораторий жариялағанын айтып, М.Боқаевқа митинг өткізгенше жер комиссиясының отырысына қатысқаны дұрыс болар деген. Боқаев та, Аянов та алдын ала келісіп қойғандықтан сол күні бәрібір митингке шығамыз деген.
Еске сала кетсек,М.Боқаев пен Т.АяновтыңҚР Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша айыптар тағылуда. Атап айтсақ, олар: 174 баптың 2 тармағы, яғни, әлеуметтік және ұлттық алауыздық туғызуға бағытталған қасақана іс-әрекеттер жасау, азаматтардың ұлттық намысы мен қадір-қасиетіне тіл тигізу; 274 баптың 4 тармағы, яғни, қоғамдық тәртіпті бұзуға қауіп төндіретін көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату; 400 бап, яғни, заңсыз шерулерді ұйымдастыру, өткізу және оған қатысу.
Abai.kz