Өнеркәсіп өнімі өсті
Оңтүстік Қазақстан облысында өнеркәсіп өнімінің көлемі алғашқы үш тоқсанның қорытындысы бойынша 4,9 пайызға артып, теңгеге шаққанда 574,2 миллиардқа жетті. Өнім көлемінің өсуі негізінен тамақ (104,5 пайыз), мұнай өңдеу (117,5 пайыз), фармацевтика (127,3 пайыз), металл емес минералды өнімдер (115,4 пайыз), металлургия өндірісі (107,4 пайыз) есебінен орын алып отыр. Бұл - жүйелі атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткішінің айтарлдықтай жоғарылағанын көрсетеді. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Агроөңір есептелетін облыста осы салада өндірілген өнімнің жалпы көлемі 319,6 млрд. теңгені құраса, оның ішінде мал шаруашылығында 150,3 млрд., егін шаруашылығында 168,6 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Сонымен қатар, айтылып отырған мерзім ішінде құрылыс жұмыстарының көлемі 125,3 млрд. теңгені құрап, 385,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға артты. Ал 9 айда негізгі қорға 240,8 млрд. теңге инвестиция бағытталды.
Айрықша атап өтер жайт, облыста 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасы қабылданды. Айқындалған 83 индикаторлардың ішінде 11-і биылғы жылдан бастап, алғаш рет Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі мен облыс әкімі арасында түзілген Меморандумның индикаторлары болып табылады. Жыл соңына дейін белгіленген индикаторларға қол жеткізілетін болады.
Abai.kz