Картон өндіру де қолға алынды
Оңтүстік Қазақстан облысының орталығында ғана емес барлық аудан-қалаларда индустриалды аймақтарды іске қосу жобасы қарқынды жүргізіліп келеді. Мұндай қадам алдымен ел экономикасының алға жылжуына септігін тигізсе, екіншіден, тұрғындарды жұмыспен қамтуда маңызы зор. Айталық, аумағы 35 гектарды құрайтын Шардара қаласындағы индустриалды аймақта инженерлiк-коммуникациялық инфрақұрылымдар құрылысы толығымен аяқталған. Ол үшін мемлекет қазынасынан 467,5 млн. теңге бөлiнiп, су, электр энергиясы, кәрiз жүйесі, көлiк коммуникациясымен қамтамасыз етiлген. Бiр шақырымнан астам жерге қуаттылығы 35 киловаттық электр желiсi тартылып, қосалқы станция сатып алынған. Су құбырлары жүргiзiлiп, 1,3 шақырым жолға асфальт жол төселген.
Шардара ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Жолдыбайдың айтуынша, бүгінгі таңда бұл аймаққа орналасу үшін 6 индустриалды-инвестициялық жоба тапсырылса, оның 2-еуi жақын күндерi жұмысын бастамақ екен. Iске асырылатын жобалардың жалпы құны 975 млн. теңге.
Алғашқылардың бірі болып іске қосылғалы отырған «Ақжол 2008 ЛТД» ЖШС-i гофрланған картон және қорап жасаумен айналысады. Серіктестік директоры Н.Әшімханов облыста мұндай өндіріс орнының жоқ екенін айтады. Ал, сұраныс жоғары. Әсiресе, жиһаз жасайтын, түрлi техникалар шығаратын кәсiпорындар мен ауыл шаруашылығы өнiмiн сатумен айналысатындарға бұл тауар өте қажет. Демек, бұл жобаның болашағынан зор үміт күтуге болады деген сөз. Жалпы, құны 100 млн. теңгелiк жобаға «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығы арқылы 74 млн. теңге несие берiлiптi. Қалған қаражатты кәсiпкер өз қалтасынан шығарып отыр. Бүгiнде Қытайдан өндiрiстiк жабдықтар әкелiнiп, монтаждау жұмыстары жүргiзiлуде. Қазан айының алғашқы күні іске қосылуы жоспарланып отырған өндіріс орны тәулігіне 5 тоннаға дейін кңартон өнімдерін шығаруға қуаты жетеді. 25 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
Abai.kz