ЕРҒАЛИ БАҚАШ. ТYС
Соңғы кездері тек бір түсті ғана жиі қайталап көретін болды. Бастапқыда аздап үрейленген. Бірақ бара-бара сол түсі оған ерекше ләззат сыйлайтынын да қу іші сезетін сияқты. Түсінде жылап жатып оянып кетеді. Өне-бойын ауырлатқан ауыр мұңнан бір сәтке болсын алыстап, сергіп қалады. Күні-бойы әлдебір ғажап сезімнің жетегіне еріп көңілді жүргенмен, бәрібір кешкісін жұмыстан шаршап қайтады. Жиылмаған суық төсегіне аяқ киімін де шешуге шамасы болмай құлай кетеді. Тағы түс көреді. Жылайды. Күледі...
Осындайда күліп қарсы алар жары, еркелеп мойнына асылар балалары болса ер жігіт титықтай ма? Қалталы болмаса да, қыз қызығар келбеті бар азаматтың отыздың жуан ортасына келгенше сүр бойдақ жүруі қуыстанарлық жағдай ғой. Тас қаланың бұрыш-бұрышын жағалаған пәтер жалдаушы емес, үш бөлмелі жекеменшік үйі бар. Тек отын маздатып, бауырын жылытатын бір шүйкебас қана жетіспей тұр. Бар гәп өзінде. Университетте оқып жүргенде домбыраны бебеулетіп, гитараны әлдилегенде қыз біткен үйіріліп маңайынан шықпайтын. Үріп ауызға салғандай не бір перизаттар мөлдірей қарап, сызылушы еді. Түк сезбегендей әлдебір мұңлы әнді қайталап айтып отыра беретін көнтерлі мінезінен әлі аса алмай келеді. Адам жаны осынша жұмбақ болар ма?
Үйреншікті түсі оған айнымас дос, анттасқан андасындай адал серігі іспетті. Өңі бал-бұл жанып, қара сүр жүзіне қан ойнап шыға келетін болыпты. Ерекше көңілденгенде жасындай жарқырап, мейірленіп кетеді. Ондайда достары қолқалап ән салдырады. Қара домбыраның пернесін көз ілдірмес жылдамдықпен басқан жүйрік саусақтар ықылымның түнегінен сыр суыртпақтағандай халық әндерін бірінен кейін бірін төгіп-төгіп жібереді. Ескі дәуірдің күймесінде отырғандай ұйып тыңдаған көпшілік қалықтаған әуен нәзік сезіммен аяқталғанда барып өздеріне өздері келе бастайды. Оның өзгелерге ұқсамайтын болмысына, кәсіби білім-біліктілігіне іштей тәнті болып жүретін әріптестері ризашылығын білдіреді.
– Бір басыңа бар өнер тоқайласқан перісің ғой. Бірақ, неге әлі күнге бойдақ жүрсің, – дейді пайғамбар жасынан асқан бастығы. Жауап таба алмай қысылып тұрғанда оң қапталында отыратын етжеңді толық апай самбырлап сөйлей жөнеледі.
– Кәрі жүрегімді толқыттың ғой, мұндай дауысты естімегелі қашан. Үш алмам бар, ұнатқаныңды жар етші, қалыңсыз-ақ берейін,– дейді әзілдеп айтса да, шынын айтып.
Мұндайда ол үнсіз ғана жымияды. Бар жауабы сол. Ішіндегі алапат тасқынды қызметтестер қайдан білсін?! Осы уақытқа дейін жүрегінің түкпірінде сақталып, жан әлемін алай-дүлей сезімге бөлеп келген аяулы бейнені қалай ұмытуға болады? Оның жауабын өзге түгіл өзі де білмейді. Сондықтан да екінің біріне сыр ақтарып қауқылдасуға еш зауқы жоқ. Оған болмысы да келмейді. Үнемі өзімен өзі саябақтарда оңаша серуендеп, өткен күндердің естен кетпес елестерімен өмір сүріп жатқан жайы бар. Мүмкін адам өмірінің тең жартысы әлдеқашан өтіп кеткен келмес күндерінің жанға азық болар ыстық елестерін аңсаумен ғана мәнді-мағыналы шығар деген ойдың шүңетіне батып жүргелі де көп болған. Соған иланады да.
Кімнің басынан өтпеген алғашқы махаббат. Иә, солайы – солай ғой. Бірақ алғашқысы әрі соңғысы болып жүрмесе жара еді... Біреулерге ерте, енді біреулерге кеш келетін балауса сезімнің мәңгілік тәтті азапқа салған құдіретіне қалай бас имейсіз? Кешегі ғашықтардың махаббаты да осындай-ақ болған шығар? Біз терең білмей, бағаламай, армандап жүрген сезім осыдан артық қалай болуы керек? Оны тек ардың туын жықпаған, ақ, адал сезімдердің иесі ғана біліп, солар ғана бағалап, қадіріне жете алатынға ұқсайды.
Бір басын екеу етуге жағдайы келмеді дейсіз бе? Жүрегі қаламады... Сол жүрек алыс ауылда қол бұлғап қалған бала махаббаттың елесімен өмір сүріп жүргенін кімге айтып түсіндіре алады. Айтқан күннің өзінде де. – Әй, қойшы, дейтіндер маңайынан-ақ табылады. Сырымды айтамын деп өсектің өртіне оранып кеткеніңді өзің де сезбей қаласың, талай аузы күйген. Содан болар, өзімен – өзі дос! Адамға жалғыздықтан артық досы жоқ деп біледі.
***
Өз кәсібін терең білетін болғандықтан бөлімнің ісқағаздары дерлік бұның қолынан өтеді. Күнделікті жұмыс уақыты сағат алтыға дейін болса, бұл тоғыз-ондарға дейін отыра береді. Кейбір қуақы әріптестері, – Жалғыз өзің үйіңе барғанда не істейсің? Сопайып төрт қабырғаға қарап отырасың ба? Одан да маған көмектес. Сауабы болады – деп, тапсырма беріп кетеді. – Өз жұмысыңды өзің істемейсің бе, – деген қарсы жауабына: « Үлгермей жатырмын, балабақшадан баламды алуым керек. Өз басыңа келгенде түсінесің, көмектесші», – деп қиылады. Діңкелеп тұрса да, құшақ-құшақ маңызды құжаттарды мұқият қарап, кем-кетігін толықтап, тастүйін дайын қылады. Бірақ, жылы сөздерді істеген бұл емес, істемеген олар естіп жатады.
Бүгінде осындай бір қауырт жұмыстан шаршап оралды. Шала-пұла жұмыртқа қуырып ауыз тиген болды да, ойына әлде бірдеңе түсіп кеткендей, самалдыққа шығып темекі тұтатты. Құшырланып сорып, көк тұтынды көкке үрлеп рахаттанды. Он алтыншы қабаттан төменге қараудың өзі қорқынышты сияқты көрінді. Ал, өзгенің жүрегіне үңіле білу, оны түсінуге тырысу қандай бақыт! «Мен бақыттымын» деді ішінен. Іле, әркім бақытты әрқалай түсінеді. Мен үшін бақыт пен махаббат бір ұғым. Әр адам өзінше бақытты болуы керек. Менің бақытқа жету жолым осы. Себебі, мен оның жүрегіне терең бойлай алдым. Бақыт деген – сол емес пе деді өзіне-өзі сұрақ қоя сөйлеп. Самалдықта ұзақ тұрып қалғанын жаурай бастағанда білді. Сонда да қоймай тағы бір шылым тұтатты. Себебі, ол – дәл осы сәтте өзін бұрынғыдан да бақытты сезінген еді.
***
Түс көріпті. Көптен бері қайталап көріп жүрген түсі. Түсінде ауылды қақ жарып ағатын Қас өзені тасып, халықты әбігерге салыпты. Кәрі-құртаң, бала-шаға жиылып бөгет бола алмай, ауыр шығынға батыпты. Ата-анасының қалқайған моласы құлап, құлпытасы қақ айырылыпты. Елден береке-бірлік кетіп, ұры-қары көбейіпті. Ғашығы екеуі жиі кездесіп, айырылымасқа серттескен Төрт терек тамырымен қопарылып шіри бастапты... Шошып оянды. Қара тер басып кетіпті. Қатты қорыққандікі болар, ұзақ уақыт өзіне-өзі келе алмай, төсегінде бүкшиіп отырып қалды. Сәлден соң барып «Түстің шешімі – жорудан» дегендей, жақсылыққа жорыды. Бірақ көңілінде күдік қалып қойды. Содан таң атқанша кірпік айқастырмады. Соңғы рет ата-анасына ас бермекші болып ауылына барған кезін есіне түсірді. Одан бері де он бес жыл зақпының тасындай боп зымырап өте шығыпты. Бармайын демейді ғой. Бал дәурен балалығы қалған асыл мекенді, онда өмір сүріп жатқан ақпейіл дархан халықты сағынбайды дейсіз бе, сағынады! Бәрінен де, көңіл көкжиегінен бір сәт көтеріліп көрмеген, тірі мүсінін ойламайды дейсіз бе, ойлайды! Ал, туған топырағыма тәу етіп, сағынышымды басып келейін деуге батылы жетпей келеді. Оның өзіндік себептері бар, ол – сол ынтық зарының өзге біреуге тұрмысқа шығып кетті деген қауесеттен басталған еді.
Туып өскен ауылы – Сарыбұлақ – көркем жер. Жусаны мен ермені жанға шипа, дертке дауа. Шілде айында барсаңыз, бүлдіргеніне ат тұяғы боялады.
Сол жолы енді қайтып соқпайтынын білгендей Сабыр досы екеуі туған жердің жұмбақ сырына үңіліп, ұзақ аралады.
– Сен қайта айналып келгенше біздің ауыл су астында қалуы мүмкін... Осы жолы армансыз бір аралайықшы, мен де сенімен бірге туған топырақтың көркем бейнесін көңіліме тоқып алайын, – деді Сабыр көптен жасырып жүрген сырымен бөліскендей.
– Қай-қайдағыны айтпасаңшы, су астында қалғаны несі, – деді бұл жұлып алғандай.
– Өй, оқу соққан неме, сен ауылға екі-үш жылда бір-ақ рет келесің. Бұл жақтағы жағдайға қанық емессің, сондықтан да айтқаныммен сенбейсің! Одан да білмей-ақ қой, – деді мұңая тіл қатып.
– Қалай білмеймін, айтшы, – деді дауысы дірілдеп.
– Ол ұзақ әңгіме, – деді Сабыр сабырлы қалпынан танбай.
– Қанша ұзақ болса да, айт дедім ғой, айтсаңшы созбақтамай.
– Бірдеңенің шеті шықса қоймайтын әдетің әлі қалмапты ғой, – деді қулана жымиған Сабыр.
– Адам өзгеруші ме еді, қиыр жайлап, шет қонып кеткеніммен, сол баяғы алқам-салқам Сәкенмін ғой, немене мені періште балап жүрмісің, – деді күліп.
Былтыр жазда қаладан мамандар келіп ауылымыздың жер - суын тексеріп, бастарын шайқап таң қалыпты. Оны осы ауылдың әкімінің орынбасары – әлгі сенің бала ғашығыңның нағашысы айтты. Анау тұрған Абыралы тауы мен мынау Қаратөбенің асты тұтас көмір екен солардың айтуынша. Ағыны қатты Қас өзенін буып электр стансасын салмақшы екен. Құм мен шағылдың сорты ең жоғарғы көрсеткішті көрсетіп тұр дейді мамандардың болжауынша. Содан бері, елден береке кете бастады. «Жаман айтпай, жақсы жоқ». Олардың айтқаны шынымен іске асса, қара халық қайда барады. Атамекеннен қоныс аудару адам түгілі, мал екеш, малға да оңай соқпасын ол иттер түсінеді дейсің бе? Біреулер бұдан да жақсы күн кешеміз, үкімет өлтірмейді, үй салып, жер бөліп береді дейді. Әрине, өлтірмейді ғой. Бірақ анау қырдағы ата-бабаның моласы су астында қала ма? Оны ойлаған атқа мінерің бар ма? Бәрі үкіметтің айтқанын асыра орындап көзге түсуге тыраштанып жүр.
Сабырдан естіген бұл әңгіме Сәкеннің көкірегін мысықша тырналады. Шынымен де, Сәкенде бұл ауылдан басқа ештеңе жоқ. Бірге туған туысы болмағанмен, осы ауылдың әр тұрғыны оның жанашыры, тілеулесі бола білгенін қалай ұмытсын. Ата-анасынан тым ерте айырылып балалар үйінде тәрбиеленген оған ауылдастары үлкен үміт артты. Қол ұшын беріп қолдады. Осы күнге дейін жүрек түкпірінен өшпеген аяулы жанды да балалар үйінде кездестіріп, қапысыз түсіністі емес пе? Оқуын аяқтаған соң, қалаға алып кететін болып уағдаласқан. Әне-міне деп жүріп уақыт ұзартып алды. Ел іші тыныш жата ма? Өсек өрттей лаулады. Онсыз да жарым көңіл жүрген қорғансыз жан «Сәкен үйленіпті» деген хабарды естіген соң-ақ көңілі нілдей бұзылып жанары құрғамайтын болды. «Енді бұл ауылда жүрудің мен үшін ешқандай да қызығы қалмады» деп ойласа керек, алыс ауылдағы бастауыш мектепке мұғалім болып өзі сұранып кетті. Ал, Сәкен «Жөн-жоралғымен келіп, нағашысының ризалығымен қалаға ұзатып алып кетемін» деп жүргенде оны «Тұрмысқа шықты» дегенді естіп, аһ ұрып қала берді. Міне, содан бастап Сәкен туған ауылы – Сарыбұлаққа ат ізін салмай кетті.
***
Екі жарты бір бүтін болуға сөз байласқан екеудің өмір жолдары оңай болған жоқ. Енді-енді өз аяқтарынан тұрып, шаңырақ көтермекші болғанда бір-ақ ауыз сөз араларын алыстатты. Бірақ, жүректері суымады. Іштей бір-біріне тілекші болғандары хақ. Тек көңілдеріндегі күдіктен арыла алмай бірі – Алматыда, бірі – ең алыс ауылда өмір сүріп жатыр. Сәкен оның қай ауылда екенін білмейтін. Сабыр досынан хат арқылы сұраған да, ол да білмеймін деп қысқаша жауап қайтарған. Талай рет іздемек болып оқталған. Соңында, отбасылы адамның шырқын бұзбайын деп сабырға келген болатын. Ал, үзбей жазысқан хаттар екеуінің де қолына тимеген. Егер, сол хаттар ұшты-күйлі жоқ болып кетпегенде олар әлде қашан отау тігер еді...
***
Тағдырына налығанмен амалы не? Маңайыңдағылардан қашып құтылсаң да, маңдайыңдағы жазудан қашып құтыла алмайсың. Жалғыздық мүмкін менің бақытым шығар, қалай болғанда да, мен оны басқаға айырбастамадым. Сүйген жүректе сүркейлік жоқ екенін оған да, жер басып жүрген пенделерге де дәлелдегім келді. Сондықтан үйленбедім. Махаббатсыз қалай үйленемін? Сүймей алған әйелден қалай сүйкімді бала туады? Ұрпақсыз қалсам да мен ол қадамға баруға дәтім шыдамады, қысқасы, арым жібермеді. Оған деген сезімім мен кіршіксіз махаббаттымды ана дүниеге ала кетемін. Сыртымнан сөгіп, гу-гу сөз теріп жүргендерге жол болсын! Мен өз әлемімде бақыттымын деді Сәкен өз көңілін өзі көтеріп.
***
Қараша аспаны мұнартып, қаланы дымқыл сыз басқан. Ғасырлар сырын сақтаған алып ағаштардың бұтақтары тарбиып-тарбиып жалаңаш халге түсе бастапты. Алда желтоқсан деген ызғарлы ай табалдырықтан аттасымен-ақ қар қылаулап түсіп, лезде басып қалатын әдеті болушы еді, биыл қайтер екен? Кейде тосын мінез көрсетіп бораны ұшырып әкететіндей үйіріп соққанда не істеріңді білмей абдырап қаласың...
Сарыбұлақ ауылының көктем мен жазы керемет болғанмен, күзі мен қысы жайсыз-тұғын. Ауыл мен қаланы жалғаған көне күре жол желден бір арылмайтын. Жауған қарды ұшырып әкеліп таудай ғып үйіп тастайтын. Күн жылып, жер сорғымайынша аудан, қалаға жұрт қатынай алмай әбігерге түсетін.
Сәкен мұнартқан қала аспанына қарап, ауылын еске алып, көңілі босап кетті. Іле, осы жазда барып қайтсам ба деген ой қылаң берді санасында. Бірақ, кім үшін, не үшін барамын деді өз ойынан өзі айнып. Бәрі өзгерген... Кім таниды мені... Дос деген – Сабыр да хат-хабарсыз кетті... Одан да, алыстан-ақ сағынып жүре бергенім дұрыс болар деді бір бекімге келіп. Онсыз да ауылымды ылғи түсімде көремін. Соның өзі сағынышқа ем емес пе деді өз сөзін өзі мақұлдайтын әдетіне басып.
***
Сәкен қызмет бабымен, шетелде көп болды. Сұлулығын сөзбен жеткізе алмас көркем қалаларды армансыз аралады. Бірақ бәрібір түсіне өз ауылы кіріп, бірде жылап, бірде күліп оянды. Осылай өмір өтіп жатты... Баяғыдай жалын жоқ, самайға ақ кіріп, денсаулық сыр бере бастады. Жалғыздық бойда қуат бар кезде білінбейді екен, дәрмен кетіп, дәрі-дәрмекке қараған күн қиын соғып тұрғанын мойындамасқа шарасы қалмады. Оның үстіне дәрігер жүйкеге салмақ салмау керектігін баса айтқан. Ұзақ ойланып, мерзімінен бұрын кезекті еңбек демалысын алуға бекінді. Жұрт мақтап жүрген шипажайлардың біріне барып ем-дом алып тынықпақ қой баяғы. Тура бір апта өткенде жолға шықты. – Бір басыма не жетпейді, баяғыдан бері неге денсаулыққа көңіл бөлмедім екен? – Әй, баяны жоқ дүние-ай, – деді пойыздың терезесінен тысқа қарап тұрып. Бұрын өзінің көп қылығын дұрысқа балаушы еді, соңғы кездері өзін-өзі сыбап, сын-тезіне алатын болып жүр...
Шипажайда мін жоқ, керемет екен! Бір аптадан бері қан қысымы қалыпқа түсіп, жүрегі де жуаси бастады. Көңілі де көтеріліп, ертелі-кеш таза ауамен тыныстап, рахаттанып-ақ қалды.
Ат шаптырым асханада кезекте тұр еді, қалың топтың ішінен сұңғақ бойлы орта жастағы бейтаныс әйелмен көзі түйісіп қалды, екі беті құлақ-шекесіне дейін қызарып, жүрегі шым ете түсті. Оның да жетісіп тұрмағанын байқады. Дәл өзі! Жанарлар тағы да шарпысып, көкірегі күмбірлеп қоя берді. Ары қарай, мұңлы көздердің әңгімесі басталып кетті.
– Сен Сәкенсің бе? – деді үзіліп естілген нәзік дауыс.
– Иә, мен Сәкенмін ғой, таныдың ба, – деді жүрегі кеудесінен шығып кетердей атқалақтап.
– Танығанда қандай, түк өзгермепсің дейді, – күрсініп,
– Ақыры кездестік-ау, – деді терең тыныстап...
***
Түс көріпті. Ауылы алты қыр, жеті белден асып ұшы-қиырына көз жетпес жазық далаға қоныстаныпты. Ақы-иесі жоқ ескі молалар су астында қалыпты. Әдеттегідей жылап жатып оянып кетті...
Abai.kz