КӘРІ ҚЫЗ (бүгінгі заман суреті)
Дариға апай маған телефон шалып:
- Жұмыстан кейін маған соға кетші, мына жаңадан жазған жырларымды сынап берерсің, әрі немерелі болғанмын, қуанышыма ортақтас -деген соң, асыға басып келе жатып, оны елден ерекшелендіріп тұратын мінезін еске алдым. Зейнеткерлікке шыққанша көп жылдар мектепте мұғалім болып істеген. Арасында газет-журналдарға әңгіме, өлеңдер жолдап, кей сәттерде жұрттың ойына келе бермейтін проблемалық мақалалар жазып тұрады. Мен одан көп кіші болғанмен арамыздағы жас алшақтығын елемейміз. Тек менің оған «сіз» деп сөйлейтінім болмаса, кездесе қалсақ әңгімеміз таусылмайды. Бұл сірә, екеуіміздің де әдебиетке бүйрегіміз бұратындықтан және кітап оқуға құмарлығымыз бір жерден шыққандықтан шығар деп ойлаймын. Апайдың жалғыз қызы Гүлнар былтыр күйеуге шыққан, бөлек тұрады.
Жолдан «Акация» дүкенінің қасындағы гүл базарынан апайдың жақсы көретін сары түсті хризантема гүлдерін таппаған соң, өзім жақсы көретін аппақ роза гүлдерін алдым. Бір қорап конфета мен армян коньягін алуды да ұмытқан жоқпын.
Мен келгенде Дариға апай ас үйде тамаққа қамыр салғалы жатыр екен.
- Даке, немере құтты болсын, бауы берік болсын!
- Айтсын, айтсын, бірге болсын. Өмірге адам келген жақсы ғой. Бүгін қызыма екі рет барып келдім, немеремнің салмағы төрт кило болып туылыпты.
Дариға апай әдеттегіден қуанышты, жүзінен ерекше мейірім төгіліп, жайнап жүр.
- Сен мына өлеңдермен таныса бер, мен тамақты қәзір дайын етемін. Апайдың өлеңдерінің көбі адамның көңіл-күйі мен аналық махаббат туралы екен. Екеуіміз тамақ ішіп, әңгімелесіп көп отырдық, бұрын апай жұмыста болған кезде көбіне жұмыс туралы немесе басқа да ресми әңгімелер айтатынбыз. Екеуіміздің де мамандығымыз қазақ тілі мен әдебиеті болғандықтан, бұл салада әңгімеміз таусылмайтын. Молдаванның дәмі тәтті, қызыл шарабын дүниеге келген сәбидің денсаулығы үшін тағы да көтеріп, шын жүректен тілек айтып жатқанымда, менің ойыма апайдың тек жалғыз қызы бар екені оралды.
- Даке, Гүлнарыңыздың жалғыздығына ағай ештеңе демеді ме?- дедім, сұрағымды барынша сыпайы қоюға тырысып.
- Қандай ағай? - деді, Дариға апай маған көзілдірігінің астынан сұраулы жүзбен қарап.
- Күйеуіңізді айтамын, қазақтар ер баланың болғанын қалайды ғой.
- А-а, мені жұрттың бәрі кәрі қыз атайды. Мен күйеуге шыққан жоқпын, ал қызымды жақсы көретін адамымнан туып алдым.
- А, солай ма? - дедім, әрі қарай не айтарымды білмей қалдым, мен оны ажырасып кеткен шығар деп ойлайтынмын.
- Ақыры кеш болып кетті, одан да сен Замираға телефон соға сал да, бүгін осында қон, асықпай әңгімелесеміз, қызымның қалай дүниеге келгенін де айтып берейін.
Мен әпкеме телефон шалып ескерттім де, апайдың қасында қалдым. Екеуіміз түннің бір уағына дейін әңгіме соқтық. Өткен жылдардың ізіне көз жүгірткендей болған апай бір сәт үнсіз қалды.
...Оған да ширек ғасырдай уақыт өтіпті. Мен ол кезде Батыс Қазақстан облысының алыс аудандарының біріне қарайтын алыс ауылдағы мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беремін. Ол кезде ауылдық жерлерде жасың жиырма бестен асса, отырып қалған кәрі қыз саналасың. Мен болсам институтты бітіріп, біраз жыл жұмыс істеп жүргенім өз алдына, отызды да орталап қалғанмын. Мектептен кейін бірден Оралдағы пединститутқа кандидат болып оқуға түстім. Сол кезде бір-екі оқушыны заңды студент деп санамай, кандидат етіп алып, содан соң, оқи алмай, оқудан шығып кеткен студенттердің орнына қабылдайтын. Ол кезде қазіргідей ақшаң болса болды кез-келген оқу орнына түсіп, оқып, тіпті оқымай да диплом сатып алатын кез емес, оқуға құрметпен қарайтын. Қолдан бағалар қойылып, жалған құжаттар толтырылмайтын.
Бірінші курсым кітаптан бас алмай оқумен өтті. Еңбегім ақталып студент болдым, екінші курста да стипендия алу үшін сабақ соңында жүрдім.
Ал үшінші курста мен Оны кездестірдім. Ақ сары, ұзын бойлы, мығым денелі, өзі ауыздыға сөз бермейтін, аяқтыға жол бермейтін пысық, домбырамен халық әндерін айтқанда жұрттың аузы ашылып, көзі жұмылатын. Гитарамен орысша әндерді орындағанда іші-бауырыңды суырып алатын, ал балалайкамен татардың ойнақы әзіл әндерін салғанда, адам тұрған жерінде билеп кеткісі келетін. Ол бүкіл институттың мақтанышы еді. Баяғының сал-серілеріндей айналасында жігіттер мен қыздар балға жабысқан шіркейдей толып жүретін. Байқағаным, олар үнемі үш жігіт бірге жүреді. Бірі-маған алыстау ағайын болып келетін Бақыт деген біздің ауылдың жігіті. Ол ағайым кейде мен тұратын пәтерге ауылдың хабарын айтып соғып кетеді, ауылға барса, үйден беріп жіберген азық-түлік алып келеді, институттағы немесе, ауданымыздың жастары ұйымдастырған әр түрлі кештерге алып барады.
Мен оны жиі кездестіріп жүрсем де, ол менен алыста еді.
Жүрегімде соған ғана арналып өсіп шыққан әппақ гүлімді күн сайын жұлып тастаймын, күн сайын өсіп шығады. Қасынан қыздар көрсем, қараптан қарап қызғанамын. Ал, ол маған мүлде көңіл бөлмейді, мендегі сезімнен бейхабар. Тіпті маған бойжеткен түгілі, әйел баласы деп қарамайтынын сеземін. Айнаның алдында отырып, түріме қараймын да ызам келеді. Қиылған қас жасаймын деп, қасымды тердім. Фасоны келіспеген соң ба, әлде өзімнің ебім жоқ па, болмады. Кішкене қара көздерімді, мөлдіреген шаралы көз жасай алмайтыным екі бастан белгілі. Қап-қара, жылқының құйрығының қылындай, сусылдаған қалың қара шаштарым дегеніме көнбейді. Әйтеуір басқа жігіттерді елемеймін, жатсам да тұрсам да ойлайтыным сол, есіл-дертім де сол жігітте болды.
Сөйтіп, селдеген сезіміме тұншығып жүріп үшінші курсты аяқтадым. Жазғы каникулдан оралып, төртінші курсқа келгенімде мен оның үйленетінін естідім, ағайым Бақыттан шым-шымдап суыртпақтап отырып, болашақ әйелі бір дөкейдің қызы екенін білдім.
Қатты ауырып қалдым, бір жұма сабаққа барған жоқпын. Сол хабарды естігенде айналамды қара түнек қаптап, айлар бойы қол бұлғап, жетемін деген арманым быт-шыт болған. Оған деген әлдилеп жүрген сезімімді не отқа жағарымды, не суға ағызарымды білмей, қайтсем, жаным мен жүрегімді сол сезімнен тазартып, құтыларымды білмей дал болдым. Бұл быт-шыт болған сорлы сезімімді кішкене сынықтарына дейін жинап, жүрек деген орамалға түйіп, жанымның бір бұрышына іліп қойдым. Қаладан кеткенше асықтым, оқу-оқу деп, сабақтан бос уақытымда Жайық өзенімен сырласып, өлең жазумен жүріп оқуды да бітірдім. Жолдамамен барған басқа аудандағы мектепте тиісті үш жылымды істеп, ауылға жұмысқа ауысуды ойлағанмын. Бірақ, сол жер ұнады, біздің аудандай жері шөлейт емес, қалаға да бір табан жақындау. Мектеп директоры жақсы кісі еді. Бастықтың да әділ, адал, білімді, адамгершілігі, түсінігі мол болғаны да жарты бақыт екен ғой, марқұм Өмірғали ағайымыз сондай кісі болатын. Сол жерде қалуыма сондай әділ, адамгершілігі зор басшымның болғаны да әсер етті десем, артық болмайды.
Ағаларым әйелдерімен өз жөндеріне кеткен соң, әр жазғы каникул кезінде шешемді емдеттім, тіс салғызып, курорт, санаторияларға апардым. Шешеммен бірге тұратын інімнің бала-шағасы көп, онымен бірге тұрғаны болмаса шешемнің ішіп-жемі, киім-кешегі менің мойнымда. Бір күні орайы келгенде шешеммен әңгімелесіп отырып:
- Мама, отыздан асып барамын Жақсы жігіт кездеспеді, шетінен ішкіш, жаман жігіттерге тигім келмейді. Жақсы көретін адамнан бала туып алсам, бағып бересің бе –дедім, ойын-шыны аралас.
- Өй, албасты, күйеуге тимей, бала туам деп сені не қара басты? Не сен тиетін еркек табылмай қалды ма, ана көршінің баласы Ғазиз сені әлі күнге күтіп жүрген жоқ па? Бүкіл ауылды, одан қалса ауданды шулатайын деп жүрсің бе? Бір айдан кейін айырылысып кетсең де, алдымен күйеуге ти, бала туғың келсе. «Үйінде отырып туыпты» дегеннен, «ажырасып кетіпті» деген жеңіл, әлде ана аға-інілеріңді жерге қаратқалы жүрсің бе? Осы сен қызға оқу өтіп кеткен, содан бірдеңе шығатындай кітаптан бас алмайсың, сол кітап оқығанның пайдасы бар ма? Көп оқудан миың ағып кеткен ғой - деп, автоматша тарсылдаған шешем, сөзінің аяғында сөйлей алмай, ашуға булығып жылап жіберді.
- Мама, тыңдашы, мен күйеуге тимей бала тусам, одан ешкімге келіп кетері жоқ қой, қиналсам өзім қиналамын. Өмірге сәби әкелу қылмыс емес. Күйеуге шығып, тұрмыс құруды маған тағдыр жазбаса қайтемін? Ал менің ана болғым келеді. Ғазиз секілділерге күйеусіз өтсем де тимеймін. Сіз өмірі жұмыртқа жемейсіз ғой, Ғазиз де маған сол жұмыртқа секілді - деп, ең жақын адамым-анамның жанымды түсінбегеніне ашынып мен де жылап жібердім. Екі сағаттан соң шешем ауылына, ал бір шешімге келген мен облыс орталығына аттанып кеттім.
...Мен Оны облыс орталығындағы жұмыс істейтін мекемесінен қиналмастан іздеп таптым. Оқу бітірген соң қайын атасының арқасында қалада қалып, үлкен қызметке орналасқанын білетінмін. Орташа бір мекеменің басшысы. Кең кабинеті адамның мысын басқандай екен. Ол жарқылдап, орнынан тұрып қарсы алды. Менің Бақыт ағайымның қасында жиі жүретінімді ұмытпапты.
- Кел, кел Дариғаш, төрге шық, көрмегелі қанша жыл - деп маңдайымнан сүйді. Арада көп жылдар өтсе де ұмытпағанына, оның үстіне жылы қарсы алғанына риза болып қалдым. «Жұмыс бастылы болып кеттік қой» деп, ақталғандай, Бақыт ағайдың хал-жағдайын сұрады. Негізгі әңгімені қалай бастап, келген «жұмысымды» қалай айтарымды білмеймін. Уақыт өтіп жатыр. Ол іскер адамның кейпімен аман-саулықтан соң:
- Дариға, қабылдау бөлмесінде кісілер жиналып қалған болуы керек, ұялмай жұмысыңды айт - деді.
Біреу кіріп қала ма, әлде айтуға үлгіре алмай қалам ба деп асыққан мен төбеден түскендей:
- Мен сенен сәби сүйгім келеді - дедім. Ол «мынаның есі дұрыс па дегендей» бетіме қарап отырып қалды. Мен тездетіп, оны алғаш көрген күннен бастап сүйетінімді, күйеуге шығу түгіл, ешқашан еркекпен болмағанымды, өзінен сәби сүю үшін бірге болғым келетінін, сол үшін осында бір пәтер жалдағанымды, бар сыр екеуміздің арамызда қалатынын, оны күтетінімді, басқа не айтқаным есімде жоқ, қолына адрес жазылған қағазды ұстата салып, ол есін жиғанша шығып кеттім. Бір ауыз сөз қатуға шамасы келмей ол қалды. Қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыздан оның жұмыс телефонын да жазып алуды ұмытқан жоқпын.
Пәтерге келгеннен кейін өзімді қоярға жер таппадым. «Келе ме?, келмей ме?», «Келісе ме, жоқ па, келіссе қалай бастаймыз?». Әлі еркекпен болмаған басым, «Келіссе қалай бірге боламын?»-деген ойлардан көңілім қобалжыды. Отырып-отырып, неге бұлай жасадым, бұл ақымақшылық емес пе? - деп, осылай шешкенімді де, осында келіп, пәтер жалдағанымды да дұрыс емес деп шештім. Пәтерді тапсырып кетіп те қалмақшы болдым. Оның жұмысы көп, келмейді, сені не қылсын деген ішімнен бір ой бас көтереді.
Уақыт өте келе, адамның әр нәрсеге талабы күшейеді. Жаның, тәнің, сезімің бәрі қатайып қатып қалғанда немесе қатая бастағанда біреудің дегені мен ыңғайына көну оңай ма? Әйтеуір бала туып аламын деген ойға бекінгенім шын және оны бірінші кезектегі орындайтын мақсат деп шешіп қойғанмын. Ол келмесе, иә келіспесе кімнен туамын? Жоқ, келіссе де, келіспесе де тек содан туамын деп шештім. Аласұрған ойыммен арпалысып, енді ол келмейтін болды, жұмыс уақыты баяғыда аяқталған, қандай бақытсыз едім деп жылап алып, пәтерді ертең тапсырмақшы болып, өрекпіген көңілімді баспақ болып, валидол ішіп алып жатып едім, көзім ілініп кетіпті.
Есік қоңырауының даусынан атып тұрдым. Айнаға қарауды да ұмытып, есікті аштым да, кіріп келе жатқан Оның мойнына асыла кеттім. Оның бойындағы кеңселік ресми дағдыны осылай кенеттен бұзып, оның ойланып, менен бас тартуына шама келтірмеуге тырыстым. Бірақ, ол мен ойлағандай көтеріп алып, шыр айналдырып, бас салып төсекке көтеріп апарған жоқ. Тек маңдайымнан сүйді де, сыпайы құшағынан босатты. Жеңіл шарап ішкені сезіледі. Ол да айналаға көз салып, не істерін білмегендей тұрып алды. Бір кезде тамағын кенеп:
- Дариғаш, сені Бақыт осылай атайтын еді ғой. Дариғаш, бағана дұрыс сөйлесе де алмадық. Мен Бақыттан хабарсыз кеткенмін, менен бір көмек керек пе оған, иә саған - деп, маған қарады.
Енді бір минут кешіксем, сыпайы қоштасып кетіп қалатынын сезіп, кеш болатынын ұққандай, мен жанұшыра :
- Сенің маған деген сезімің ешқашан оянбайтынына көзім жеткен, оның маған қажеті де жоқ. Есесіне екеуімізді жүз рет орап алатын сезім бар менде, мен сені осы жылдар бойы сүйіп келгенмін және сүйіп өтемін. Мен ешқашан еркекпен болған емеспін. Менің жаным мен тәнімнің пәктігі саған арналған - деп, үстімдегі юбкамның түймесін ағытып жіберіп едім, сырғып аяғымның басына түсті. Бет түрім онша болмағанмен мүсінімнің сұлулығына мақтана аламын, бассейн мен өзен көлге шомылуға барсам, маған жігіттер қайырыла қарап жататын. Батылдықтың қайдан келгенін білмеймін, оның көйлегінің түймесін ағыта бастадым, ол да қанша дегенмен еркек емес пе, мені құшағына алды.
Менің оған деген сөнбеген, бірақ, оны үйленеді дегенде қирап қалған сезімімді жүрек деген орамалға түйіп, жанымның бір бұрышына іліп қойдым дегенім бекер болып шықты, ол сезім тек бір бұрышты ғана емес, менің бүкіл жан-тәнімді түгел орап алған екен. Жүрегім де, алпыс екі тамырым да оның атын қайталап, соғып жатты. Екеуіміз бірге болған сол жеті күн қайтып келсе, оның орнына қалған өмірімді берер едім. Сол кезде мен қандай бақытты едім, көп жылдар бойы өзім сүйген адамыммен бірге әйел бақытының дәмін таттым! Сол басымнан өткен жеті күндік бақытымның сәулесі мен жылылығы қалған өміріме жетіп келеді. Менің сол кезден есімде қалғаны күн мен түнді ажырата алмай қалғаным, өзімнің шексіз бақытты болғаным, менің оны да шексіз бақытқа бөлегенім ғана.
- Жаным, мен бақыттымын, бақыттымын, сен әлі қыз екенсің ғой, қалайша осы кезге дейін пәктігіңді сақтағансың? Шынымен, осы жылдар бойы мені сүйіп, мені күттің бе?
- Болған жоқпын жаным, сен үшін сақтадым.
- Мұндай бақыт маған бұйырмайды ма деп едім, әйелім де қыз болмай келген. Дариғашым менің, мен саған қарыздармын, енді менің әйелім боласың -деп ентікті. Оның үздіксіз қимылынан шаршаңқырап қалған мен, арасында ернімді тістелеп, айқайлап жібермеуге тырысып, қолдарыммен жаймамды қысумен болдым. Оның «уһ» деп, алған демімен бірге, «сен енді менің әйелімсің», «мен сені езіп жібердім бе?» - деген үні алыстан талып естілді. Біраз уақыттан кейін қан-қан ақ жайманы ауыстырып жатқанын байқадым.
Ертеңіне күні бойы төсекте жаттым. Өңім бе, түсім бе білмеймін. Бір ретінде «тамақ ішші, не жегің келеді?» - деп, жеміс-жидектер мен шырындар әкеліп, екінші рет «я тебя очень хочу» деп қасыма келген оны жолатпадым. Денем дел-сал болып, бірақ, өзіме-өзім риза қалыпта, бір көптен армандап жүрген шыңның басына шаршап шыққандай бір өзгеше күйдемін. Қыз-келіншек, жеңгелерімнің әңгімелерінен еркек пен әйел арасындағы құпиялар туралы көп естігенмін. Ол кезде бұл тақырыпқа кітаптар жоқ еді ғой, қазір ғой кез-келген дүңгіршекте мен мұндалап тұрғаны. Бірақ, менің басымнан кешкендей болады деп ойламаппын. Жан дүниемде арпалыс жүріп жатты, бір жағынан әппақ сезім, бір жағынан, бір түрлі қорқыныш па, жиіркеніш пе бір нәрсе, тіпті оны сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Сол махаббат дегеннің еркек пен әйелдің арасындағы жыныстық қатынас дегенге тірелгенде көлеңкелі тұсы да бар ма деймін.
Қандай жақсы, білімді, мәдениетті адам болса да ол табиғаттың
бір бөлшегі. Ал, табиғат адамдар мен жаны бар тіршілік иесінің бәрін еркек-ұрғашы деп екі топқа бөлгенін, олардың басты міндеті табиғи заңдылықпен алдымен ұрпақ қалдыру екенін сонымен өткізген түндерде ғана ұқтым.
Ол қайта-қайта бетіме төніп:
- Бір жерің ауырып қалған жоқ па? - деп, асты-үстіме түседі. Мен болсам істеген әрекетімнің дұрыс-бұрыстығына баға бере алмай, әрі бір шешімге келе алмай, ой түбін шарлаумен болдым. Екінші күн осымен өтті, бұл менің жан ләззаты мен қоса тән ләззатының не екенін түсініп, үйреніп, әрі соған әзірленген күнім болды. Ара-арасында бірнеше сағатқа кетіп қалғаны болмаса, содан екеуіміз жеті күн бойы бірге болдық. Құштарлық пен құмарлықтың шырқау биігіне жетіп, менің жағымнан жан ләззатына қоса тән ләззатын ала бастағаным болса, оның жағынан тән ләззатын алып, оған қоса жан ләззатын да қоса алуға ұмтылып жатқан кезі еді.
- Жаным - дейді, ол мені құшағына алып жатып. Бар өмірімді төңкеріп жібердің ғой. Тіпті не істерімді білмеймін. Жұмыс бастылықтан ба, жұмасына әрең жататын басым, өзімнің саған деген құштарлығымды баса алатын емеспін, мені жиырма бесіме қайта апардың ғой...
Оны менің оған деген жылдар бойы әлдилеп келген аяулы сезімім емес, ең бастысы қыз болып шыққаным риза ететін секілді. Ол осындай сөздерді тебірене айтып, тәнімді аймалап, өз ыңғайына бейімдей бастайды. Бірнеше жылдар бойы талай қыздың, оның ішінде менің де арманым болған көктегі жігіт өзінің бақыттылығынан не істеп, не қойғанын білмей, менің сандарыма дейін аймалап, аяғымның астында жатты.
Үйі мен жұмысында іссапарға кеткен болып есептелетін ол менен барын аяған жоқ. Тәнімнің ауырғанына да қарамастан, одан екі қабат болуды тілеген мен, қалай қимылдаса да көне бердім. Оның тәжірибелі қолдары мен төсектегі іс-әрекеті де, өзін ұстауы да менің көңілімнен шығып жатты. Жетінші, соңғы күні төсіме басын қойып жатқан ол:
- Дариғаш, мен сенің қасыңда өзімнің нағыз еркек екенімді сезінгендеймін.
- Бұл сөздеріңді қалай түсінемін?
Ол қазақшаға жүйрік емес, мен секілді орысшаға шорқақ ауыл мұғаліміне қазақша сөйлеуге тырысқанмен, арасында кібіртектеп қалып, орысшасында қосып жіберіп отырды.
- Әрине еркекпін ғой, бір ұлым да бар. Бірақ, неполноценный еркек болған сияқтымын. Маған сенің төбеден түскендей ойда-жоқта сыйлаған пәктігің, ұзақ жылдар бойы сақтаған таза сезімің, мені төредей көріп көрсеткен құрметің мені бір үлкен биіктіктің басына шығарғандай. Мен өзімді 25-тегі жігіттей сезінемін. Бұлай болады деген нәрсе ойым түгіл түсіме де кірмеген нәрсе. Сенің мен үшін қандай құрбандыққа барғаныңды да жан-тәніммен сезініп жатырмын. Жас кезімде біреу мені осыншалықты жақсы көреді деп, үш ұйықтасам ойыма кірмепті. Ағаң Бақыттың қасынан көргенде «мына тәмпіш мұрын қара қыз неге сонша тәлпіштенеді?» деп ойлаушы едім.
Ол басты әңгімені бастамады, иә бастауға қорықты, иә кейінге қалдырды. Ал маған ол қажетсіз еді, мен сөзімде тұруым керек болатын. Иә, оның алдында да, өзімнің алдымда да берген сөзімде тұруым керек!
- Менің бүгін жалған іссапарым бітеді. Жұмысқа соғып, үйге барамын, ертең ертемен жұмысқа барып, қасыңа келемін - деген ол маған кінәлі адамдай қарады. Мен төсекте жатқан бойы оны мойнынан құшақтап ұзақ сүйдім. Егер одан жүкті болсам, бұл оны соңғы көруім екенін білемін, ал жүкті болмасам, оны уақыт көрсетер, бәлкім тағыда кездесерміз. Ол қанша сұраса да қай жерде, қай ауылда жұмыс істейтінімді айтқан жоқпын.
Мен оған «Жоқ, жоқ, мен де ауылға қайтуым керек, менде сенің жұмыс телефоның бар, қалаға келгенде саған өзім хабарласамын, мені іздеме, хабар өзімнен болады» - деп, көзіме тола бастаған жас пен көкірегімде әп-сәтте пайда болған өксікті байқамай тез кетсін деп, «қатты ұйқым келіп жатыр, пока» - деп теріс аунап түстім.
Ауылға келіп жұмысымды жалғастыра бердім, 1,5-2 ай шамасы өткенде бойымдағы өзгерісті сезіне бастадым. Анда-санда баратын ауылыма да ат ізін салуды қойдым. «Ауылға келмегелі көп болды, мейрамда келіп қайтсын»-деген шешемнің сәлемі де жауапсыз қалды. Құдай тілегімді беріп, ішім біліне бастады. Бір үйдің сиыры туғанға дейін біліп отыратын ауылда мен туралы өсек көбейді. Мені кімге таңарын білмейді. Бөтен жерде тұратыным қандай жақсы, менің бұл ауылда ешқандай туыстарым жоқ. Өсектесе мені өсектейді, ал маған бәрібір еді. Себебі, менің ішімде менің жауапсыз махаббатымның, менің бар ғұмырыма тұратын аса бақытты өткізген жеті күнімнің ескерткіші өсіп жатыр. Өзім мәңгілікке сүйген, таза сезімімді арнаған адамның ұрпағының дүниеге келетінін ойласам, ол маған барлық қиындықтарды жеңетін белгісіз бір жойқын күш беретіндей көрінеді.
Тіпті менің әншейінде үйімнен шықпайтын «порядочная» дос қыздарыма дейін үйіме ат іздерін салмай қойды. Бірақ, шәкірттерім бар, мен оларды жақсы көремін, ата-аналарына айтпаған сырларына дейін олар менімен бөліседі, сырласады, кеңес сұрайды. Солар мен үшін көп жұбаныш. Ешкімге артық сөз айтып, беттеріне қарап күлмесем де, оқта-текте ішіп алып, есігімді қағатын еркектер пайда болды. Жүйкем жұқарып, әбден қиналған соң, Оған хабарласпақшы да болдым.
Басқа жүкті әйелдерге қарасаң өскен іштері мен, кейбірінің беттеріне түскен сепкілі болмаса, бала туудың еш қиындығы жоқ секілді. Жұрттың балаларына қарасаң, олардың өзі өсіп жатқандай болатын. Бірақ, олай емес, ана болудың да өзінің ауырлығы бар екен, әсіресе жалғыз әйел үшін, бәрінен де күйеусіз әйелге бала туу тек материальдық, күнделікті өмір тұрғысынан ғана емес, әсіресе ауылдық жерде моральдық тұрғысынан да өте қиын екен. Қалалық жерде ештеңе емес, онда көршілер де бір-бірімен көп араласа бермейді, ал ауылда ол кезде өте қиын болатын. Қазір ғой, заман өзгерген, отыз бес түгел, онбеске келген қызың да әр ауылда туып жатыр. Ауылда жағдай басқа. Ол кезде, жұмасына бір рет кино болатын, телевизоры жоқ ауылда өсек пен қыстағы соғым кезіндегі қонақтықтан басқа, желдей гулеген өсектен басқа ермек болмайтын. Ауырлыққа шыдамай өліп те қалғым келген. Бірақ, сүйікті адамымнан жаралған сәбиді иіскеп, жеті күнге созылған әйелдік бақытымды ұзақ түндерде еске алып отыратынымды ойлап, тас түйін болып бекініп, жұмысымды істей бердім.
Мектептегң мұғалімдердің 95 пайызы әйелдер еді. Еркектерден тек директор ағайдан басқа, дене шынықтыру, еңбек, ән, суреттен беретін мұғалімдер мен шаруашылық меңгерушісі ғана. Мұғалімдер бөлмесіне кірсем, мен ол әйелдердің күйеулерінен жүкті болғандай, тіпті күйеулерін тартып алғандай ала көздерімен атып, мені тірідей жерлеп тұрғандай көрінетін. Олар мені жеңіл жүріске салынып, педагогқа жат нәрсе істеді деп кінәлайды. Ал, менше сүйіп, менше ғашық болып, сол аяулы сезімі үшін менше құрбандыққа бару олардың өңі түгіл түстеріне де кірмеген. Бір күні өзі коммунист, өзі кәсіподақ төрайымы, мен ішімнен «шолақ белсенді» атайтын Салима апай мұғалімдер бөлмесіне кіріп, мектеп директоры Өмірғали ағайға мұғалімдердің көзінше:
- Дариға Шакееваның моральдық тәртібін қарау керек - деген. Ішімнен жұрт таласып өте алмайтын партияға, директор ағайға дейін «жас мамансың, іскерсің, жоғарылауың керек, мүмкін мектеп директоры болып кетерсің, партияға өтіп ал»- дегенде, өтпегенім қандай жақсы болған деймін, онда менің партиялық мәселемді қарайтын еді. Өмірғали ағай да іле-шала Салимаға: «Ол коммунист емес, ешкімнің семьясын бұзып жатқан жоқ, өзім сөйлесемін»-деп, маған қарап:
- Дариға, сіздің түс қайта сабағыңыз бар ма?-деді.
- Жоқ.
-Сағат екіде менің кабинетіме келіңіз - деп, мұғалімдер бөлмесінен шығып кетті. Межелі уақыт өткенше сан түрлі ойлардың жетегінде тұрып, қобалжулы күй кештім. Жаман ойлардан мың өліп, мың тіріліп, жаным байыз табар емес. Директордың кабинетінің есігін
әрең ашып кірдім.
- Кел, кел Дариға - деген ағайдың даусы әдеттегіден де жылы естілген секілді.
- Дариға, менің әңгімеме құлақ салып, мұқият тыңда - деген ағай қарсыма келіп отырып әңгімесін бастап кетті.
- Мен шамамен сенің әкеңмен жасты адаммын. Ұлы Отан соғысында бес жыл жүріп қайттым, жақсыны да, жаманды да көрдім. Сол кезде бір әкеден жалғыз тұяқ болған соң, қырғыннан аман келуді армандадым. Құдайға шүкір, қазірде аман-есен келіп, үйленіп, балалар түгіл немере сүйіп отырған жайым бар. Сенің жағдайыңды түсінемін. Мен сенің сәби сүйгеніңді сөкпеймін, қайта қолдаймын. Сен мұндай сөздерді менен естимін деп ойламаған шығарсың. Өз ішіңнен шыққан балаң болғанға не жетсін. Отау құрып, отбасылы болуды тағдыр жазбаса, бұның да дұрыс шығар, бүгінгімен өмір сүрмей, алдағыны да ойлау керек. Денсаулығыңды күт, сәбиіңнің денсаулығы, сенің денсаулығыңа байланысты екенін естен шығарма. Тек менің талап етерім, демалысқа кеткенше жұмысыңа жауапты бол. Босаңсыма. Ешқандай жел сөзге жол берме. Көмек қажет болса, ұялмай өзіме кел, қолдан келген көмегімді аямаймын. Сен оқушылардың қорыққанынан емес, шын көңілден сыйлап, жақсы көретін аз ғана оқытушыларының бірісің. Әйелдердің сөзін көңіліңе алма, қамықпа. Бірақ, бір өтінішім, екеуміздің арамыздағы бұл әңгіме осы жерде қалсын. Көрші совхоздағы аудан бойынша озық мектептің директорын 8-ші кластың бір оқушы қызы жүкті болып қалғаны үшін алып тастағанын естіген шығарсың. Орын үшін емес, мен қалтамда партбилетім бар адаммын, коллективте артық сөз, проблема болғанын қаламаймын–деді.
Мен борша-боршам шығып жылап отырмын. Бұл кісі мен күткендей маған ұрысқан жоқ, кемшіліктерімді шұқып моральда оқыған жоқ. Мені оқушылардың жақсы көретінін де біледі екен. Менің өз шешем де түсінбеген жанымды бөтен біреу, әрі мосқал, ер адам түсінгеніне жыладым. Бірақ, анам мен бауырларым түсінбеген менің жанымды ақ самайлы, ер адам, оның үстіне бастығым-сырттай қатал көрінетін мектеп директоры – Өмірғали ағай түсінеді-деп ойламаппын. Анам мен бауырларым менен сырт айналғанда, маған көмек қолын созар адам бар екенін біліп жыладым. Мені Өмірғали ағайдың әкелік жылы сөзі мен озық ойының әсері жылатты. Өзімді ауыр қылмыс істеп, кінәлі адамдай сезініп, енді жаза күтіп жүргендей болғанымда, қолтығымнан демеп, «бұның сенің ерлік» деген Өмекеңдей адамдардың барлығына, менің әйелдік болмысыма қатал үкім айтып өтіп жатқан жылдармен тайталасып, ана болу қуанышына ие болатыныма қуанып жыладым. Жылаған сайын бойым жеңілденіп бара жатты. Жүрегімде көптен тұрып қалып, иістеніп кеткен сасып кеткен су-көздерімнен жас болып шығып жатқандай. Өмірі көздерімнен
бұндай тоқтаусыз бұршақтаған жас шығып жылап көрмеген едім.
Ағай әңгімесінің соңында:
- Дариға, бір сұрақ қойсам айып етпе, бірақ, жауап бергің келмесе өзің біл, сен бұл ісіңе өкінбейсің бе?
- Жоқ, ағай өкінбеймін, оңай болмайтынын білгенмін, бірақ, өкінбеймін- дедім, нық дауыспен.
- Сәбидің әкесі нағыз бақытты жігіт екен –деді, ағай.
Мұғалімдер менің ісіп кеткен көздерім мен жылаған жүзімді көріп, директор мені сойып салды деп топшыласа керек. Жанар деген бір жас мұғалім ғана аяушылықпен қараса, басқалары бедірейе қарайды, әсіресе, Салима апай есесі қайтқан адамдай мысқылдап, масаттанып тұр. Ішімнен «байғұс, шолақ белсенді»-деп, мен де жақтырмай көз тастадым да сумкамды алып шығып кеттім. Менің жағдайымды естіген болуы керек, күнім жақындағанда қасыма қайран анам келді, бір ұрсып, бір жылап сабасына түсті, баласы қандай болса да туған ана баласынан безсін бе? Бала мен туғанды, базардан зат таңдағандай таңдап ала алмайсың ғой, тек араласпай кетпесе.
Өмірғали ағайға өте риза болдым. Декретке шығып, сәбиіммен үйде отырғанда, мұғалімдер арқылы жағдайымды біліп отырды. Көмір түсіртіп берді. Соңынан, неше жылдан бері пәтер жалдап тұрады, жас маман ретінде баяғыда алуы керек еді деп, босаған екі пәтерлі совхоз үйінің бір жағын алуға көмектесті. Қысқасы, ол менің коллективтен бөлініп қалмауыма көп көңіл бөлді. Ондай басшылар қазір жоқ қой, болса да сирек кездесетін шығар - деді, апай.
Дариға апайдың әңгімесі басқа арнаға ауып, созылып бара жатқан соң, ойымдағы сұрақты қойып, жауабын естігенше асықтым.
- Апай, қызыңыздың, Гүлнардың әкесі не болды, сол туралы айтыңызшы? –дедім.
- Оны содан кейін көрмедім де, кездеспедім де. Адам қиналған сәтте жиі араласып жүрген жақынын, туысқанын емес, түсінеді-ау, көмектеседі-ау деп, үміт еткен, жанына жақын адамды іздейді екен. Менің оған талай хабарласқым да, іздеп барғым да келген. Бірақ, оның жанұясы бар, менің оған берген уәдем бар, менің сөзімде тұруым керек болды. Біреуді сүю деген, ол біреуге өтемелі сезім сыйлау, немесе өтемелі жақсылық жасау емес, өтемесіз сүюмен құнды, сонысымен биік. Бірнеше ай, «мені іздеме, өзім хабарласамын, хабар өзімнен болсын деген»-сөздерімнен шыға алмаса керек, одан кейін, мені іздеумен күндерін өткізген болар. Содан бір күні қарным шермиіп жүргенде, оның атынан бір адам үйге іздеп келді. Мен өтірік айтып, күйеуге тигенімді, ондай адамның есімде жоқ екенін, үйде енем бар болғандықтан тезірек кетуін өтіндім. Оның Алматыға ауысқанын, үлкен
орында істейтінін білемін, қазір Астанада жүзін жиі көріп тұрамын.
- Көріп тұрғаны қалай ?
- Солай, телевизордан.
- Апай, ол, ол дейсіз, оның аты-жөні бар ма ?
- Бар, бірақ, айта алмаймын. Ол өте жоғары орында істейді.
- Сіз оған қызы бар екенін айтқан жоқсыз ба ?
- Жоқ.
- Неге?
- Мен одан өз қалағанымды алдым, бергім келген нәрсені бердім, болды.
- Оның қызы бар екенін білуге құқы бар еді ғой- дедім тұтығып.
- Уақыты келгенде біледі, қызы туралы хат дайындап, менің қасымда болғанда ұмытып кеткен сағатын қосып, әзірлеп қойғанмын, қызыма «мен өлгеннен кейін, оның атына жібер, қиналсаң іздеп бар»-деп жаздым.
- Ол бұрын өліп қалса ше ?
- Жоқ өлмейді, беті жылтырап, менен оншақты жастай жас көрінеді. Тамақ тоқ, көйлек көк, жағдайы өте жақсы, не ішіп, не киемін демейді, бәрі бар, бәрі әзір, тек қасқабастанып, шашының түсіп қалғаны болмаса. Ол менен бұрын өлсе, білмей-ақ кетеді, бірақ, өзім тірі тұрғанда берген сөзімді бұза алмаймын.
- Апай-ау, ең болмаса атын айтыңызшы, телевизордан көргенде сіздей адамның бар ғұмырын сарп еткен адамын көріп жүрейін. Қандай бақытты адам еді.
- Жоқ, айтпаймын.
- Ең болмағанда қандай салада істейтінін айтыңызшы, шамалап көрейін.
- Айта алмаймын, ренжіме, қызыма да айтқан емеспін. Ешкімге де айтпаймын.
- Апай, содан кейін күйеуге шықпадыңыз ба?
- Жоқ күйеуге шықпақ түгіл, ол ұстаған денемді қайтып ешкімге ұстатқан да емеспін.
- Неге ?
- Алғашқыда, мен оны өте сүйетін едім, неге мені сүймеді, сезбеді, тіпті елемеді деген, бірге болғаннан кейін «мені неге өзі іздемеді, бір облыстан табу қиын ба еді, неге келмеді?»-деген өкпем болып, оны жек көруге тырыссам да, оған деген таза да, терең сезімімді еш нәрсе өшіре алмады. Оның үстіне мен өзіме-өзім оның отбасын бұзбауға, әйелінің көңіліне қаяу салмауға серт еткенмін. Мен сол өзімнің өзіме берген сөзімде тұрдым - деп, апай телевизорды қойып, каналдарын бұрай бастады.
Мен осы сәтте жұмыстағы әйелдердің кейде бір-бірінен «Қай Дариғаны айтасың?»-деп сұрағанда, апай туралы «анау кәрі қыз Дариға ше»-дейтіндерін еске алдым.
Мен бәрібір жұрттың Дариға апайды неге «кәрі қыз» атайтынын
түсінбедім. «Кәрі қыз» - деген күйеуге шықпағаны өз алдына, бала да тумаған әйелді айтпаушы ма еді?
Әлде Дариға апайдың жас кезінен бастап жеке өмірін асқан бір құпиялықпен, сырларын шашау шығармай сақтап, туған қызы туралы барынша ешкімге білдірмей өсіргендігінен шығар? Менің білетінім Дариға апай қызын туғанда жұмысынан баламен отыратын демалыста алмаған, не сәбиі ауырғанда ешқашан сәбиінің аурулығына байланысты жарамсыздық парағына да шықпаған, ауру сәбиін не еңбек демалысын, не ақысыз демалыс алып күткен. Қаңтардағы жаңа жылда балалары бар қызметкерлерге кәсіподақтан, өте жеңілдікпен сыйлықтар бергенде де Дариға апай «қажет емес»-деп, бас тартқан. Одан Дариға апайдың қызы сыйлықсыз қалмаған, қызымен бірге дүкенге барып таңдаған нәрселері мен тәттілерін алып сыйлық жасайтын болған. Пионер лагеріне де жолдама берсе алмай, өзі толық бағасына сатып алатыны туралы естігендерім есіме түсті. Мүмкін апайды сол себепті кәрі қыз дейтін шығар? Дариға апай қызын туғанын тек әкесінің алдында ғана емес, қоғам алдында да еш міндет еткісі келмегендей. Оның үстіне апай жас кезінен еркектерді қасына жолатпайтыны өз алдына, қоғамды еркектерсіз елестететіндей, олармен не әзілдесіп, не елеп, не оларға еш көңіл аудармайтын да мінезі бар.
Барлық кәрі қыздардың сезімдері осындай ғұмырлы ма? - деген сұрақ көпке дейін ойымнан кетпей қойды. Талайлардың қолы жетпеген Дариға апайдың осындай құрбандыққа барып, пәк сезімін сыйлап және өмір бойы оны қастерлеп өткен адамы қандай адам екен? Бұл құрбандық па, ерлік пе?
Р. Қамидуллақызы
Abai.kz