ПЕТЕРБОРДА ӘЛИХАН БӨКЕЙХАНҒА ЕСКЕРТКІШ АШЫЛАДЫ
Бүгін Ресейдің Сант-Петербор қаласында Алаш көсемі Әлихан Бөкейханға ескерткіш ашылады. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады.
Аталған шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин қатысады деп жоспарланған.
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Зайроллаұлы Санкт-Петерборда көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханұлының ескерткіш мүсінінің ашылуына қатысады.
Салтанатты шара Таврический сарайында ТМД ПАА штаб-пәтерінде өтеді. Осында 24-25 қарашада ТМД ПАА және ҰҚШҰ ПА шаралары өтеді деп жоспарланған.
Палата Төрағасы Нұрлан Нығматулин бастаған мәжілісмендер сондай-ақ, ТМД ПАА 45-ші пленарлық отырысына қатысады. Онда әлеуметтік үлгідегі заңдар топтамасы талқыға түспек. Сондай-ақ, қауіпсіздік, соның ішінде, экстремизм мен терроризм мәселелері де назардан тыс қалмайды.
Сапар аясында Нұрлан Нығматулиннің ҰҚШҰ ПА жиынында сөз сөйлеуі және Әзербайжан, Қырғызстан, Ресейден келген әріптестерімен екіжақты кездесулер жоспарланған.
Abai.kz