Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Жаңалықтар 3303 0 пікір 23 Қараша, 2016 сағат 13:59

340 мың алматылық Тәуелсіздіктің 25 жылдығы құрметіне сыйақы алады

Алматыда үнемделген жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік жағдайы төмен халық тобына қаржылық көмек көрсетіледі. Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының есеп беру-сайлау конференциясында партия Саяси кеңесінің Бюро мүшесі, партияның қалалық филиалының төрағасы Алматы әкімі Бауыржан Байбек хабарлады.

Оның айтуынша, қала бюджетін үнемдеп жұмсау арқылы дәрігерлер, мұғалімдер, тәрбиешілер, әлеуметтік жұмысшылар мен жағдайы төмен жандарды қолдауға қаржы бөлу мүмкіндігі пайда болды. 2016 жылы Алматыда жергілікті бюджеттен 123 миллиард теңге: жол айрықтарын оңтайландыру мен Универсиада мен құрылыс нысандарынан — 60 миллиард теңге, мемлекеттік-жеке серіктестік аясында әлеуметтік нысандар тұрғызу мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі — 56,5 миллиард теңге, мемлекеттік сатып алулар бойынша — 6,5 миллиард теңге үнемделді.

Әкімдіктің баспасөз қызметінен хабарлағандай, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, жергілікті бюджет есебінен Алматының әлеуметтік және бюджеттік сала қызметкерлері бір айлық еңбекақы көлемінде сыйақы алады, ал жағдайы төмен халық тобының әрқайсысына 50 мың теңгеден беріледі. Соманың жалпы құны 6,2 миллиард теңгені құрады, оған 114,3 мың адам сыйақы алады.

Сонымен бірге, жанұяның өзге де мүшелері ескерілгенде, 340 мың алматылық қамтылады. — 23,4 мың 1, 2 топ мүгедектеріне — 1,2 млрд теңге; — 4 мың көпбалалы анаға — 199,3 млн теңге; — 4,9 мың мүгедек бала тәрбиелеп отырған жанұяға — 243,7 млн теңге; — 19,2 мың ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне — 957,6 млн теңге.

Abai.kz

0 пікір