Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Жаңалықтар 2463 0 пікір 23 Қараша, 2016 сағат 12:59

Сайрам: Инвестиция тартуға мүмкiндiк мол

Аймақтық коммуникациялар орталығында «Тәуелсiздiк жетiстiктерi» тақырыбында аудан жетiстiктерi бойынша Сайрам ауданының әкiмi С.Сапарбаев брифинг өткiздi.

– Тәуелсiздiк алған 25 жыл iшiнде Сайрам ауданы да өсiп-өркендеп, елiмiздiң дамуына өз үлесiн қосып келедi, – дедi аудан әкiмi С.Сапарбаев.

Аудан әкiмiнiң мәлiмдеуiнше, экономикалық даму потенциалы аса жоғары болғандықтан, мұнда инвестиция тартуға мүмкiндiк мол. 2008 жылы негiзгi капиталға 6,5 млрд. теңге инвестиция тартылса, 2015 жылы негiзгi капиталға бағытталған инвестициялар көлемi 20 млрд. теңгенi құрады. Яғни, 2008-2015 жылдар аралығында инвестиция көлемi 3 есеге артқан.

Ауданда ауыл шаруашылығы, сонымен қатар қайта өңдеу өнеркәсiбi, кәсiпкерлiк салалары жақсы дамыған. Жалпы өңiрлiк өнiмi 1998 жылы 3,8 млрд. болса, 2016 жылы 90,3 млрд. теңгеге жетiп, 23,7 есеге өскен.

Ауданда 58 өнеркәсiп орны жұмыс iстейдi. Индустрияландыру картасына инвестиция көлемi 5 млрд. теңгелiк 8 жоба енген, оның 6 жобасы iске қосылып, өнiм өндiруде.

Микрокредиттiк ұйымдар арқылы 2016 жылдың басынан 1811 жобаға 1088,5 млн. теңге көлемiнде несие берiлген. «Бизнестiң жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 9 айда 1,3 млрд. теңгеге 8 жобаға қолдау бiлдiрiлген. 

– Қазiргi таңда туризм саласына ерекше көңiл бөлiнiп, табысты бизнес түрiнiң бiрiне айналды. Ауданда тарихы Абылай ханға қатысты Ханқорған төбесi бар. Сондай-ақ, Сиқым баба, Жаныс баба кесенелерiнде халық игiлiгi үшiн жұмыс iстелуде. Сайрам ауданы қалаға жақын орналасқандықтан, Ақсу, Машат, Арыс өзендерi мен Көлкент және Қырықкөл деп аталатын көлдер бойында демалыс нысандары көптеп бой көтерген. Келушiлердiң саны да жыл санап артып келедi, – дейдi аудан басшысы.

Тәуелсiздiк жылдарында алма бауының көлемi 610 гектарға өстi. Ауданда 536 гектар жер тамшылатып суару технологиясымен суарылады.

1991 жылдан бастап iрi қара мал саны 2,4 есеге, мал шаруашылығы өнiмдерiн өндiру көлемi 3 есеге өскен.

С.Сапарбаевтың айтуынша, агроөнеркәсiп кешенiн дамытуда бiрiншi кезекте аудан тұрғындарын қауiпсiз азық-түлiкпен қамтамасыз ету қажет. Азық-түлiк қауiпсiздiгi мәселесiн шешу жолдарының бiрi – отандық өнiмнiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн жоғарылату, отандық өндiрiстiң қажеттi көлемiн өндiру, ауыл шаруашылығының материалдық-техникалық базасын кеңейту. Самат Айдарханұлы тiлшiлермен болған кездесуде күнделiктi халыққа қажеттi тамақ өнiмдерiнiң 20 түрiнiң 18-i, яғни, қант пен тазартылған күрiштен басқа өнiмдердiң барлығы Сайрамда өндiрiлетiнiн мақтан еттi. Сондай-ақ, коммуналдық, әлеуметтiк, сәулет, құрылыс, бiлiм, мәдениет, спорт салаларындағы жетiстiктердi жеткiзген аудан әкiмi бұл бағыттағы жұмыстардың одан әрi жалғасатынын мәлiмдедi.

Abai.kz

0 пікір