Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2738 0 пікір 22 Қараша, 2016 сағат 13:30

Аянов пен Боқаев ісі: Прокурорлар сегіз жыл сұрады

Атырауда өтіп жатқан атышулы Аянов пен Боқаев ісі бойынша прокурорлар бас кейіпкерлерді сегіз жылға бас бостандығынан айыруды сұрап жатыр.

Прокурор Қасым Сыдықов «Талғаттың да, Макстың да айыбы толық дәлелденді» деп мәлімдеді. Оның айтуынша, 24 сәуірдегі жағдайдың соңы жаппай тәртіпсіздікке әкелуі мүмкін еді. «Толқу кезінде алаң жанынан өтіп бара жатқандар мен көшеге серуендеуге шыққан азаматтарға қауіп төніп,  бизнес нысандар да зардап шегуі мүмкін еді. Аталған екеудің алдын ала ұйымдасқан түрде әрекет еткендері де толық дәлелденді» деп атап өтті ол.

Мемлекеттік айыптаушы Марат Хабибуллин да «сотталушылардың кінәсі толық дәлелденді» деген пікірін білдірді. Бұған дейін сотта «сыра королі» Төлешов жер мәселесін желеу еткен митинг сынды шаралар ұйымдастыру үшін Аяновқа 100 мың доллар көлемінде «сыйақы» бергенін, алдын-ала келісім кезінде Талғаттың өз қызметін 150 мың долларға бағалағанын куәгерлер айтып берген болатын.

Аяновтың «жақын досымын» деп, ант-су ішкен Кибраев та, бас кейіпкер Талғаттың Атыраудағы митингке алдын ала дайындалғанын, тіпті оның жоспары бойынша халықты алаңда бірнеше күн ұстауға әрекеттенгенін мәлімдеген еді. «Қаражат жағынан демеушілерім бар» деп мақтанған Аянов арнайы қызмет өкілдерінің қырағылығынан қуыстанып, 50 мың долларды Алматыға сапары кезінде Есілбаевқа «сақтай тұр» деп, тастап кеткен болатын.

Міне, бірнеше сағат бойы осындай дәлелді фактілерді санамалап өткен айыптаушы тарап Боқаев пен Аяновты тағылып отырған барлық айыптар бойынша 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Әрине, қорғаушы тарап жағы прокурорлармен келіспей жатыр, дегенмен нақты дәлелдер айтпады. Бұл түсінікті де. Себебі, екі айға жуық уақыт ішінде сотталушылардан кінәні толық жуып-шаятындай бірде бір нақты дәлел келтіре алмаған адвокаттардың әрекеті олардың іске дайындықсыз кіріскенін көрсетіп отыр.

Қалай десек те, бір жарым айдан бері Атырауда өтіп жатқан сот процесі финалдық шешімге келе жатыр. Бізге белгілісі, Аянов пен Боқаев бұл іске тектен тек бармаған. Мультимиллионер Төлешовтің өзі айтпақшы, ақшаның буы бәрібір әсер етпей қоймайды. Желкеден шыққан жүз мың долларды адвокаттар қанша жерден жасырып бақса да, атам қазақтың «жел болмаса, шөптің басы қимылдамайды» деген тәмсілі бәрібір ойландырмай қоймайды...

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5566