ӘКІМ КӘСІПКЕРДІҢ ТОРТЫН ЖЕП, ЭЛЕКТР ТОҒЫН ЖЕТКІЗІП БЕРДІ
Нұрлан Ноғаев торт сатып алған ауыл дүкенінің жұмысы жүріп кетті.
Осыдан бірнеше ай бұрын Нұрлан Ноғаев Атырау облысының аудандарын аралап шығып, халықпен кездесіп, мұң-мұқтажын тыңдаған еді. Сол сапарының барысында облыс әкімі Тұщықұдық ауылындағы тәтті тағамдар сататын дүкенге бас сұққан болатын. Аймақ басшысының қандай көмек керек деген сауалына кәсіп иесі Райхан Ермұханова (суретте) жаңадан сатып алған пештерін іске қосу үшін қуаты 380 вольт тоқ керек екенін айтып, осы мәселені шешуге жәрдемдесуін сұраған болатын.
Осы әңгімеден соң бірнеше күннен кейін тоқ тартылып, кәсіпкер жұмысын жаңа қарқынмен бастады. Оның айтуынша, өндірісті кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланып отыр.
Ауылдық кәсіпкер "Жұмыспен қамту 2020" бағдарламасы аясында 3 миллион теңге несие алған. Ол кейін осы ақшаға цех салып, қажетті құрал-жабдықтарын сатып алыпты.
Айта кетелік, жазғы сапарында Нұрлан Ноғаев осы цехтан 2 мың теңгелік торт сатып алған еді. "Шағын және орта бизнеске қолдау біздің басты жұмысымыз. Кәсіпкерлерге көмекті аямаймыз", - деген еді сонда аймақ басшысы.
Abai.kz