Астанада "Қазақ аруы" сұлулық байқауының финалы өтті
Астанада "Қазақ аруы" сұлулық байқауының финалы өтті. Батыс Қазақстан облысының атынан шыққан Нұргүл Асанова жеңімпаз атанды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бірінші орынды қызылордалық Зухра Сайпи алса, екінші орынға Ақтөбе облысынан Гүлжанат Жұмажанова лайық деп танылды. Ал үшінші орын Қарағанды облысының намысын қорғаған Айгерім Орынбековада.
Конкурсқа Қазақстан қалаларынан 16 ару қатысты. Биыл кастингке 16-22 жас аралығында 600-ден аса қыз қатысқан. "Қазақ Аруы" байқауы Қазақстанда алты жылдан бері өтіп келеді. Байқау жыл сайын наурызда өтеді. Жобаға қатысушылар қазақ тілін жетік білуі тиіс, қазақ халқының әдебиеті, тарихы және салт-дәстүрі салаларында білімі болуы керек. Бұл сұлулық байқауы болғандықтан, барлық қатысушы зияткерлік жағынан ғана емес, шашы ұзын әрі сұлу болуы керек.
Әр жылдары бұл конкурста Гүлназ Жоланова, Кәмшат Қоскелова, Айгерім Қанатбаева, Айғаным Өтепбергеновалар жеңімпаз атанған.
Қазылар алқасының құрамында жобаның продюсері әрі идея авторы Баян Есентаева, тележурналист Айгүл Мүкей, дизайнер Аида Кауменова, тележүргізуші Динара Сәтжан, ақын Қалқаман Сарин, әнші Бүркіт, Астананың мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұлов, "Қазақ аруы-2016" гран-при иегері Альмира Ахатова, Астана циркінің директоры Ерік Жолжақсынов бар. Ал алқа төрайымы ҚР Парламент Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова.
Abai.kz