Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
25409 0 пікір 8 Наурыз, 2017 сағат 11:50

ШЕКАРА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ҚАНДАСТАРДЫҢ ҚАЛТАСЫН ҚАҒУДЫ ҚАШАН ТОҚТАТАДЫ, САҒЫНТАЕВ МЫРЗА!

Үкімет басшысы Б.Сағынтаев пен

ҚР Бас прокуроры Ж.Асановтың назарына!

Құрметті, Бақытжан Сағынтаев, Жақып Асанов мырзалар! Өмір бойы жиған-тергенінен бір-ақ сәтте Қазақстан шекарасына келіп айырылған ананың қазіргі жағдайыын Сіздерге естіртуді өзімізге парыз санап отырмыз.

Оқиғаның толық мән-жайы былай...

Мәуітхан Гүлжан ақпан айының 8-і күні Қытайдан Қазақстанға балаларымен және інісімен бірге көшіп келу үшін ШҚО Зайсан ауданына қарасты «Майқапшағай» кедендік бекетінен өтеді.

Күйеуінен жастай жесір қалып, екі баласын өмірдің небір тауқыметін тарта жүріп ер жеткізген Гүлжан Қытайдағы өзіне тиесілі үйі мен бар дүние-мүлкін сатып, ол ақшаға Астана қаласынан үй алуды көздеген екен.

Шекарадан өткен екі кішкентай баламен қоса есептегенде жеті адамның қалтасында жалпы жиыны 59,900 АҚШ доллары болған. Яғни, Мәуітхан Гүлжанның өзінде - 19,700, бірге туған інісі Мәуітхан Мұқияттың қалтасында - 10,500, ұлы Мұқташұлы Әділбектің жанында - 9,900, жиені Сайлан Мейрамбектің қалтасында - 9,900, жиен келіні Гүлжанат Солтікеннің қалтасында 9,900 АҚШ долары болған.

Гүлжан Мәуітханның айтуынша, оларды Майқапшағай кеден бекетіндегі шекара қызметкерлері бақылау терминалынан «құжаттарыңыз толық, бәрі заңды» деп өткізген.

«Шекара торынан Қазақстанға қарай шығарып салатын автобусқа отырған кезімізде артымыздан қуып келіп, қайта тексерді. Меніңше, бұлай істеуі заңға қайшы. Сосын, бәрімізді бақылау терминалына қайта тізіп алып кіріп, шешіндіріп, қойны-қонышымызды ақтарды. Тіпті, жылағанына қарамай, 3 жастағы және 8 жастағы екі баланы да шешіндіріп, тұла бойын тінтіп шықты. Жоғарыда аталған бесеуміздің қалтамыздан шыққан 59,900 АҚШ долларын түгелдей сыпырып алды. Бізде жолда тамақ алып ішетін, жолға төлейтін, қонақ үйге жататын көк тиын ақшамыз қалмай, екі ортада дағдарып қалдық. Ақыры бір таныс кісілердің көмегімен Зайсан қаласына келген кезде менің жүрек ауруым ұстап, есімнен танып, жедел жәрдеммен емханадан бір-ақ шықтым. Ол жерде де тағы бір қырсық дайын тұр екен. Көші-қон заңы бойынша, Қазақстан азаматтығын алғанша осы елдің азаматы ретінде қаралатын «ықтиярхат» куәлігім болса да емханадағылар: «Сіз шетел азаматы екенсіз. Емделуіңіз де ақылы болады» деп басымызды қатырды. Шырқырап жүгірген ұлым Алматыдағы таныстарынан ақша алдырып, емханаға жатып, зорға аман қалдым», – дейді ол.

«Атажұртым бар» деп алыстан ат терлетіп келген жесір ананың басындағы бұл ауыр жағдай туралы енді құзырлы орындарға арыздану үміті тұр.

«Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының 1997 жылғы 18 шілде күнгі №10 нормативтік қаулысының 6-2 бөлімінде «Адам қолма-қол және (немесе) ұлттық валюта және (немесе) жол шектері контрабандасын жасаған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндетті жазбаша декларациялауға жатпайтын, яғни, баламасы 10 мың АҚШ долларынан аспайтын мөлшердегі оның бөлігі контрабанда мүлкі ретінде танылмайды және адамға тағылған айып көлеміне енбейді. Осы сома иесіне қайтарылуы тиіс», - деп анық көрсетілген.

Ал шекарадан өткен кезде декларация толтырмаған жағдайда белгіленген көлемнен көп емес мөлшерде асып кеткен ақшаға заң бойынша айыппұл салынып, иесіне қайтарылуы тиіс дейді заңгерлер.

Олардың қолындағы бұл ақшаның қайдан алынғаны жайлы Қытайдың Көктоғай аудандық құрылыс басқармасының анықтама қағазы да бар.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1974