Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 6511 0 пікір 24 Ақпан, 2017 сағат 09:48

CАРАЙШЫҚ АСПАН АСТЫНДАҒЫ МУЗЕЙГЕ АЙНАЛАДЫ

Атырау облысына жұмыс сапары барысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Сарайшық қалашығын сақтау мәселесі бойынша кеңейтілген отырыс өткізді, - деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі. 

Сарайшық қазақ даласындағы ең көне тарихи орындардың бірі саналады. Тарихшы ғалымдар оның пайда болуын XIII ғасырда, яғни Шыңғыс хан мен Батудың жасаған шапқыншылығымен байланыстырады. Әзірге белгілі болған деректерге сүйенсек, бұл орын туралы жазба мәліметтер XIV ғасырдың алғашқы жартысынан басталады да, оларда Сарайшық гүлденген қолөнері мен сауда қаласы болғандығы айтылады.

Сарайшық туралы алғашқы жазба дерек қалдырған арабтың белгілі географ-ғалымы, саяхатшысы Ибн-Батута. Ол өзінің саяхаттарының бірінде, 1334 жылы «Үлкен Сарай» қаласынан шығып (Сарай-Берке - Алтын Орданың астанасы), Азияға жасаған сапарында Сарайшық қаласында болған. Бұл жөнінде ол: «Біз Сарайшық қаласынан ат жеккен арбамен он күн жол жүріп, Сарайжүк қаласына жеттік. Бұл «Ұлысу деп аталатын» үлкен, терең, ағысы қатты өзеннің жағасындағы гүлденген әсем қала екен және дүние жүзіндегі Бағдаттан кейінгі екінші жүзбелі көпір осында екен» дейді.

Бұдан Сарайшықтың сол замандағы дүниежүзіндегі ең маңызды қалалардың бірі болғанын аңғарамыз. Демек министрліктің бұл мәселеге назар аударуы қуанарлық жағдай.

Сарайшық мәселесін талқылаған кеңейтілген отырысты Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев ашты. Отырысқа депутаттар, танымал қоғам қайраткерлері, жергілікті атқарушы билік өкілдері, жетекші тарихшылар мен археологтар, атап айтқанда ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Енсегенов, ғалымдар Зейнолла Самашев, Карл Байпақов, Бүркітбай Аяған, Берекет Кәрібаев, философ Ғарифолла Есім, зиялы қауым өкілдері Есенғали Раушанов, Мереке Құлкенов және т.б. қатысты.

Талқылауда Атырау қаласынан 55 шақырым жердегі Жайық өзенінің оң жағасында орналасқан көне Сарайшық қалашығын қалай сақтау мәселесіне арналды. 

Ескерткіштің құжатына сәйкес, оның ауданы 100 га. құрайды, алайда ескерткіштің аумағы Жайық (Орал) өзені шаюының әсерінен жылдан жылға азайып келеді. Қазіргі таңда қалашықтың басым бөлігі Жайық (Орал) өзенінің әсерінен бұзылған. 

Атырау облысының әкімдігі 2013 жылы ҚР Үкіметінің тапсырмасына сәйкес  құрылған «Сарайшық» қалашығын сақтап қалу мәселесін талқылау жөніндегі ведомствоаралық комиссия шешімі бойынша Жайық өзенінің жағалауын бекіту бойынша жұмыстарды жүзеге асырған.

Сарайшық қалашығын сақтап қалу мәселесіне қатысты кеңейтілген кеңесте аталмыш мәселеге жүйелі, бірізді қарау есебімен бірегей тарихи ескеркерткішті сақтаудың алдағы қабылданатын шаралары талқыланды.

Отырыс барысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ведомстваның республика аумағында тарихи және мәдениет ескерткіштерін сақтап қалу бойынша мақсатты жұмыс жүргізіп жатқандығын атап өтті. Қазіргі таңда Қазақстанда 220 тарих және мәдениет, археология, архитектура және монументалдық өнер ескерткіштері бар.    

Арыстанбек Мұхамедиұлы, министр:

- Біздің басты мақсатымыз – көне Сарайшық қалашығының табиғи бұзылуын тоқтату. Біз бұл бірегей мәдени ескерткішті сақтап қалып, болашақ өскелең ұрпаққа табыстау үшін бар күшімізді салуымыз қажет. Бұл жерде әкімдікке жағалауды бекіту жұмыстары бойынша қабылданған шаралар үшін алғысымды білдіргім келеді. Бекіту жұмыстарын жүргізгеннен кейін археологиялық зерттеулер өз жалғасын табатын болады. Археологиялық қазбалардан кейін бірден реставрациялық жұмыстарға көшетін боламыз.

Жоғарыда аталғандай, Мәдениет және спорт министрлігі көне Сарайшық қалашығында ғылыми-реставрациялық және консервациялау жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, бұл жерде туристерді тарту үшін көне Тараз қалашығы үлгісінде ашық аспан астында музей ашу қолға алынатын болады. 

Жалпы, алғанда Сарайшық аспан асты музейге айналдыруға тартырмайтын орын. Сарайшық қалашығы орналасқан 100 га жер қазақтың өткенінен сыр шертеді, XIII-XVI ғасырларға тән жәдігерді тарихи-мәдени орталыққа айналдырып, туристерді тартуға әбден болады.

Осыған дейінгі археологиялық зерттеулер нәтижесінде Сарайшықтан Шығыс пен Батыстың ортағасырлық өркениетті орталықтармен сауда-экономикалық және мәдени байланысы туралы ақпарат беретін және Алтын Орда дәуірінің қалалық мәдениетінің бай материалдары табылған. Ол материалдың әрқайсысы жәдігер ретінде аспан асты музейіне қойылса, ұрпаққа өнеге болары ақиқат.

Археологиялық зерттеу барысында қалашықта нумизматикалық материалдардан басқа қалалықтардың көптеген күнделікті қолданыс заттары табылған: қыштан жасалған заттар (құман, құмшы, шығыр, құмыралар, көзелер, шырақтар, түбектер, кесе, пияла ) өсімдіктер мен зооморфты өрнектер және түрлі араб шрифтімен, сонымен бірге, трапезундық және қырым амфораларыныњ бөлшектері, қытай фарфорынан жасалған табақтың бөліктерімен безендірілген. Қазбалар барысында көптеген сүйектен, темір мен қоладан жасалған бұйымдар кездеседі. Одан басқа, ортағасырлық моншаның қалдығы табылып, зерттелді. Сарайшықта салтанатты сәулетті сарайлар, керуен-сарайлар, моншалар, мешіт-медреселер және басқа да ғаламат ғимараттар салынған. Оларды атақты сәулет өнері мектептерінен өткен дарынды шеберлер тұрғызған қаланың өте тамаша жобаланып салынған түзу де кең көшелері мен алаңдары болған. Қаланың келбетінен шығыстың әсері айрықша байқалады. 

Қош! Сарайшық жөнінде жазба дерек қалдырған ағылшын көпесі Антоний Дженкинсон (орыс патшасы 6 Иван Грозныймен дос болған) еді. Ол 1558-1559 жылдары Каспий теңізінің солтүстік және шығыс жағалауына саяхат жасауы кезінде Сарайшық қаласына соғады. «Теңізден бір күндік сапарда үлкен өзен жағасындағы гүлденген Сарайшық деген қалаға келдік. Бұл қала орыс патшасымен көңілдес Измаил деген татар князінің қол астында екен. Шығыс пен Батысты байланыстыратын керуен жолының үстінде болғандықтан қолөнері мен саудасы дамыған қала екен» деп жазған.

Орта ғасырда талайдың таңдайын қақтырған ұлттық құндылықты Жайықтың суы шайып кетудің алдында тұр. 

Оны қорғап қалу - әр қазақтың борышы!

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5341