ДІНІМІЗДІҢ ИСЛАМ ЕКЕНДІГІН АТА-ЗАҢДА БЕЛГІЛЕУ - ҚАТЕ
Таяуда «Abai.kz» порталында «Дініміздің ислам екендігі – Ата заңымызда көрсетілуі керек!» атты Б. Айнабековтің жарияланымы жарық көрді. Мақалада автор Елбасының бүкілхалықтық талқылауға шығарған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңының жобасына қатысты өз ұстанымын білдіріпті.
Дегенмен, ақын әрі жазушы ағамыздың аталмыш жарияланымды талдай келе, ондағы ұсынымы қоғам ішінде екіұдай, қате пікірлердің туындауына септігін тигізуі мүмкін-ау деген күдік көңілді кеуледі. Осыған орай, Б. Айнабековтің ұсынымын талқыға салып, тиісті қорытындысын жасауды жөн санадық.
Сөз басын Жаратушының есімімен бастаған Б. Айнабеков «дін мемлекеттен бөлек» деген қағидатты қазіргі Конституциямызда атеистік кеңес өкіметі кезеңінен қалып қойған «ақтаңдақ» деп, Ата заңымыздың «ел тағдыры мен тарихына назар аудармай» қабылданғанын, сондай-ақ бұл заңның «өз атына сай жұмыс жасап тұрған жоқ» екенін атап өткен.
Сонымен қатар автор өз жарияланымында елімізде зайырлылық қағидаттарын нығайтуға бағытталған «зайырлы мемлекет дінсіз мемлекет емес, дінді теріске шығармайды, керісінше, әрбір адамның діни сенім бостандығын қамтамасыз етеді» деген зайырлылықтың түсіндірмесін жалғанға шығарып, қабылданған заңды ақтамайтындығын да тілге тиек етеді.
Елбасымыз Н.Назарбаев өзінің сөзінде: «Зайырлы мемлекет пен қоғам бұл – біздің тарихи таңдауымыз. Зайырлы атеистік дегенді білдірмейді. Зайырлы дегеніміз бұл – озық, толерантты, ашық қоғам. Біз дәстүрлі діндерге қолдау көрсетіп, кез келген экстремизм түрін үзілді-кесілді мойындамаймыз. Жастарды радикалды діни ағымдардан қорғауымыз қажеттігіне сенімдімін. Сондықтан, Қазақстанның діни қайраткерлері бұл жолда жұмыс атқарады деп ойлаймын» деген болатын. Яғни автор бұл орайда Елбасының сөзіне қарсы шыққанын болжай алмай қалған тәрізді.
Атүстілеу пікірлерін дәйектеп тұжырымдау үшін Б. Айнабеков Конституцияда қамтылған екі норманың бір-біріне қайшы келіп тұрғанын алға тартады. Олардың бірі – «Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі мемлекеттік органды Қазақстан Республикасының Президенті құрады», ал екіншісі – «дін мемлекеттен бөлек» деген нормалар. Алайда, автор бұл тұжырымды келтіруден бұрын Ата заңның мазмұнына бір көз жүгіртіп алуы қажет еді. Себебі, бұл екі норма да Конституцияда кездеспейді.
Ал «мемлекет дін мен діни бірлестіктерден бөлінген» деген норма
ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 3-бабының
1-тармағында айқын көрсетілген. Дегенмен, бұл норманың қызметі автор атап кеткендей «мемлекет өзі шығарған заңға қайшы келмей, діннің ішкі жұмысына түбегейлі араласпауы керек» дегенді білдірмейді. Оның мағынасы аталмыш заңның 3-бабының тиісті тармақтарында таратылып түсіндірілген. Ол тармақтардың мазмұны төмендегідей:
3-тармақ: Ешбiр дiн мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде белгіленбейді;
5-тармақ: Заңды діни қызметке кедергі келтіруге, жеке тұлғалардың дінге көзқарасы себептері бойынша азаматтық құқықтарының бұзылуына немесе олардың діни сезімдерін қорлауға, қандай да бір дiндi ұстанушылар қастерлейтін заттарды, құрылыстар мен орындарды бүлдіруге жол берілмейді;
6-тармақ: Әркім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес діни немесе өзге де нанымдарды ұстануға, оларды таратуға, діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға және миссионерлік қызметпен айналысуға құқылы;
7-тармақ: Діни қызметшілер, миссионерлер, діни бірлестіктердің басшылары немесе қатысушылары (мүшелері) болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтары саяси өмiрге Қазақстан Республикасының барлық азаматтарымен бірдей тек өз атынан ғана қатыса алады.
8-тармақ: Дін мен діни бірлестіктердің мемлекеттен бөліну қағидатына сәйкес мемлекет Қазақстан Республикасы азаматының, шетелдік пен азаматтығы жоқ адамның дінге және ұстанатын дініне өз көзқарасын айқындауына, ата-аналардың немесе балалардың өзге де заңды өкілдерінің балаларды өз нанымдарына сәйкес тәрбиелеуіне, мұндай тәрбиелеу баланың өмірі мен денсаулығына қатер төндірген, оның құқықтарына қысым жасаған және жауапкершілігін шектеген, сондай-ақ Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысына, егемендігіне және аумақтық тұтастығына қарсы бағытталған жағдайларды қоспағанда, араласпайды.
Жарияланым авторы Б. Айнабеков «егер Ата заңда көрсетілгендей мемлекет шынымен діннен бөлек болатын болса, онда Елбасы қол қойған соңғы заңның заңсыздығы ешбір дәлелді қажет етпейді» дей отырып, 2011 жылы қабылданған ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңына қайшы деп көрсетуге тырысты. Мұндайда мемлекеттің дін саласын реттейтін заңның басты мақсаттары мен қызметтерін автордың назарына қайта салған жөн дер едік. Өйткені мемлекеттің діни қызметті реттейтін заңы ең алдымен уәкілетті органның және жергілікті атқарушы органдарының діни қызмет және діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша құзыретін айқындау үшін қабылданған.
Қазіргі таңда діни қызмет саласын реттеуші уәкілетті орган – ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Қазақстан Республикасының Конституциясын, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңын және басқа да заңнамалар мен нормативтік-құқықтық актілерді басшылыққа алып, ел аумағында заңды тіркелген діни бірлестіктердің қызметін, соның ішінде діни іс-шараларды ұйымдастыру, миссионерлік қызметті жүзеге асыру, діни мазмұндағы әдебиеттер мен ақпараттық материалдарды шығару және тарату, сондай-ақ басқа да діни қызмет түрлерін ҚР Конституциясы мен заңнамаларының аясында орындалуын қадағалайды.
Келесі бір сөзінде жарияланым авторы «заң арқылы өз дінінен бөліп тастау – бұл қазақ халқына заңмен жасалған қиянат» деген ойын білдірді. Осы пікірін күшейтпелі шыраймен жеткізу мақсатында автор «Үкімет терроризм, экстремизм туралы заң қабылдап, исламды дұшпан етіп көрсетуді дәстүрге айналдырды», сондай-ақ «олар исламның қадір қасиетін түсінбей табалап, таптап тастауға тырысуда» деген секілді айыптауларды алға тартты.
Осыған орай, Б. Айнабековті еліміздің Ата заңымызға қайта назар салуға шақырамыз. Конституцияға сәйкес Қазақстан Республикасы әрбiр адамның діни сенім бостандығы құқығын құрметтейтiн демократиялық, зайырлы мемлекет болып табылады. Қазақстан өз халқының рухани мұрасымен үйлесетін дiндердiң мәдени және тарихи құндылығын және конфессияаралық келiсiмнiң маңыздылығын, дiни төзiмдiлiктi және азаматтардың дiни нанымдарын құрметтейді. Зайырлы мемлекеттің діни сенім бостандығына қатысты ұстанымы тіпті Құрандағы: «Дінде зорлық жоқ» («Бақара» сүресі, 256-аят), «Бұл ақиқат (Құран) Раббыларыңнан» де. Сонда кім қаласа сенсін» («Кәһф» сүресі, 29-аят) деген аяттардың мағынасымен үйлесетіндігін айқын көрсетуге болады.
Автордың «үкімет исламды дұшпан етіп көрсетуді дәстүрге айналдырды» немесе «олар исламның қадір қасиетін таптап тастауға тырысуда» деген негізсіз айыптаулары мемлекеттік органдардың мәртебесі мен қызметіне нұқсан тигізуге бағытталған жала ретінде қабылдануы мүмкін. Себебі, құзыретті мемлекеттік органдардың қызметі қатаң түрде тек заң шеңберінде жүзеге асырылады. Ал экстремизм және терроризмге қарсы іс-қимылды реттейтін заңнамалық нормалар мемлекеттің тұтастығына, қоғамның тыныштығына және жеке адамның саламаттығына зиян тигізуді көздейтін нышандарды жою үшін қабылданған. Олардың исламды дұшпан етіп көрсетумен, қадір-қасиетін таптаумен үш қайнаса сорпасы қосылмайтыны түсінікті. Керісінше, автордың бұл орайда еліміздегі бүкіл мұсылман жамағатының басын қосып, белсенді қызмет етіп отырған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметі мемлекет заңдары аясында қамтамасыз етілетінін еске алғаны жөн болар еді.
Біз бүгінде мемлекеттік-конфессиялық және конфессияаралық қатынастарды дамытуға, адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қол жеткізсек, ол ең алдымен зайырлылық қағидаттарын нығайту арқылы жүзеге асқанын мойындауға тиіспіз.
М.Ж. Муслимов, ҚР ДІАҚМ ДІК «Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы» РММ Діни бірлестіктерді зерттеу бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері.
Abai.kz