Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
11551 0 пікір 14 Ақпан, 2017 сағат 16:25

САПАРБАЕВ ТАП-ТАЗА АДАМ БОЛСА, ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕССІН!

Бүгін «Ұла Дала қырандары» қоғамдық қозғалысының мүшесі Айдын Егеубаевқа сотқа шақыру қағазы келіпті. Бұл туралы Айдын Қалдыбайұлы өзінің «Фейсбук» желісіндегі парақшасында жазды.

ҚР Әділет министрлігінің қарамағындағы Астана қалалық Әділет департаменті Айдын Егеубаевты «борышкер» ретінде әкімшілік сотқа келуді қатаң міндеттеген.

Шығыс Қазақстан облысының экс-әкімі Бердібек Сапарбаев пен белсенді Айдын Егеубаевтың арасындағы даудың ушыққанына біраз болған. Егересте екі жақ та итжығыс түсіп жатыр. Осы жолы Айдын Егеубаев өзінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасында «Маған қарсы күрес басталды!» деп жазды. Әкімнің «былығын» әшкерелеген Айдын  Егеубаевтан мәселенің мән-жайын сұраған едік.

- Айеке, мынау не қылған шақырту?

- Сот орындаушылардың шақыртуы. Шығыс Қазақстанның біршама жерін Қытайлық компанияларға Заңсыз берген Бердібек Сапарбаевпен арада болған сотта біз жеңіліс таптық. Содан айыппұлды «Today.kz» сайты мен маған бірдей міндеттеді. Енді міне, сот орындаушылар сот шешімін орындамағаным үшін, ҚР Әкімшілік кодексінің 669 бабы бойынша әкімшілік сотқа беріпті.

- Сонда сомасы қанша, әлгі айыппұлдың? Сосын «Today.kz» бірге бөліп төлейтін болсаңыздар, олар туралы неге еш жерде айтылмайды?

- 100 мың теңге. Оның 15 мыңға жуығын мен төлегенмін. Ал сол соттан кейін, менің «Today.kz» сайтына шыққан, Сапарбаевқа қатысты мақаламды теріске шығаратын материал беруім керек болды. Мен сот шешіміне сәйкес, терістемені дайындап, Today.kz-ке бердім. Бірақ, белгісіз бір себептермен олар әлі жариялаған жоқ. Сосын мен сайтты да сотқа бердім. 9.02.2017 жылы алғашқы отырыс болды. Астана қаласы Есіл аудандық сотында ақпанның жиырмасы күні Today.kz-ке қатысты сот отырысы өтеді.

- Сонда сіздің Сапарбаевқа қатысты барлық айыптауларыңыз күшін жойғаны ма?

- Жоқ. Шығыс Қазақстан облысының экономикалық мамандандырылған сотында мен Сапарбаевтың Заңсыз әрекеттерін толық дәлелдеп шықтым. Судья Шакенова деген кісі болды. ШҚО-дағы 91,443,1 гектар жердің Қытайлық компанияларға Заңсыз берілгенін дәлелдедік. Сот шешімі биылғы жылдың 24 қаңтарына бастап күшіне енуі тиіс болатын. Сапарбаев осының барлығын терістеп отыр.

- Енді не істемексіз?

- Маған өткенде қолында құзыреті бар бір кісілер «Сапарбаевтан кешірім сұрай салсаңшы» деген ұсыныстар айтты. Жоқ, мен неге Сапарбаевтан кешірім сұрауым керек. Егер Бердібек Сапарбаев тап-таза адам болса, келсін. Сол жерде халықпен кездесу өткізейік. Бетпе-бет кездесейік. Ол кісі халықшыл әкім еді ғой. Халықпен кездессін, бізбен кездессін. Мәселені сонда талқылайық! Мен бұл ұсынысты біраз жерде айттым. Әзірге әкім мырзадан жауап жоқ.

- Уақыт бөліп, мәселенің жәй-жапсарын айтып бергеніңізге рақмет.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1975