Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 5469 0 пікір 13 Ақпан, 2017 сағат 10:19

Тұрсын ЖҰРТБАЙ. «КӨЗ ЖАСЫҢ ӨРТЕП БАРАДЫ» (жалғасы)

Жазушы, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Бесігіңді түзе!..» кітабының жалғасы. Өткен бөлімдерін мына сілтемелерден оқи аласыздар:

http://abai.kz/post/view?id=7271       

http://abai.kz/post/view?id=7292    

http://abai.kz/post/view?id=7363    

http://abai.kz/post/view?id=7851    

http://abai.kz/post/view?id=7819    

http://abai.kz/post/view?id=7851

http://abai.kz/post/view?id=7963

http://abai.kz/post/view?id=8004

http://abai.kz/post/view?id=8164

http://abai.kz/post/view?id=8190

http://abai.kz/post/view?id=8438

http://abai.kz/post/view?id=8635

http://abai.kz/post/view?id=8747

http://abai.kz/post/view?id=8925

http://abai.kz/post/view?id=8955

http://abai.kz/post/view?id=9050

http://abai.kz/post/view?id=9536

http://abai.kz/post/view?id=9857

http://abai.kz/post/view?id=10194

http://abai.kz/post/view?id=10277

http://abai.kz/post/view?id=10532

http://abai.kz/post/view?id=10740

http://abai.kz/post/view?id=10973

http://abai.kz/post/view?id=11107

http://abai.kz/post/view?id=11260

http://abai.kz/post/view?id=11485

http://abai.kz/post/view?id=11583

http://abai.kz/post/view?id=12512

http://abai.kz/post/view?id=12602

 

 

IV 

 

Мен үшiн туған жердiң босағасы осы Күшiкбай асуынан басталады. Бiрақ Шыңғыстың самалын сағынған оқудағы Абай мен өскен ортадан жырақтау жүрген Мұхтар салған жол, Абай мен Мұхтар аттың белiн суытып, су iшкен, жан рахатын шақырған қасиеттi бастау ғой бұл. Кiмдер дәм татпады дейсiз. Шоқан Уәлиханов, Федор Михайлович Достоевский, Семенов-Тянь-Шанский, Григорий Потанин, ағылшын Джордж Кеннан, поляк Адольф Янушкевич, Абай, Әсет, Кемпiрбай, Сұлтанмахмұт, Шәкерім, Сәбит Дөнентаев, Мұхтар, Ғабит, Сәбит, Ғабиден, Қалибек, Жүсіпбек сусынын қандырған бұлақ. Абайтанудың, Әуезовтанудың алғашқы бетi осы Күшiкбай асуынан ашылды.

«Қорғансыздың күнi» сол бастауға мәңгiлiкке орнатылған көркем ескерткiш сияқты. Солай болып та отыр.

Ол кезде мынау бауыры жерге жабысқан ескi қыстаудың мұржасынан түтiн созыла шығып, жанай өткен жолаушыны шақыратын. Жүдеу тiрлiгiмен де жылы ұшырайтын.

Қазiр иесiз. Иесiз емес-ау, елеусiз.

Бұл бастаудың рухани өмiрiмiздегi қадiрiн Мұхтар шығармаларын басынан бастап аяғына дейiн қаз-қатар, көз суытпай оқып шыққанда ғана толық түсiнесiз. Тұңғыш әңгімесiн де, «Абай жолы» эпопеясын да осы асуды суреттеуден бастауы тегiн емес. Жотаның арғы бетi... ауыл. Белеңге шығысымен қарсы алдыңнан самал еседi. Сан рет тағдыр талқысынан оралып, елге қайтқанда, Күшiкбай асуынан шыға келгенде, сахараның көгiлдiр шымылдығы тәрiздi мұнарлана созылып Шыңғыстың сiлемi көрнедi. Көлiгiн тоқтатып қойып, кеудесiн самалға тосып, жас тұнған жанарымен сары даланы ыстық сағынышпен құмарта қарап тұрады екен. Керi оралғанда да сол көрiнiске ұзақ қарап, үнсiз қоштасып барып, ойға түседi екен. Соңғы рет Күшiкбай асуына Мұхтар 1957 жылы 22 қыркүйек күнi шықты. 24 қыркүйек Күшiкбай асуында тұрып, соңғы рет Шыңғысқа бұрылып қарады.

Өйткенi, Семейден Шыңғыс көрiнбейдi, алматыдан Шыңғыс көрiнбейдi, Мәскеуден де көрiнбейдi. Ол үшiн тек Күшiкбай асуына шығу керек.

Бiз де сол Күшiкбай кезеңiне шығар жолдағы бұлақтың басында тұрмыз. Таспен қиылып өрiлген тұма суы мөлдiрей ағады. Бiр кезде жас ару Ғазизаның мұңлы-мұңсыз күндерiнiң белгiсiн iздегендейсiн. Тал шыбықтай белi қайысып осы бұлақтан су алуға келiп, тұнық тұмадан жүзiн көрiп, ұзақ-ұзақ сүзiле қараған шығар. Бетiн жуып, сергiген шығар. Сол бейне, сол бiр сурет жетпей тұрғандай. Шiркiн, әр бұлақтың басына тасқа өлең қашап жазған армян ағайындардың пейiлi-ай! Мына бұлақтың жанында шашы көзiне түскен, ауыр мұңды да сергiтiп тастағысы келгендей қимылы сезiлiп, қолымен бедерi, тас қабырғаға ойылып салынған бейнесi елестейдi. Күндердiң күнiнде солай болар-ау, болар.

Ендiгi бағыт – Шыңғыс. Мұхтардың өзi кейiпкерлерiнiң бетiн Шыңғыстауға бұрып қойып бастайтын ғадетiн сүйекке сiңiргiмiз келедi.

«Қорғансыздың күнi» әңгiмесi де жолаушы адамды үнсiз тербеткен ой толғауының әсерiнен, қаладан Шыңғысқа қайтып келе жатқанда туған едi ғой.

 

 

«КӨЗ ЖАСЫҢ ӨРТЕП БАРАДЫ»

 

 

    «Мен әрқашан өзiмнiң басымнан кешкен жайларды ғана бейнеледiм; жалаң қиялға жармасу маған жат едi өмiрдiң менен де гөрi ұлы екендiгiн үнемi есiмде ұстадым».

 

                                   Гете.

 

 

   «Мен еңбек сiңiре... алмадым. Ендi мiне!.. Өзiм де екi талайдың үстiнде жатырмын!–деп Мейiрханға қолын созып, бұның қолынан ұстап: – Менi сөкпейсiңдерме?.. Менде жазық жоқ қой» – дедi... Аздан соң басын қайта бұрып алып, шешесiне қарап: «Өзгенiкi – өзге-ау, сенiң күнiң не болады? Сенi кiмге тастаймын?.. Алдымда өлмедiң-ау!» – деп, басын шайқап жылағандай болып, кемсеңдеп тағы терiс қарап кеттi...»

 

Мұхтар Әуезов.

«Оқыған азамат».

 

 

I.

 

Адам өмiрге келедi. Үмiтпен күн кешедi. Жарық дүниемен қоштасып, көз жұмады. Табиғат заңы солай. Кез келген өлiм – қасiрет емес. Бiрақ та. Соның iшiнде «жүрегеңдi көздiң жасы өртеп кететiн», көкейiңдегi арман көгерiп келе жатып, көмiлiп кеткен қыршын жастың қазасы – ниет-пейiлi ортақ, жаны-қаны туыс жақындарының көңiлiн жаралап-ақ кетедi. Егер де марқұмның соңында қалғандардың қиянаты өтiп, әруақты қорлағандай күйiнiшке ұласса, өксiк ащы запыранға, қыжылға айналады. Мұндай күйкi әрекет, әсiресе, сол адаммен жастық шағын, мақсат жолындағы күрестi күндердi бiрге өткiзген серттескен досын, творчество адамын қатты күйзелтедi.

Сондай ауыр күндi Мұхтар 1921 жылдың ақпан, наурыз айларында басынан кештi. Және сол уақытта творчествоның тәттi дәмiн татып, қуанышын да көрiп едi. Сөз орайында, жазушы өмiрiндегi тосын жағдай ретiнде, үлкен өзгерiстердiң нышаны байқалған тұста, елеулi ренiштердiң ұшырасатынына назар аударған едiк. Бұл жолы да солай болды.

Жаз айында көңiлi қалаған қарақат көздi, қолан қара шашты, талдырмаш, аққубаның әдемiсi Кәмила Мағауия қызымен көңiл қосты. Күздiң аяғында губерниялық қазақ бөлiмiн басқарды. Қыс күндерi губревкомның төрағалығына сайланды. Жақсылыққа жақсылық қосылды. «Ес-аймақ» атты мәдени-ағарту ұйымы ашылып, қазiр ұзын-ырғасы ғана мәлiм, iз-түзсiз жоғалып кеткен «Ел ағасы» пьесасы сахнады қойылып, бүкiл Семей шаhарын дүрiлдетiп, табыспен өттi. Фабрика, завод жұмысшыларының сұрауымен, барлық кәсiпорындарында дерлiктей қойылып шықты. Жан жадыратар мұндай қуанышты сыйлаған – Мұхтардың он үш жастағы шәкiрттiк кезден табысқан 1917-1921 жылдардың арасындағы аласапыранда тағдырын бiр шүберекке түйген досы Сейт Тоқымбаев едi. Екеуi «Абай» журналының негiзiн қалған жастар ұйымының «Уақ-қарыз серiгiнiң» мүшесi болды. Естелiктердiң ығымен айтсақ, бiр-бiрiмен «төскейде де, төсекте де» бастары қосылған, ажырамас азаматтық достық танытыпты. Адамдық парызы, мақсаты ортақ жандарлы ажал оқыстан айырды. Затондағы «Сiбiр бурлактары» клубында «Ел ағасы» спектаклiн қойған Сейт үйiне ауырып қайтады да, бiр аптадан соң дүниеден өтедi. Замана толқындарында қайықтың екi ескегiн тең ұстаған сыңарынан айырылу Мұхтарды қатты күйiнiште қалдырды. Адал, iскер, өнерлi жастың өлiмi Семей жұртшылығының да жанына батты. Мұхтар өмiрiнде тұңғыш рет «жоқтау мақаласын» (некролог) жазды. Ол өзi редакторлық еткен «Қазақ тiлi» газетiнде «Ел ағасының» қойылғанынан тура бiр ай өткен соң, 21 наурыз күнi басылды. „Күйiнiштi өлiм” деп берiлген жоқтауда: «Осы жылы 3 мартта... Қазақ жастарының халық ағарту «Ес-аймақ» ұйымының бастағы Сейтқазы Тоқымбайұлы мерзiмсiз тағдырға кез болып, бауыры суық қара жерге тапсырылды. Сейтқазы... Семей уезi Көкен елiнiң қазағы жасы 22-де едi. Әуелі мұсылманша, одан кейiн орысша двухклассный школге түсiп оқып, жiгерлi, талапты, қатарлы жастың бiрi болып келе жатыр едi. 1918 жылы... «Уақ-қарыз серiгiне» мүше болып, шын ынтасымен қызмет қылып, кедейлердiң басын бiрiктiрiп, соңғы декабрь өзгерiсiне дейiн өнiмдi уақ-қарызда қызмет қалып тұрды. Жас қазақ жастарының басын қосып, басшылық қылып, «Ес-аймақ» ұйымын басқарып, не қылса да халықты ағарту жолына кiрiсiп, ақырғы демiне шейiн қызмет қылып өттi.

21 февральда затондағы қазақ жұмысшыларына сауық қойып, содан ауырып қайтты, тәуiр болмай, бiр жұмадан соң қайтыс болды. Есiл қыршын, жалынды жас жолдасымыз, сенiң өлiмiң жүрекке кетпестей ауыр жара салып кеттi. Дегенiңе жетпей, арманда жас кеттiң. Сенiң мезгiлсiз тағдырдың кермесiне кез болғанныңа жолдастарың болып қатты қайғырамыз қамығамыз, күйiнемiз...» делiнген.

Жиырма екi жасында тосын дерттен қыршынынан қиылған жас жiгiттiң ұйымдастырған «Ес-аймақ» ұйымы кейiн Семей театрының негiзiне айналды. «Жоқтауға» қол қойған өнерлi жастар Уәли, Шәкiмен, Құсайын, Жүнiс, Омар, Кәбiр, Әжен, Кенжебектер өкiнгендей, Сейттiң бойында талай асыл қасиеттер ашылмай кеттi. Алғашқы режиссердiң бiрi болған азамат, өзiнiң тiршiлiктегi игiлiгiнiң жемiсiн көре алмай көз жұмды. Өз өлiмiнен соң да есiмiнiң ел-жұрт есiнде қалар-қалмасын таразылай алды ма жоқ па. Кiм бiлсiн. Бiрақ артында қалған кәрi анасының, жалғыз қызының шеккен қасiретi арқылы да жүрт «жүрегiнiң көз жасымен өртенгенiн» болжады дейсiң бе?

Мұхтардың да жанына батып, ашындырған сол жөнсiздiк, мейiрiмсiздiк.    

Сөйтiп топырағы кеппей жатып, әйелi Хапипа күйеуiне жанашыр боп жүрген Смағұл Әмзеұлына тұрмысқа шығады. Жолдасының кәрi анасын боздатып кiшкене қызды қоса алып кетедi. Артынан Сейттiң үйiн өз аттарына аударады. Күйiкке шыдамаған ана жынданып өледi. Осы қатыгездiкке бүкiл Семей қаласы наразы болып, шаштары тiк тұрады. Бұл адам естiмеген сұмдық едi.

Осы бiр қайғылы оқиғадан соңғы Сейттiң үй-iшiнiң тағдырын «Оқыған азамат» атты әңгімесiнде кешегi асыл азаматтың рухын қорлағандардың қасиетсiздiгiн көкiрек қыжылын төге отырып жазады. Естiп-бiлген, зерттеген жайды емес, өзi тiкелей араласқан, көрген оқиғаны қағазға түсiрдi.

(жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1480
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475