ЖЕР МӘСЕЛЕСІ. ХАНЗУЛАРДЫҢ НЕ ОЙЛАҒАНЫ БАР?
ИІН ҚАНДЫРАМЫЗ ДЕП ЖҮРІП, ШИІН ШЫҒАРЫП АЛМАЙЫҚ, АҒАЙЫНДАР!
Шетелдіктер мүлікті, жерді бекерге алмайды. Әубаста Қазақстан мұнайын игереміз деп жиырма жылға келген Қытай, бүгінде Қазақстандағы өз мерзімін 50-60 жылға және ұзартып алғаны белгілі. Енді олар «келесі кезекте» - деп өз ықпалын мұнайдан «басқа мүліктерімізді» (тұрғын үй, әлеуметтік кешендер, өндіріс орындары-зауттар мен кәсіпорындар т.б) түпкілікті иелену, кәсіпкерліктің мұнайдан басқа да бағыттарын кеңейту үшін Қазақстанда ұзағынан қалу жолында іргесін бекемдей түсуге кірісті.
Қытайдың мақсаты белгілі, алдағы жылда талай билік ауысып, заңдарға өзгеріс еніп (біздің заңдардың үнемі бір қайнауы ішінде, қашанда шикі болатыны белгілі), өздеріне қолайлы жағдай туғанда «ЖАЛҒА АЛҒАН ЖЕРІН, БАСҚА ДА МҮЛІКТЕРІН» айырылмастай етіп заңдастырып, өз менешіктеріне яки біржола иеленіп алу. Қытайлықтарға, басқа да шет-елдіктерге көрсетілген бұл «ҚАМҚОРЛЫҚ» уақыты келгенде олардың қоғамдағы белсенділігін көтереді. Мұның соңы дәлірек айтқанда өздерінің дербес әлеуметтік субъект ретінде жер мәселесінде, меншік бөлісінде бара-бара басқа да жасырын жатқан өмір сүруіне қажетті талаптарды шығаруына әкеледі.
Қарыз алған жақтың қарызды берушінің алдында қашан да кіріптар болып қалатыны қалыпты жағдай. Екі дүниенің тайталасы туындай қалса, бір күндері меншік, мүлік, жер мәселесі «МАЙДАН ДАЛАСЫ» болып шыға келуі де ғажап емес. Қытайдың бізді қоғаша жапыратын саяси-экономикалық, «әскери күшінің» барына ешкім дау айта алмас. Мүлік, меншік, жер мәселесінің тек қана әлеуметтік-экономикалық емес, одан да күрделі – қоғамымыздың тыныштығы мен тұрақтылығын сақтауға тікелей байланысы бар екендігін, оны қайта-қайта ушықтырып, қарапайым халықты ашындыра беруге болмайтынын ескеруге тиіспіз.
Жалпы қытайлықтармен басқа да шете-елдіктермен екі арадағы болып жатырған «МҮЛІК САУДАСЫ» аса сақтықты, һәм сауаттылықты талап ететінін бабаларымыз да ескерткен еді. Ендеше шетел инвесторларының жымысқы іс-әрекеті Үкіметтің, өкілетті билік Парламенттің, жергілікті мәслихаттардың, бейресми ұйымдар мен саяси партиялардың, қоғамның қатаң бақылауына алынуы тиіс мәселе. Ендеше, еліміздің ішкі-сыртқы саясатының, тұрақтылықтың иін қандырамыз деп шиін шығарып алмайық Ағайын!
Н.Қошаманұлы
Abai.kz