Жұма, 22 Қараша 2024
Мәйекті 5659 0 пікір 26 Қаңтар, 2017 сағат 15:26

АҚЫЛБЕК ШАЯХМЕТ. КАСКАЛАР МЕН МАСКАЛАР

Каскалар  мен  маскалар

Касканы жауынгерлер жаудан қорғану үшін, құрылысшылар кездейсоқ  апаттан сақтану үшін киетіні белгілі. Велосипедшілер, мотоциклшілер, хоккейшілер де каска кимей жарысқа шықпайды. Өрт сөндірушілер мен судан құтқарушылар каскасы да өмірді сақтау мақсатын көздеген. Танкистер мен ұшқыштардың бас киімдері (шлемдері) де каска мен масканың қосындысы.   

Масканы кісінің беті-жүзін жасыру мақсатында карнавалдарда, театрда, медицинада және спортта қолданған. Жын шақырған бақсылар да бетперде киіп зікір салатын. 

Қазір касканы полицейлердің басынан көреміз. Өйткені, олар көшедегі азаматтардан қорғанады. 

Масканы қарақшылардың бетінен көреміз. Өйткені, олар беттерін көрсетуге арланады. 

Кейбір аярлар жолыққанда бетіне қарап күліп тұрады. Бірақ, бетіне маска кимесе де, маска киіп алған адамдай, ар жағында былық тұрады. 

Касканы дос қана, масканы қас қана киеді екен деп те ойламаңыз. Маска мен касканы қатар қолданатындар тіпті көбейіп кеткен секілді. Каска мен масканы басқалар кисін, менен аулақ жүрсін деу де қиын.  

Жар астында жау жоқ демеңіз. Басыңызда каска болсын.

Елдің бәрін дос санамаңыз. Бетіңізде маска болсын.

 

Тиын мен Теңге

Бір отырыста жүз теңгелік Тиын мен он мыңдық Теңге сөзге келіп қалды. Отырысты жүргізіп отырған Тиынның: «Теңге тиыннан құралады» – деп сөз бастауы Теңгеге жақпай қалды.

–  Әй, балақай! – деді ашуға булыққан Теңге. Мына сөзді менен басқа ешкім естімейтін болсын.  Дүкендердің сатушылары алдымда құрақ ұшады. Тіпті Банктің өзі мені құрметтейді. Сонда сен өзіңді кім деп білесің.

Тиын да бірбеткей еді.

– Ағатай-ау! Тиын болмаса, сіз екі аяғыңыз аспаннан салбырап түспеген шығарсыз, – деп еді, Теңге тіпті құтырынып кетті.

– Мен баспахана бояуы әлі кеуіп үлгермеген Теңгемін. Судай жап-жаңамын. Мен байлардың жанқалтасында жүремін. Сен болсаң қайыршының дорбасында жүресің.

Тиын не күлерін, не жыларын білмеді.

– Менен атағыңыз басым болса да, құныңыз көп болса да, Сіз еуро мен доллардан аса алмайсыз ғой, – деп еді.

– Жә, тіл мен жағыңа сүйенбе. Қазір менің дәуренім. Ал сенің қолыңнан шылдырлағаннан басқа не келеді. Көп болса дүкеннен шырпы немесе сағыз алуға ғана шамаң келер, – деді Теңге.

– Ұсақ ірі болмайды деп ойлама. Алыптар майдаланбайды деп ойлама, сіздің түбіңіз қағаз, менің түбім қалайы, – деді Тиын. Теңге аузын аша алмай қалды. Тиын болса:

– Тиын ауыр ма? Теңге ауыр ма? Теңгені тиынға айналдыру оп-оңай. Тиыннан теңге жасау қиын. Ұсақталу  оңай. Ірілену қиын. Ұсақ-түйекті ұсақ ақшаға да сатып алуға болады. Тиынды жақтырмасаң, теңгең көбеймейді. Тиыннан теңге құралады. Теңге тиын болмаса суалады, – деп бастырмалатып барып тоқтады.

Талас соңы не болды дейсіз бе?

Теңге де тозды. Ақыры жыртылды.

Тиын болса озды. Жылдар өткенде мұражайдан орын алды.

 

Визитка

Кездесу басталуға бірер минут қалғанда Астанадан келген құрметті қонақ жүргізушіге визиткасын ұсынды. Басқалардың мұндай таныстыру қағазы тілдей болушы еді, бұл визитка жып-жылтыр, оның үстіне А-4 форматындағы қағаздың тұтас бір бетін алып жатыр екен. Оған көз жүгіртіп өткен кеш жүргізушісі: «көрсетілген атақтар мен лауазымдарыңызды қысқартып айтқаным дұрыс шығар»,- деп еді, оған қонақтың қабағы түйіліп кетті.

- Жоқ, - деді ол, - мұндағы аудитория мені танымай қалуы мүмкін, сондықтан, қағазда жазылғанды түгел айту керек.

Жиналыс та басталды. Жүргізушінің жұртпен амандасуынан кейін қонақты таныстыруы он минутқа созылды.Арасында қол шапалақтаулар да жиі болды. Өйткені, атағы дардай қонақтың әрбір атағына қол соғу отырғандарға міндет секілді көрінген.

Пәленшеев Пәленше Пәленшеұлы – қолға түспейтін, арнайы шақырмаса, елге келмейтін қадірменді мейман деп бастаған жүргізуші оның атақтарын жіпке тізе бастады: Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Юнеско халықаралық ұйымының алтын медаль иегері, Біріккен Әлем халықтары жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан және Ресей жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның және Қырғызстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, философия ғылымдарының кандидаты, әлеуметтану ғылымдарының докторы, Еуразия Ұлттық Унитверситетінің құрметті профессоры, Қазақ Республикасының Ұлттық  академиясының толық мүшесі, халықаралық ақпараттандыру Академиясының академигі, Ресей Ұлттық Ғылым Академиясының  корреспондент-мүшесі, Ресей педагогика және әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, Түркияның әдеби сыйлығының жеңімпазы, Қазақстанның тұңғыш көппартиялық кәсіби парламенті – Жоғарғы кеңестің экс-депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Шолохов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты, Қырғызстан Республикасының «Алтын қалам» әдеби сыйлығының иегері, республикалық «Тәуелсіздіке тарту» жабық бәйгесінін Гран-при иегері,тәуелсіз «Тарлан» байқауының лауреаты, номер бірінші «Халықтар достығы» орденінің иегері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның құрметті журналисі, республиканың еңбек сіңірген қайраткері, мәдениет қайраткері, «Тіл жанашыры» төсбелгісінің иегері.

Осы араға келгенде демі жетпей қалған жүргізуші елдің қол соққан қошеметін пайдаланып, бір тыныстап алды да, сөзін одан әрі жалғастырды: ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының төралқа мүшесі,АҚШ-тың Невада штатының, Татарстанның Қазан қаласының, Башқұртстанның Уфа қаласының, Ресейдің Санкт-Петербург қаласының, Алматы және Астана қалаларының, Солтүстік Қазақстан облысындағы Шал ақын атындағы ауданға қарасты Мағжан ауылының құрметті азаматы, Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданының, Алматы облысының Кербұлақ ауданының құрметті азаматы, республиканың шахматшылар клубының Президенті, футбол федерациясының вице-президенті, ұлттық спорт федерациясы президиумының мүшесі, Қалибек Қуанышбаев атындағы Астана театрының көркемдік кеңесінің мүшесі, ҚР Мәдениет министрлігі жанындағы көркемдік кеңес төрағасының орынбасары, Аграрлық университеттің Қамқоршылар кеңесінің төрағасы.

Жүргізуші маңдайының терін сүртіп, орнына отырған соң кезек қонаққа келді. Оның не айтып, не қойғанын тәптіштеп жазғым келмеді. Өйткені, «етікші қайрағын айтады, ұста сайманын айтады» демекші, толып жатқан қызмет асуынан асқан белсенді қайраткер өзінің осы атақ, дәрежеге қалай жеткенін асықпай, саспай баяндаған болатын.

Менің тапқан олжам, кездесу соңында әлгі бір жапырақ қағаздың біреуі маған да бұйырды. Үйге  апарып, архивке керек болып қалар деп қағаздарымның арасына салып қойдым.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5315